Облыс әкімі Жамбыл ауданына іс-сапармен барды

Аймақ басшысы алдымен Бәйтерек ауылындағы «Егізбай» шаруа қожалығының егіс алқабында болып, жайқалған картобын көрді.

Қожалық жетекшісі Нұрлан Егізбаевтың айтуынша, шаруашылық пиязды — 45, картопты — 75, сəбізді — 6 гектар алқапқа орналастырған. Бұдан бөлек, шаруашылықтың 30 гектар бидайы, 10 гектар алқапқа орналастырылған жоңышқасы бар, мал азығын да осы алқаптардан дайындауда. Бұл дақылдарды сеуіп жинайтын техникасын қожалық сайлап та қойған.

— Картоп қазу жұмыстарын жаңа бастадық. Күніне 2-3 гектар алқаптың өнімін жинаймыз. Оның əр гектарынан орта есеппен 300-350 центнерден өнім жинау жоспарлануда. Алқапқа 240 тонна картопты Қарағанды облысынан алып, отырғыздық. Бүгінде алқапта картоптың галандиялық «Буррен» жəне «Пикассо» сұрыптары өсірілуде. Жиын-терінге 40-50 маусымдық жұмышы тартылған,- дейді ол.

Шаруашылық картопты 15-20 күнде жинап алуды көздеуде. Өнімін Тараз қаласы мен Алматы, Түркістан облыстарына өткеруде.

— Облыста əлеуметтік дүкендер жұмыс істейді. Өз өнімімізбен алдымен сол дүкендерді қамту керек. Содан кейін осы өнімді барлық дүкендерге қойып, облыстағы бағаны тұрақтандыру жағына мəн берген жөн. Өңірде картоп тұқымын қайта жолға қоюды жоспарлаудамыз. Бұл мəлелені Жуалы ауылындағы бір шаруашылыққа енгіздік. Енді тұқыммен қамту мəселесін шешсек, оны шаруа қожалықтары өзге облыстардан тасып əуре болмайтын болады, —  деді Нұржан Нұржігітов.

Аудан əкімі Ерлан Қыдыралыұлы ауданда биыл судан тапшылық болмағанын айтып, барлық шаруашылықтар ағын сумен толық қамтылғанын жеткізді.

Аймақ басшысы Айша бибі ауылындағы «Super Pharm» ЖШС-де болды. Бір реттік медициналық бұйымдар шығарумен айналысатын зауыт тың жобаларды қолға алған. Серіктестік директоры Қайрат Қаймолдаевтың айтуынша, зауытта бұған дейін медициналық халат, бинт, бір жолғы бахилдер, бетперделер мен төсеніштер шығарылып келсе, енді зауыт аумағында құрылысқа төзімді тігінді емес материалдар шығаратын цехты іске қосу жоспарлануда.

— Өндірістің жылдық қуаты 300 миллион данадан астам медициналық бұйымдар шығару. Өнімді өткізуде мəселе жоқ. Құрылыс алаңын кеңейтіп, тігінді емес материалдар шығаруды қолға алуға ниеттіміз. Ол зауытқа қажетті құрал-жабдықтарды əкеліп қойдық. Тек қытайдан келетін мамандарды күтіп отырмыз. Шетелдік мамандардың елге кіруіне мүмкіндік болмай жатыр. Сыртқы істер министрлігіне де өтініш бергенбіз. Бірақ мамандарды кіргізе алмай, өндірісті бастай алмаудамыз. Зауыт дайын, мамандар келіп құрал-жабдығын орналастырып берсе үш айда өнім шығарамыз. Айына 700 тонна тігінді емес материал шығаратын мүмкіндігіміз бар. Шикізатты Павладардан жеткіземіз. Олар біздің ашылып, жұмыс істеуімізді ғана күтіп отыр,- деді серіктестік директоры.

Аймақ басшысы бұл мəселені республикаға шығып, тиісті министрліктерге сұраныс жасап шешіп беруге тырысатынын жеткізді.

Сондай-ақ облыс əкімі осы округте тұрғызылып жатқан 300 орындық орта мектептің құрылыс жұмысымен танысты. Оның құрылысын «Тараз строй -2004» ЖШС жүргізуде. Серіктестік директоры Мейірбек Жүнісовтің айтуынша, нысан құрылысы 90 пайызға аяқталған. Мердігер оны жоспарға сəйкес тапсырамыз деп отыр. Аймақ басшысы мектепті 1 қыркүйекке дейін тапсыруды шегелеп тапсырды. Сонымен қатар осы аумақтағы жаңа тұрғын алқапта атқарылып жатқан жұмыс барысын көрді. Мұнда кезекте тұрған тұрғындарға 382 жер телімін беру көзделген. Жаңа тұрғын алқаптың инфрақұрылымы аяқталуға жақын.

Аймақ басшысы жер телімі берілген соң ол жерге үш жылдың ішінде үй салынуы керектігін тұрғындарға ескертуді тапсырды. Жаңа тұрғын алқаптан жер телімін үлестіру биыл шешімін таппақ.

Келесі кезекте облыс əкімі қант қызылшасы алқабын көрді. «Ақкөл» шаруа қожалығы 40 гектар алқапқа тəтті түбірдің «Акация» мен «Виорика» сұрыптарын орналастырған. Шаруа оның əрбір гектарынан 450-600 центнерден өнім алуды жоспарлауда. Шаруашылық жетекшісі Алтынбек Керімқұлов балтамыр жинайтын комбайн алуға мүмкіндігі жоқтығын айтып, қант зауыты комбайн алып шаруаларға өнім жинарда көмек көрсетсе деген өтінішін жеткізді. Бұдан бөлек, қожалықтың  300 гектар пиязы да жайқалып тұр.

Қос алқапта болған облыс əкімі Нұржан Нұржігітов: «Биыл қант қызылшасына берілетін баға 30 теңге болды. Тұқым мен тыңайтқыш 50 пайыз жеңілдікпен субсидиялануда. Енді бірнеше шаруа қожалығы бірігіп қант қылшасын жинайтын комбайн сатып алуды үйлестірген дұрыс. Сол үшін кооперативке бірігіп жұмыс жасаған тиімді. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 758 миллион теңге бөліп, «Тараз» əлеуметтік-кəсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на қаржы бөліп отырмыз. Осы мүмкіндікті пайдалануға асығыңыздар. Жаңа техника алсаңыздар оның 50 пайызы əкімдік тарапынан субсидиаланатын болады, — деді.

Келесі кезекте Айшабибі ауылдық округіне қарасты Қызылтаң ауылы қасында 110 гектарға орналасқан 50 мегаваттық «Айша күн шуақ» электр стансасының жұмысымен танысты. Станса басшысы Жандос Райбекұлының айтуынша, нысан жұмысын наурыз айында бастаған. Жылдық қуаты сағатына 92 миллион киловатты құрайды. Жобаның инвесторы «Unigreen Energy» ЖШС, ал жоба операторы «АЕС Аsa» ЖШС. Жобаның жалпы құны 20,8 миллиард теңге. Серіктестік басшысы алдағы уақытта тағы 20 мегаваттық күн электр стансасын салмақ ниеті барын айтты. Оның мегаватын кезең кезеңмен көбейту үшін 300 гектар жер телімін алғанын айтты.

Аймақ басшысы табиғат көзінен электр энергиясын өндіруде біздің облыс алдыңғы орында екенін, республикадағы энергия өндірісінің 21 пайызын Жамбыл облысы құрап отырғанын айтып, бұл шаруаның өңірде дамуына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Келесі кезекте аймақ басшысы Əулие бастау басындағы келушілерге ыңғайлы болуы үшін жасалып жатқан құрылыс жұмысын көрді. Онда қолға алынған жобамен аудан əкімі Ерлан Қыдыралыұлы таныстырды.

Бұдан кейін Аса ауылындағы аудандық орталық аурухана ғимаратының жағдайымен аурухананың бас дəрігері Алтай Сауруков таныстырып, ғимаратқа күрделі жөндеу керектігін айтып, қаржы бөлуді сұрады. Бұдан бөлек, Қаракемер ауылындағы 25 келушіге арналған дəрігерлік амбулаториясының құрылыс жұмысының барысын көрді. Мердігер нысанды бір айда тапсырмақ ниетте. Ондағы құрылыс сапасына жақсы баға берген облыс əкімі нысанды мерзімінде тапсыруды міндеттеді.

Ауданға жасаған жұмыс сапары соңында облыс əкімі Нұржан Нұржігітов аудан əкімдігі аппаратының мəжіліс залында аудан активімен кездесті. Кездесуде аудан əкімі Ерлан Қыдыралыұлының есебі тыңдалды. Активте арыз-шағымды қарау, ауыз су тарту, тұрғындарды көгілдір отынмен қамту, шалғай елдімекендерге интернет желісін тарту жəне басқа да қадау-қадау мəселелер қаралып, талқыланды.

Жиын қорытындысында аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов аудан əкімі Ерлан Қыдыралыұлы мен оның орынбасарларына тиісті тапсырма беріп, басқарма арасында кері байланысты орнатып, жұмысты жандандыруды  тапсырды.

Жамбыл облысы әкімдігі