Меркіліктер той тойлаудың тың тәсілін тапты

«Той — халықтың қазынасы» дейді. Алайда бүгінде тойдан да «тойғандар» аз емес. Әсіресе, аптаның алты күні тойда болатын қазақ таңды атырып думандатудан шаршағандай. Оған қоса, түн ортасына дейін созылған тойдың соңы төбелеспен аяқталып, түрлі келеңсіздіктер орын алып жатқаны да рас. Осыған орай, Жамбыл облысы Меркі ауданы той тойлаудың тың тәсілін тауып отыр. Мұнда мерейтойлар сағат түнгі 00.00-де аяқталып, мейрамханалардың есігі тарс жабылуда.

Мұндай әдісті Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков ойлап тауып, кәсіпкерлерге ұсынған.
— Шындығын айту керек, қазір ауылдағы тойлар кеш басталып, таң атқанша созылып жатады. Одан халық та шаршайды, той иесінің де мазасы кетеді. Ал ішімдік ішкен жастар жағы таңға созылған тойдың соңын төбелеске айналдырып, тіпті абақтыға түсіп жататын кездері көп. Бұл қылмыстық көрсеткіштің өсуіне әкеліп соқтыруда. Міне, осыны ескере отырып былтырғы жылдан бастап Меркі ауданындағы тойларды сағат түнгі 00.00-ден асырмай аяқтау туралы шешім шығардық. Бұл шешім негізінде тойхана иелері, той беруші, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі және жергілікті учаскелік полицей төрт жақты меморандумға қол қойды. Осы құжат арқылы тойхана иесі мен той беруші азамат мерекелік думанды сағат 00.00-де аяқтауға уағдаласса, учаскелік полицей той біткенше қауіпсіздік мәселесіне қырағы қарауға кепілдік береді. Егер той беруші мәміле шартын орындамаған жағдайға оған әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, айыппұл салынатын болады. Қазір аудандағы кәсіпкерлердің барлығы осыны түсініп, тойды белгіленген мерзімде аяқтауда. Тіпті, кейбір азаматтар тойды күндіз жасауға көшкен.
Әрине, бастапқыда той беруші мен тойхана иесін бірдей тәртіпке шақыру қиын болды. Себебі, он жылда бір келетін жақсылығының кім тез бітіп қалғанын қаласын? «Отыз күн ойын, қырық күн тойын» жасап үйренген қауымның таңды-таңға ұрғысы келетіні белгілі. Бірақ үгіт-насихат жұмыстарының арқасында тойды ерте бастап, мерзімінде аяқтау бәріне бірдей тиімді екенін түсіндірдік. Нәтижесінде қазір Меркі ауданында түн жарымында музыкасы ойнап, жарығы жанып тұрған тойхананы көрмейсің, — дейді Мейірхан Азатұлы.
Иә, аудан әкімінің мұндай тың бастамасы шынында таңдай қақтырады екен. Оған қоса, пайда жолында бәске бәрін тігуге әзір кәсіпкерлерді бір тәртіпке бағындыру қандай мақтауға да лайық. Десе де, Меркіде өтетін тойға тек аудан тұрғындары ғана емес, алыстан ат артып ағайын да келетіні белгілі ғой. Және асабалар да жергілікті жерден емес, сырттан ағылып жататыны анық. Оларға тойды 00.00-де бітір деп қалай талап қоюға болады?
Облысымызға танымал асаба Ринат Нұрақбаевтың айтуынша, бұл өте құп көретін бастама екен.
— Той созылған сайын елдің мазасы қашатыны жасырын емес. Ал тойдың кеш басталуына тікелей қонақтар кінәлі. Біз тойханаға барып, халықтың жиналғанын 2-2,5 сағат күтіп отырамыз. Бұл біздің уақытты босқа өткізіп жатқанымыз. Егер шын жанашыр адам болса, ол тойға айтқызбай-ақ ерте келуі керек. Алайда көбісі бір-бірін күтіп, сағат 21.00-де тойға кешігіп келіп жатады. Одан кейін тойды өз уақытында аяқтап көр.
Негізі қазір халық әбден тойдан шаршаған. Аптаның алты күні тойда болатын қазақ «той ерте аяқталса» екен деп отырады. Бұл жасырын емес. Өзіміз де түнгі сағат 02.00-ге дейін той жүргізсек, ертесіне бүкіл жұмысымыз қалады. Себебі шаршайсың. Міне, осындай келеңсіздіктер орын алмас үшін меркіліктер бастаған бастаманы облыс көлемінде қолдану керек деп есептеймін, — дейді Р.Нұрақбаев.
Бұл оймен талантты тамада Ардақ Ибрашев те келіседі. Ол тіпті той сағат 00.00-де аяқталуы жанның рақаты болды деп отыр.
— Жуырда ғана Меркі ауданына тойға барып қайттым. Той иесі ескерткендіктен ерте жарықта жетіп, той сценирийін бірге құрып алдық. Халық та үйреніп қалыпты. Сағат 20.00-де тойға жиыла қалды. Содан тойды сағат 23.00-де бітіріп, біз де ырза, той иесі де ырза тойхананың есігін жауып қайттық. Әттең, осындай бастама Тараз қаласында да көтерілсе ғой. Бәріміз үшін тиімді болар еді, — дейді асаба.
Осы орайда бір ескеретіндігі, «Археолог қазғанын, асаба жазғанын айтатынын» ойласақ, туған-туысты түгел түгендеп шығатын сансыз тостан тамадаларға тойды ерте аяқтау қиынға соғатыны айтпаса да түсінікті. Мұндайда не істемек керек? Аудан әкімі Мейірхан Өмірбековтың айтуынша, олар бұл мәселені де жіті зерделеп, ауылдағы тойларды аудандық мәдениет үйінің әртістері жүргізсін деген бастама көтеріп жатыр екен. Және тойлардың сценарийі думанның белгіленген уақытта аяқталуына ықшамдалып жасалынып жатқан көрінеді. Яғни, тойда тек төрт «тост» айтылып, бесіншісі сөйлеймін дегендерге жалпылама беріледі екен. Осылайша аудан өз тойларын өздері жүргізетін жаңа жоба жасауда.
Бір қырынан қарасаң, санаға сыйғызуға қиын нәрсе. Той иесіне «асабалыққа ауданның өнерпазын ал» деп қалай міндеттеуге болады? Бес, он, бәлкім елу жылда бір келген жақсылығына «жұлдыздарды шақырма, той тізгінін елімізге танымал тамадаға ұстатпа» деген сынды шектеулерді қалай қоюға болады? Асаба Ардақ Ибрашевтің айтуынша, бұл бос әурешілік екен. «Егер той иесі тамадамен ерте жолығып, ақылдасып алатын болса, қайдан келген асаба болса да сол төрт тосыңды беріп, тойыңды дер кезінде аяқтап береді. Егер ертең мен той жасайтын болсам, жергілікті әкімдік қалай ғана маған өзім қалаған әртістер мен тамаданы шақырма деп талап қоя алады? Бұл санаға сыймайтын нәрсе», — дейді ол.
Осылайша өңірге танымал тамадалар өз ойларын ашық білдіруде. Және олар егер мұндай бастама Тараз тойларына жетсе, қос қолдап қолдайтындықтарын айтуда. Осы орайда, облыс орталығындағы бірқатар тойханаларға хабарласып, жаңа өзгеріс бола қалса, олар оны қалай қабылдайтындықтарын білген едік.
— Негізі тойдың ерте біткені біз үшін жақсы. Дастарханды ерте жиыстырып, қызметкерлерімізді де өз уақытында үйлеріне қайтарамыз. Оған қоса, ерте біткен тойдың соңында төбелес те болмайды. Егер учаскелік полицей той барысын бақылап жүретін болсы, тіпті тамаша. Мен өз басым меркіліктердің бастамасын қолдаймын, — дейді «Гаухартас» мейрамханасының меңгерушісі Қарлығаш Шалдарбаева. Мұндай ойды «Астория» тойханасының иесі Дина Байманова да айтуда. Оның сөзіне сүйенсек, бұл бастама сенбі, жексенбі емес, жұмыс күндері өтетін тойлар үшін таптырмас амал екен.
Әрине, бұл орайда біз біреудікі дұрыс, әлде бұрыс деуден аулақпыз. Той ортасында жүрген өнер иелері мен тойхана басшыларының өздері тың тірлікті қолдайтындықтарын айтуда. Және тағы бір айта кетерлігі, жуырда Т.Рысқұлов ауданы да көрші аймақтың бастамасына үн қосып, Құланда тойды 00.00-де аяқтау туралы шешім шығарды. Құлан ауылдық округінің әкімі Мұрат Иманбаев, ауылдық ақсақалдар мен ардагерлер кеңесінің төрағалары, кәсіпкерлер мен аудан жастары қатысқан жиында той өткізудің жаңа жобасы бірауыздан мақұлданып, сәуір айынан бастап күшіне енетін болып бекітілді. Осылайша құландықтар да той өткізудің тың тәсіліне көшіп, бұқараны қолдау білдіруге шақыруда. Алайда мұндағы жұрт жаңа жүйені әзірге толықтай қабылдай алмай жатқандай. Олай дейтініміз, өткен сенбіде Құлан ауылындағы «Алтынсарай» мейрамханасына барып, өтіп жатқан той барысын бақылып көрген едік. Рас, халық 20.00-де жиналғанымен, той түнгі сағат 01.00-де аяқталды. «Көш жүре түзетінін ескерсек» жайшылықта тойды таңғы 05.00-те аяқтап жататын құландықтар үшін бұл үлкен олжа.
Әрине, жаңашылдыққа бірден бой үйрету оңай нәрсе емес. Алайда Меркі мен Т.Рысқұлов аудандарының жергілікті билігі ұсынып жатқан жобалары қос қолдап қолдауға тұрарлық. Бәлкім, уақыт өте тойды тек түнгі сағат 00.00-ге дейін өткізу туралы бастама барлық аудандарға жетіп, облыс орталығында да қолдау табар. Ол енді уақыт еншісіндегі нәрсе.
Ал, сіз тойыңыздың ерте біткенін қалайсыз ба?

Саятхан Сатылғанов