Нәсібін кәсіптен тапқан жан

Қоғам қандай құрылымды бастан кешсе де, қандай әлеуметтік жүйе орнаса да кәсіп күнкөріс пен тіршіліктің тұрақты көзі болып қала береді. «Кәсіп түбі – нәсіп» деп аталарымыз айтқандай, кім де болса өзі айналысқан кәсіптің арқасында нәсібін табады.
Бүгінгі заманда интеллектілік кәсіпке басымдылық беріліп отырғаны белгілі. Ол да дұрыс, қоғамды алға жылжытатын ғылым мен білімге негізделген ой еңбегі екені де даусыз.
Талас ауданында шағын және орта бизнес кең өркен жаюда. Бүгінде, аудан халқының белсенді тобы кәсіпкерлікке бет бұрып, әлеуметтік нысандар ашуды мықтап қолға алған.
Білек түріп, ниет білдіргенге-кәсіп көп. Тірліктің көзін тауып, кәсіпке айналдырған азаматтарға да мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау аз емес.
Мысалға бір ғана жылыжайды алып көрелік. Табандылық танытып, бақшаңды баптай білсең, табыссыз кәсіп емес. Бір жылда алған екі жиын-терім, жұмсалған қаржының орнын толтыруға то­лық­тай жетеді. Міне, адал еңбек, таза табыс.
Сөзімізге «Флора» саяжайы­нан жер телімін алып, жылы­жай тұрғызған Нұржан Ахметқалиевтың еңбегі дәлел. Кәсіпкердің бұл аумаққа тұрақтағанына 15 жыл­ға жуықтапты. Алғашқы жылдары байқап көрмекке шағын жылыжай соғып, қияр мен қызанақ отырғызған. Шағын кәсібін кеңейту мақсатында несие де алған.
Тәжірибе де жылдар бойы айналысқан жұмыспен, жіберген қемшілік, жеткен жетістікпен өлшенеді ғой. Нұржанның айтуынша, бұл кәсіпте төгілген тер де, кездескен қиыншылық та аз болмаған көрінеді.
Қазір мұнда ұзындығы 55, ені 12 метрді құрайтын 3 жылыжайға қияр мен қызанақ отырғызылған. Қияр өз өнімдерін беріп жатса, қызанақ түйіндеп тұр. Жуық арада пісіп, саудаға шығарылатын болады.
Жылыжайдағы өнімдер тамшылатып суғарылады. Мұндай технологияның тиімді тұсы көп. Алдымен суға үнем. Қызанақтың сұрыпы бөлек, голландық. Жылыжайда отырғызуға арналған. Үш ай қатарынан өнім береді. Бір түптен 15 келіге дейін қызанақ жинауға болады. Қазір мына тұрған жылыжайда 1600 түп қызанақ егілген. Өнімдерді Қаратау және Жаңатас қалаларына, көрші аудан­дарға саудалаймын,-дейді кәсіпкер атқарып жатқан жұмысы туралы.
Нұржанның кәсібі кісі қызығарлық, ал табандылығы өзгеге үлгі. Мұнда тек жылыжай ғана жұмыс жасап тұрған жоқ. Бір гектарға жуық аумақта көкөністер мен жеміс-жидектердің басқа да түрлерін байқауға болады. Саяжайда тіпті, бос жатқан орынды көрмейсіз, тамыр алған көкөністер түйін салып, айналаға ерекше көрік беріп тұр. Тіпті мұнда баялы ( баклажан), асқабақ, таңқурай, құлпынайды да кездестіресіз. Ал, 5 соттыққа жуық аумаққа 5 мың түп қызанақты отырғызуға қан­ша күн-жігер мен күтімнің кет­кені айтпаса да түсінікті. Бұл жұмыстардың бейнеті көп болғанымен, табысы адал.
Нұржан Ахметқалиев бос жатқан шағын жерге жүгерінің «Bonduelle» аталатын өзгеше сұрыпын екпек. Топырағын қопсытып, тіпті, тұқымын да жеткізіп қойыпты.
Жалпы жоғары бағаланатын «Bonduelle» жүгерісі-жұқа, нәзік қабығы бар тәтті шырынды, дәнді дақыл. Көпшілік арасында үлкен сұранысқа ие. Әсіресе, жүгерінің бұл түрін сауда орындарында арнайы аспаппен булап,пісіріп сатады. Консервіленген түрі де дүкендегі өтімді тауардың бірі. Тағамдық құндылығы жағынан көкөніс бұршақтарымен қатар салыстырылады. Дәнін жерге сепкен соң екі айдан кейін жүгеріден өнім алуға болады,-дейді Нұржанның өзі.
Шаруасына мығым, ісіне сенімді кәсіпкердің алдағы жоспары да ауқымды. Жұмыс күшін жалдап, жерді тегістеп, күз айында көкөніс отырғызбақ. Жылыжай басында тамшылатып суғаруға арналған бөшке қойылған. Егер «Жартас» көлінен тартылған сусорғы іске қосылса, бақша көлемі де артпақ.
Бастысы кәсіпке ынта танытып, бейімделе білуің керек. Табанды еңбек далаға кетпейді. Төккен теріңнің өтеуі табыспен қайтады. Мұны бос жерді бау-бақшаға айналдырып отырған кәсіпкердің ісінен аңғардық.

Көркем Асқар