Нұр-Сұлтан қалам — мен сені жақсы көремін!!!

Бүгін киелі Сарыарқаның самал желі ескен даласы мен ерке Есілдің жағасында бой көтерген, барша әлемге әсемдігімен әйгілі болған Елорда күні. Еліміздің жүрегіне айналған Елорданың ауыз толтырып айтарлықтай тарихына көз жүгіртетін болсақ, мен үшін менің бала кезімнен бастап, өмір керуені қайда жетелесе — сонда жол тартпақ болған жас түлек кезіме дейінгі естіген, көруге арман болған астанамыздың Ақмола қаласына көшірілуінен басталады.

Мектеп бітіріп, жоғары оқу орнының студенті болсақ та елордамыздың биік ғимараттары мен әдемі зәулім үйлері бар суреттеріне қарап, тамсанып жүрудің өзі — бір ғанибет еді. Алған білімді әрі қарай дамыту үшін шетелде оқып жүріп, Астанамыздың суретін мақтанышпен көрсетіп, «Қазақстан», «Астана» деп туған елдің, туған жердің, туған тіліміздің қадірін ұғындық.

Халық «Туған жердің жусаны жұпар», — деп бекерден айтпаған ғой, туған жерге деген ыстық махаббатпен елімді, жерімді, даламды, қаламды сағынышпен еске алдық. 1999 жылы ЮНЕСКО Астанаға «Әлем қаласы» атағын берді. Сол кездегі жас қала — Астанамыздың дүние жүзі бойынша дамып келе жатқан, әлем таныған ең жас қала екеніне қуандық.

«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп, 2006 жылы арман қуып жастарымызды болашаққа бастайтын Қазақстанның жас елордасына өз идеяларыммен, тілектеріммен көшіп келдім. Дәл сол жылы, яғни 2006 жылы «Астана күнін» 6 шілдеде атап өту туралы шешім қабылданған еді.

«Туған жерге туыңды тік» демекші мен де өз мемлекетіме қызмет етіп, «сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп Абай ата¬мыз¬ айтқандай, еліміздің болашағына өз үлесімді қосуды мақсат еттім. Елордамызда мен өз күшім мен білімімді пайдалана алдым. Мұнда мен болашақ туралы армандай аламын. Бұл қала маған сарқылмайтын күш, таусылмайтын білім береді.

Еңсесі биік елімнің Елордасында қызмет ету де, білім алу да — бақыт. Жастарға жаңа серпін беретін, ақындардың сүбелі сөз бен шығармаларына арқау болатын сұлу Елордамызға бұл күнде өзіміз түгіл, өзгелер де қызыға қарайды.

Бабаларымыздың арқасында келген осындай қасиетті мекендегі, керемет дархан даладағы егеменді еліміздің, тәуелсіз Қазақстанның елордасы-Нұр-Сұлтан жайнап, көркейе берсін!

Мен туған еліммен, туған жеріммен, туған тіліммен, және мәңгілік достықтың символы болған әсем Елордамыз — Нұр-Сұлтан қаласымен мақтанамын!

Нұр-Сұлтан қалам — мен сені жақсы көремін!!!

Yer-Zhan Baitanayev