ОҚЫТУДЫҢ ОНЛАЙН ҮЛГІСІ – ОҢДЫ ҚАДАМ

Мемлекет басшысы жыл сайын халыққа Жолдауын Парламент сессиясының ашылуында жариялауды дәстүрге айналдырған. Оның мәні – билік тармақтарының барлық өкілдері бас қосатын жиында елдің алдағы бағытбағдарын айқындап алудың тиімділігінде.

Сонымен, Президент мемлекетіміздің қандай экономикалық бағдарын айқындап берді? Жолдау жүктеген міндеттер қандай? Сан саланы түгел қамтыған Жолдауда елдегі түйткілді мәселелердің, әр саладағы кемшін түсіп жатқан проблемаларды шешу жолдары айтылды. Соның ішінде кадр даярлау ісіне және жоғары білім беруге тоқталып өтсем. Оқытудың онлайн жүйесі – білім берудің қолжетімділігін арттыра түсетіні сөзсіз шындық. Президент атап өткендей, бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Жолдауда Мемлекет басшысы білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керектігін баса айтты. Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезіліп отырғаны жасырын емес. Техникалық және жұмысшы мамандардың жетіспей жатқанын өнеркәсіп саласының басшылары айтудай-ақ айтып келеді. Сондықтан жоғары оқу орындары осы салаларға қатысты білім беруді дұрыс жолға қоюы керек деп есептеймін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқу орындарына түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуды міндеттеді. Экономиканың басымдықтарына, аймақтың және саланың ерекшеліктеріне байланысты тиімді қаржыландыру тәсілдері керектігін еске салды. Осы ретте университеттердің ірі жұмыс берушілермен әріптестік ынтымақтастық орнату – көптеген мәселесінің шешімі екенін айтуымыз керек. Біріншіден, жұмыссыздық проблемасын шешуге мүмкіндік туады, екіншіден, еңбек нарығындағы сұранысқа сай маман даярлауға көшу арқылы талапкерлерді көбірек тартуға болады. Дулати университеті жаңа оқу жылынан бастап 2+1+1 формуласы бойынша желілік білім беру бағдарламасын іске қосты. Д.И.Менделеев атындағы Ресей химиятехнологиялық университеті және «Қазфосфат» ЖШС-мен бірлесіп қабылдаған желілік жүйе арқылы студенттер «Бейорганикалық заттар технологиясы» мамандығы бойынша 2 жыл Дулати университетінде, 1 жыл Мәскеуде тегін білім алып, 1 жыл зауытта өндірістік практикадан өтеді және сонда жұмысқа орналасады. Тағы бір айта кететіні, оқу бітірген соң қос университеттің дипломын алады. Бұл – өңірдегі кадр тапшылығын жою мақсатында жасалған нақты қадам. Президент Жолдауындағы тағы бір баса назар аударатын мәселе – су ресурстарының тапшылығы. Расында, еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес екенін осы жаздағы құрғақшылық көрсетіп берді. Мемлекет басшысы су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет екенін, Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылатынын, Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтінін айтты. Жалпы сушаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа керектігі – айқын мәселе. «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларға өзгеріс қажет екенін уақыттың өзі айқындап берді. Президент атап өткендей, саланың материалдық жағдайын жақсарту қаншалықты қажет болса, кадр мәселесін шешу де соншалықты керек нәрсе. Осы ретте 60 жылдан астам тарихы бар, сушаруашылығы мамандарын даярлау мақсатында елімізде алғашқы ашылған оқу орындарының бірі – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Сушаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының кадр даярлауда қалыптасқан тарихи негізі бар екенін айта кеткен жөн. Бір ғана мәселе бар, ол – оқу орнының базасын нығайтып, жастарды осы саланы таңдауға көптеп шақыру. Жолдаудан туындаған тапсырмаларды жүзеге асыру үшін біз осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізуіміз керек. Мақсат айқын, міндет нақты! Университеттің профессор оқытушылар құрамы осы бағытта жұмыла жұмыс істейтін болады.

Мұхтар БАЙЖҰМАНОВ,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік
университетінің ректоры