Қордайда саябақ пен жағажайды кәсіпкерлер салады

Елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыру арқылы ауылдардың ажары ашылып, шырайлана түсері хақ. Осы ретте Жамбыл облысы Қордай ауданының орталығында қарқынды жұмыстар қолға алынып, талайды тамсандырар тың тірліктер жандануда. Соның бірі — «Достық» саябағы мен жағажай құрылысы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Туған жерге туыңды тік» жобасы аясында ауданның атқамінер азаматтары мен кәсіпкерлерінің қолдауымен салынып жатқан саябақтың іргесі ағымдағы жылы қаланған. Айта кетсек, жалпы көлемі 7,4 гектар аумақты алып жатқан саябақ болашақта мәдени іс-шаралар мен демалуға, серуендеуге арналған қоғамдық орынға айналмақ. Мұнда орталық алаңша, сахна мен стелла, аллея мен субұрқақ орнату жоспарланып отыр. Сондай-ақ балаларға арналған ойын алаңшалары мен атракцион салынбақ. Саябақта балалардан бөлек, жастар мен ересектердің де жағдайы қаралған. Соның бір айғағы ретінде жақын арада осында бой көтеретін спорттық жаттығу алаңын, үстел ойындарына ыңғайластырылған орындарды, велосипед пен жүгіруге арналған жолақтарды айтуға болады. Мұнда арнайы жоба бойынша көк шырша, боз арша, қарағай, талшын, емен, қайың, қызғалдақ, жөке ағашы мен үйеңкі секілді 800-ге жуық сәндік көшет отырғызу жоспарланған. Аудан әкімі Болатбек Байтөленің айтуынша, бұл саябақ елді мекендегі ең теңдессіз тынығу орындарының біріне айналады екен.


— Бұл Қордайда бұрын-соңды болмаған саябақ болғалы тұр. «Достық» деп аталуының да маңызы тереңде. Өздеріңізге белгілі ауданда отыздан астам ұлт пен ұлыс өкілі тұрады. Сол достығымыздың, бірлігіміздің символы ретінде ақылдаса келе, саябақтың атын «Достық» деп қойдық. Болашақта бұл алқапта көпқабатты үйлер мен көптеген нысандар бой көтеретін болады. Бұл нысандар тек ауыл емес, аудан тұрғындарының игілігіне жарайды. Саябақта серуендеуге арналған орындар ғана емес, спорт алаңдары мен балалардың ойын алаңдары да жұмыс істейтін болады. Бұдан былай мәдени-көпшілік шаралар да осы саябақта өтеді. Сондықтан «Достық» саябағына әркім өз үлесін қосып, көгалдандыру, көріктендіру жұмыстарына атсалысуда, — дейді аудан әкімі.
Қордай ауылын көркейту жұмыстары мұнымен шектелмейді. Аудандық әкімдіктің тағы бір жоспары — Қордай ауылы ортасынан өтетін магистральді канал жағасынан жағажай салу. Бұл жұмыстар бүгінде басталып, енді жақын арада тұрғындардың серуендеуіне өте ыңғайлы, сүйікті орындарының біріне айналғалы тұр. Жобаға сәйкес жағажай М.Әлімбаев көшесінің бойымен канал жағалай Аңырақай көшесімен өтіп, Өтеген батыр көшесіне дейін жалғаспақ. Сонымен қатар, Төле би көшесінен Қазыбек би көшесіне дейінгі аймақ та абаттандырылып, тұрғындарға ыңғайластырылмақ.
— Мұндай ауқымды тірлікті көргенімде таңғалғаным жасырын емес. Кешкі уақытта канал жағасында балалармен серуендесең қандай ғажап. Бұрын мұндай демалыс орнын тек армандаған болсақ, енді міне бізде де бар деп мақтанышпен айта аламыз. Осындай игі істер көбірек болсын деп тілеймін, — дейді қуанышын жасыра алмаған ауыл тұрғыны Елена Платонова.

Саятхан Сатылғанов