Нұрымбетов: “42 500? Ешкімді жазаламаймыз. Елде ақша жоғын жақсы білеміз”

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов “42 500 теңгені заңсыз алғандар жазаға тартыла ма?” деген сауалға егжей-тегжейлі жауап берді хабарлайды Dalanews.kz.

Министр бұл туралы желідегі парақшасында жазды.

 

“Біраз заңгерлер алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік бар екені туралы мақала, не посттар жазуда. Оны 42500 теңгеге қатыстырып келтіруде.

Заңгерлер болған соң заңды бізден артық біледі ғой. Олардікі дұрыс та шығар, бірақ бұл тек алаяқтарға қатысты. Сіз ондай емессіз ғой. Сіз ешкімді алдаған жоқсыз.

Мен брифингтерімде, жазбаларымда айтқандай, өздеріңіз үшін – “мен жұмыс, тіршілік жасап (ресми, бейресми), ақша тауып жүр едім, енді төтенше жағдайға қатысты сол табыстан айырылдым” деп шештіңіздер ма? Кейін, мен ескерткендей, өтініш бергенде порталда төмендегі жазбаны тағыда оқып, растап, сөйтіп барып өтінішті жібердіңіз ба? Ондай болса – Сіз айттыңыз, біз сендік. Сіз алдаған жоқсыз. Біз тағайындадық, төледік.
Сол үшін кінәлайды деп еш уайымдамаңыздар”, – деді министр.

Оның атап өткеніндей 42 500 теңгені заңды-заңсыз алғанын анықтау үшін министрлік тарапынан
үй-үйді аралап ешкім тексермейді.

Нұрымбетов бұл ретте осы әңгіменің қайдан шыққанын айтты.

“Соңғы брифингте, бір жүрналист маған – мен жұмыс істеп, тұрақты жалақы алып жүрген адам 42500 теңге алғанын білемін, оны қалай өткізіп алдыңыз деп сұрады.

Мен оған, біз өтініш беру тәртібін, халықтың сұрауы, талабы бойынша барынша қарапайымдаттық, жұмыс беруші өтінішінде қызметкерлерімді ақысыз демалысқа жібердім деп көрсетті, біз оған сендік. Ал олай болмаса, жұмыс беруші жауап береді, оны біз кейін тексеріп аламыз деп жауап қайтардым.

Брифингті көргендер растайтын шығар. Жалпы дұрыс емес пе?

Артынша екінші сұраққа, өтініш берген халықты, үйлерін аралап тексермейміз дедім. “Сіз айттыңыз, біз сендік. 42500 алдыңыз ба, жаратыңыз” дедім. Солай болады.

Сондықтан, осы жағдайда, өзіңіз үшін тағыда шешіп алыңыз – мен 42500 теңгені алдап алдым ба, жоқ па деп. Әрие жоқ.  Олай болса Сіз ешқандай жауапкершілікке ешқашан тартылмайсыз”, – деді ол.

Министрдің пікірінше ел 42500-ге өтініштерін еріккеннен беріп отырған жоқ. Төтенше жағдай болмаса да басым халықтың табысы аз. Жалақы төмен, зейнетақы, жәрдемақы көп емес.

“Сондықтан біз қарапайым таза халықты артынша тексеріп жатпаймыз. Аман болыңыздар, өзіңізді, жақындарыңызды мына індеттен сақтаңыздар!”, – дейді министр Нұрымбетов.

Айта кетелік бұдан бұрын 42 500 теңгені заңсыз алғандар миллиондап айыппұл төлеп, түрмеге қамалуы мүмкін деген әңгіме тараған.

Дереккөз (Uchet.kz)  ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының бірінші және екінші тармақтарын мысалға келтірген.

“Нақтырақ айтқанда 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал бір топ адам жасаған алаяқтық 4000 АЕК көлеміндегі айыппұл немесе 4 жыл бас бостандығынан айрылу жазасына кесілуі мүмкін. Бұдан бөлек мал-мүлкі де тәркіленеді”, –  деп жазған еді Uchet.kz.