ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ДИІРМЕН ТАСТЫ ТАРТУ ЕТТІ

Сонау 9-12 ғасырларға жататын Диқан ауылының оңтүстігінде 1 шақырым, «Сарыкемер – Диқан» тас жолының шығысында 500 метр қашықтықта әрі «Талас» өзенінің сол жағалауында орналасқан «Төрткүлтөбе» бекінісі Жамбыл облысы, Байзақ ауданының тарих және мәдениет ескерткіштері жинағына №47 ескерткіш ретінде енгені белгілі.

2010 жылы «Археологическая экспертиза» ЖШС-і «Ескерткіштер жинағы» экспедициясы (С.Ақылбек, Ш.Құдабаев) зерттеп, құралмен жоспарын түсіріп, координаттарын алған. Ескерткіштің пішіні шаршы тәрізді, өлшемі – 150х150 м, биіктігі – 2 м, жалмен қоршалған алаң түрінде. Қабырғалары дүниенің төрт тарапына қараған. Бұрыштары мен қабырға бойынан мұнара іздері байқалады. Оңтүстік қабырға ортасында қақпа орны сай түрінде жатса, ішкі беті – тегіс болып келеді.

Үстіміздегі жылдың далалық маусымында Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының Талас археологиялық отряды (жетекшісі: Е.Ш.Ақымбек) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің 2021–2023 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру аясындағы «Талас өңірінің ортағасырлық төрткүлдері және мәдени ландшафты» атты тақырыптағы жобасы (жетекшісі Е.Ш. Ақымбек) бойынша Төрткүлтөбе бекінісіне зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ескерткіштің орта ғасырларда қандай қызмет атқарғандығы және қолөнері мен шаруашылығын, хронологиясын анықтау мақсатында, аталған бекініске қақпадан кіргенде сол жағындағы, аумағы 15 мтер, биіктігі 0,7 метр болатын шағын төбесіне қазба жұмыстары жүргізілген. Төбешікке көлемі 50 шаршы метр болатын қазба жұмыстары 0,7-1,3 метрге дейін тереңдетілген. Қазба жұмыстары барысында керамикалардың сынықтарымен бірге қол диірмен тастың үстіңгі тасы анықталған. Таудың тасынан жасалған диірмен тастың диаметрі 33 см, ортасындағы тесігінің диаметрі 4 см, қалыңдығы 5 см құраған. Қазба жұмыстары нәтижесінде орта ғасырларға жататын құрылыстың қалдықтары және керамикалық заттар және бір диірмен тастың беті табылған.

Ph.D доктор, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, «Орта ғасыр археологиясы» бөлімі мен «Археологиялық технология» зертханасының меңгерушісі Ералы Шардарбекұлы «Музейге сый» акциясы аясында, орта ғасырлық жәдігерлерді, атап айтқанда, диірмен тастың беті мен аттың тағасын аудандық тарихи — өлкетану музейіне сыйға тартты.

Айнагүл МАМЫТБЕКОВА, Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы