ЕЛІНІҢ ЕЛЕУЛІ ҰЛЫ ЕДІ

Мен Әбекеңмен, Әбдіжапар Досымбайұлымен 1958 жылы таныстым. Ол аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы екен. Осы жылы мен Шу аудандық комсомол комитетіне хатшы болып сайланған едім. Бірде ол кісінің қабылдауына баруға тура келді. Бұрын кездеспеген кісіге телефон шалып, қызметімді айтып, қабылдауын өтіндім. Сөзге келген жоқ: «Кел қарағым, қаймықпай кіре бергін» — деп жылы ілтипат білдірді.
Қабылдауға өте риза болдым. Мені баласынбай бір үлкен мекеменің бастығындай санады. Таныстық. Әбекең мырс етіп күліп жіберді де әрі қарай өзінің аты Әбдіжапар екенін және де аупарткомның бірінші хатшысының аты да Әбжапар екенін, көпшілік Жапар Түйебекович деп атап кеткенін түсіндірді. Күлген себебін де айтты.
Сол кездегі ескі аудандық мәдениет үйі мен М.Горький атындағы мектептің (қазіргі Бекмаханов атындағы) аралығында бос алаң бар еді. Соны жастар игілігіне стадион етіп пайдалану жолдарын айттым. Әбекең ризашылықпен қабылдап, көмектесті. Содан бастап ара қатынасымыз әкелі балалыдай болып кетті. Кездескен жерде «Я, аттасым, қалың қалай, қандай көмек керек? Айтып тұр. Мен саған жақында пәтер беремін. Сол үйге көшіп кел», — деп аудан орталығына көшіріп алды.
Әбекең 1910 жылы Көкірек болыстығына қарасты Көкірек ауылында (қазіргі Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы) туған. Бір жасында әкесі, екі жасында шешесі қайтыс болған. 9 жасқа дейін әкесінің інісі, үлкен молда Аба деген туысы тәрбиелеген. Баланың зеректігін біліп, жаңа өкімет өлтірмес деген ниетпен, оқысын, білім алсын деген мақсатпен балалар үйіне (детский дом) мойнындағы бойтұмарына, аты жөнін, шыққан тегін түгел жазып жібереді. Онда былай деп жазылыпты: «Көкірек – Қара – Мырзатай – Орман – Тоңаша – Құлбарақ – Досымбай — Әбдіжапар»
Балалар үйінде кейін қызметтес болған Социалистік Еңбек Ері, Меркі, Луговой аудандарында бірінші басшы болған Әзімбек Смаиловпен, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлымен бірге тәрбие алып, оқыған.
1929-1930 жылдары Жамбыл малдәрігерлік техникумында білім алып, 1932 жылы жолдамамен Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей облысы) Көкпекті ауданындағы «Большевик» колхозына бас маман болып барады. Осында қызмет атқарып жүргенде 1935 жылы сол кездегі Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сақыпкерей Құрамысов «Әбеке Шуда бес жыл болды, аудан құрылды, еліңе қайт» — деген шақырумен Шу ауданы жер бөлімінің бастығы болып тағайындалады.
1940-1945 жылдары Жамбыл облыстық жер бөлімін басқарды. Бұл Отан соғысы жүріп жатқан, тыл еңбеккерлерін ұйымдастырып, күн демей түн демей бел шешпей жұмыс істеген кез еді. Сол жылдары облыстың алғашқы бірінші басшысы болған М.И.Ткаченконың үлкен ағалық ұстаздық қамқорлығын көрді, тәрбие алды.
1945 жылдың басында Әбекең Талас аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып жоғарылады. Мұнда ол өзінің халыққа ұйтқы боларлық, ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті. Облыстағы мал өсіруші ірі аудандардың бірі – Талас ауданы ол кезде артта қалып қойған еді. Зоотехник мамандығы бар Ә.Досымбаев ұжымшар басшылары, олардың белсенділері үшін тек басшы ғана болып қоймай, олардың ақылшысы да, жәрдемшісі де бола білді.
Ә.Досымбаев істеген бір жылдың ішінде аудан өзінің шаруашылық көрсеткіштерін біршама жақсартты. Кадрларды өндіріс тармақтарына дұрыс орналастыру жұмыстарын шешті. Малшылар еңбегін бағалап және аудан еңбекшілерінің ауыл шаруашылығын дамытудағы жетістіктерін ескеріп, КСРО Жоғарғы Кеңесінің төралқасы 1948 жылғы 23 шілдедегі Жарлығымен 32 таластықтарға Социалистік Еңбек Ері атағын берді. Бұл құрметті атаққа аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы Ә.Досымбаев та ие болды.
Облыс басшылығы оны артта қалып қойған аудандарға бірнеше рет қызметке жұмсады: ол Свердлов (Байзақ), Луговой (Т.Рысқұлов), Шу аудандық Кеңесі атқару комитеттерінің төрағасы болып істеді.
1962 жылы гельминтология ғылымының негізін қалаушы, Социалистік Еңбек Ері, КСРО мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты, төрт академияның мүшесі, әлемге аты жайылған К.И.Скрябин Шу ауданына келіп, аудан басшыларымен жануарларды емдеу саласы бойынша пікірлесіп, көптеген ақыл кеңестерін береді. Әсіресе, бұрыннан таныс Ә.Досымбаевпен шүйіркелесе кетіп ветеринария ғылымы жайлы ұзақ сонар әңгімелеседі. Өйткені, ол Әбекеңмен бұрыннан да таныс еді.
1958 жылы Әбекең облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тұрғанда Жамбыл қаласына келіп, облыс малдәрігерлерімен кеңес өткізген еді. Сонда атақты ғалымның қасында жүріп,оның малшаруашылығын дамыту жолындағы ақыл кеңестерін көп тыңдаған болатын.
К.И.Скрябин Шу ауданында апта бойы болып, шалғай шаруашылықтар мен елді мекендерді аралайды. Ә.Досымбаев ұзақ жылдар бойы атақты ғалыммен хат-хабар алысып байланысын үзбеген.
Жоғарыда көрсетілген аудандардың экономикасын көтеруге Ә.Досымбаевтың көп еңбегі сіңді. Бұған оның Еңбек қызыл Ту орденімен төрт медаль, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасы және халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің екі медалімен марапатталуы куә бола алады.
Қашан да білімге деген ынтасы зор Ә.Досымбаев 1956 жылы Алматы Жоғары партия мектебін бітірді. Оқудан кейін ол Жамбыл облыстық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. 1965 жылдан 1970 жылға дейін Мойынқұм аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып істеп, зейнеткерлікке шықты. Еңбекке берілген ол сол жылдың өзінде Шу ауданының ірі шаруашылықтарының бірі — «Белбасар» кеңшарына директор болды. Бұл қызметін 1975 жылға дейін абыроймен атқарды.
Қай жерде еңбек етсе де ол кісі жол салдырып құрылыс жұмыстарына үлкен мән берген. 1975 жылдан Социалистік Еңбек Ері, Автомобиль жолдары министрі Л.Б.Гончаровпен тығыз араласып тәжірибе алмасқан. Оның ұсынысымен ауданның бірінші басшысы А.Әспетовпен ақылдасып, Жамбыл қаласындағы ДСУ-85 жол құрылыс мекемесін шалғай аудандарға жақындату үшін көшіріп әкелуді басқарды. Оған алғашқы бастық болып 1978 жылға дейін еңбек етті. Қазір осы аудандағы ірі құрылыс мекемесінде Әбекеңнің ізі жатыр.
Өзінің тынымсыз адал еңбегімен, адамға деген кішіпейілдігімен Әбдіжапар Досымбаев халық құрметіне бөленіп, олардың сеніміне ие болды. Екі рет, 1947 және 1967 жылдары Қазақ КСР-ы Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Елінің елеулі ұлы Әбдіжапар Досымбаев 1980 жылы 70 жасында дүниеден өтті.
Әбжапар ЖАҚЫБАЕВ,
зейнеткер, Шу ауданының Құрметті азаматы.