ӨНЕРІН ТУҒАН ХАЛҚЫҢА АРНАҒАН ӨНЕРЛІ ОРДА

Ауданымыздағы Жаңатас қалалық балалар өнер мектебі музыка және көркемөнер бағытында қосымша білім беретін өнер ордасы.
Аталған өнер ордасы оқушыларға домбыра, қобыз, баян, вокал, фортепанио кластарында сабақ беріп, осы бағыттарда үйретіп, дайындайды. Сонымен қатар, өнер мектебінде сурет салу, қолөнер бойынша «Бейнелеу өнері және сәндік қолданбалы өнер» бөлімі жұмыс істейді.
Бұл мектептің оқушылары барлық бағыт бойынша облыстық, републикалық, халықаралық байқаулардың лауреаттары.
Бүгін аудандық мәдениет үйінде Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің «Өнеріңді туған халқыңа арна» атты есеп беру концерті өтті.
Есеп беру концертіне аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудан ардагерлері, мекеме басшылары, аудан тұрғындары қатысты.
Концерт басталмас бұрын Сәкен Үмбетұлы бастаған көрермендер аудандық мәдениет үйінде орналасқан өнер мектебінің «Шексіз қиял» атты көркемөнер көрмесін тамашалады.
Шара барысында аудан әкімі Сәкен Мамытов сахна төріне көтеріліп, сөз сөйледі. Аудан өнерін өрістетуде үлкен еңбек сіңіріп жүрген өнер ордасының ұжымына алғысын білдірді. Көптеген ірі байқаулардың жеңімпазы атанып, аудан мақтанышына айналып жүрген өнер мектебінің ұжымына шығармашылық табыстар тілеп, үздік жетістіктерге жетіп жүрген азаматтарды аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.
Бұдан кейін аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Г. Қабылова бірқатар азаматтарға білім бөлімінің Алғыс хаттарын табыстады.
Өмірін өнермен ұштастырған өнер мектебінің мұғалімдері мен оқушыларынан құралған домбырашылар, қобызшылар ансамбльдері, квартеттер өз өнерлерін көрсетсе, жекелеген оқушылар әр түрлі аспаптарда ойнап, өнерлерін көрермендерге ұсынды.
Әсіресе, осы мектептің қазақ ұлт- аспаптар оркестрінің өнеріне дүркін-дүркін қол соғып, ризашылықтарын білдіріп жатты.
Мектеп директоры Нұрлан Байділдаев жетекшілік ететін қазақ ұлт-аспаптар оркестрі Республикалық, халықаралық байқаулардан бас жүлде иеленіп жүрген, ауданымыз бен облысымыздың мақтанышы.
Жиналған көпшілік өнер мектебінің өнерін үлкен ықыласпен тыңдады.
Өнерін туған халқына арнаған өнерлі орданың есеп беру концерті мәдениетті жоғары бағалайтын қауымды рухани сусындатқан өнер кеші болды.