Н.Сабильянов: «Қазақстанда ұялы телефон ұстамайтын ауылдар бар»

21 ғасырдың 16 жылы. Әлі күнге интернетке қосылуды армандап отырған елді-мекендер бар.  Интернетке өліп-талып қолы жетіп оның шабан аттай жылжымайтын жылдамдығына өкпелі жұрт көп. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұртай Сабильянов Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевке елдің даму көрсеткіші саналатын интернет желісінің шалғайдағы аудандар мен ауылдарға жетуін тезірек қолға алуды халықтың атынан талап етіп депутаттық сауал жолдады. Қысқа да — нұсқа айтылған депутаттық сауалға көңіліміз көншімей, депутатты ашындырған мәселенің  түп дерегін білмек ниетте өзіне жолығып бірнеше сауал қойған едік.

-Нұртай Салихұлы, Инвестициялар және даму министріне жолдаған депутаттық сауалыңыз қарапайым ауыл жұртының қышыған жеріне дөп тигені анық. Әңгімені осы бағытта өрбітсек?

-Біз ақпан, наурыз айларында аудандарды, қалаларды  аралап сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. «Нұр Отан» партиясы атынан бағдарламаларды жүзеге асыру үшін халықпен етене араласып, түйткілді мәселелерге назар аудардық. Мен өз басым Шығыс Қазақстан облысындағы 50 – ден аса шалғайдағы ел тұрғындарымен және шекара маңында орналасқан  ағайындармен ашық сұхбаттар жүргіздім. Сондағы ең көп көтерілген мәселенің бірі – интернет. Өйткені ауылды жерлердің көбінде интернет жоқ, ал интернетке қосылған аумақтарының өзінде интернеттің жылдамдығы өте төмен. Сол себепті  ауылдағылар өздеріне тиісті ақпаратты, интернет арқылы беріліп жатқан мемлекеттік қызмет істері туралы мәліметтерді ала алмай отыр. Ең бастысы: өз өтініштерін, арыз-шағымдарын мемлекеттік органдарға, электронды үкіметке  жеткізе алмауда. Бұл бір жағынан ауылдық жерлердің дамуына, балалардың білімінің артуына және де ақпараттарды дер уақытында пайдалануына кері әсерін беруде.

2015 жылғы 29 қарашада «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заң күшіне енді. Осы заң жобасы қабылданған кезде комитеттің құрамында болдыңыз ба?

-Иә, ішінде болып талқылауға қатыстым.  Сол жолы осы айтылған проблемаларды көтерген болатынмын. Барымды салып Үкімет мүшелеріне жеткізуге тырыстым. Керек десеңіз, сөйлеген сөздерім стемаграммада тұр.           2222

  ҚАЛА МЕН АУЫЛ – БӘЙБІШЕ МЕН ТОҚАЛДЫҢ БАЛАСЫ ЕМЕС

-Сіз, қалай ойлайсыз, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң қабылданғанымен, оның жүзеге асуы ақсап жатқан жоқ па?

-Бұл көптің көкейіндегі сұрақ. Әрине аталмыш заң қалалық жерлерде орындалады. Өйткені интернетке қол жетімді. Кез келген мәселеңді шешуге де мүмкіндік мол. Қалалықтар ең ақыры интернет арқылы  үйдің кезегіне де тұра алады. Расын айту керек, жұмыс жасалып жатыр, интернет ауылға да тартылуда. Проблема-оның жылдамдығының аздығында болып тұр ғой. Менің білуімше  Қазақстанда 6 мыңнан аса ауылдық елді-мекен бар екен. Оларға қалалықтар пайдаланып отырған 4 G емес, 2 G — дің өзі арман. Интернет таратушы компаниялар пайдалы жерлерге ғана барын салады.  Қарапайы ауыл жұртын есепке алмайды. Шығын деп оларға жоламайды.  Бұл өте өкінішті жайт. Сосын кей елді мекендерде интернетті айтасыз, ұялы телефон ұстамайтын ауылдар бар. 21 ғасырда бұл ұят нәрсе ғой.

Шалғайдағы ауылдардың көбінде интернетке қолжетімділік аз деп өзіңіз айтып отырсыз? Керісінше, қала да үстем. Заң жобасын талқылағанда қала мен даланың арасын алшақтатып,  азаматтардың құқығын ескермегендеріңіз қалай?

-Олай дегеніңізбен келіспеймін. Заңда көп нәрсе қамтылды.  «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңның кейбір тармақтары  ауыл –  аймақта орындалмай отырғаны қынжылтады әрине.

-Орындалмай отырған қандай заң баптары екенін нақтылап кетсеңіз?

-Есіме біреуі ғана түсіп тұр. Ол ақпаратты алу үшін азаматтар интернет арқылы мемлекеттік органдардың сайттарына, порталдарына кіріп өздеріне тиісті ақпараттарды алып, өтініштерін жіберіп, оған жауап ала алады деген талаптар. Өкінішке орай, интернеті әлсіз ауыл тұрғындары мұны пайдалана алмай отыр.

-Депутаттық сауалыңыз өте қысқа да нұсқа болды. Оқырманға түсінікті болу үшін не айтқыңыз келгенін тарқата отырсаңыз?

-Менің депутаттық сауалда айтқым келгені: қала мен ауыл тұрғындарын алалауға жол бермеу. Өйткені олардың құқықтары бірдей.  Бірі бәйбішенің, бірі тоқалдың баласы емес. Ақпаратқа қол жеткізу барысында теңсіздік орын алмауы керек. Мұны жүзеге асыру үшін ауылды жерлерді тез арада интернетпен қамтамасыз ету кезек күттірмейтін мәселе екені көрініп тұр. Осыны түсінетін кез келді ғой.

                  ҮКІМЕТ УӘДЕНІ КӨП БЕРЕТІН БОЛЫП БАРАДЫ

-Депутаттық сауалды Үкімет басшысына емес, Инвестициялар және даму министріне  жолдадыңыз. Мұның қандай сыры бар?

-Бұдан сыр іздеудің қажеті жоқ. Инвестициялар және даму министрлігі ішінде бір комитет бар, солар осы мен сөз етіп отырған интернет мәселесімен айналысады. Келешекте республикалық бюджетті қалыптастырған кезде осы министрлік арқылы ауылдарға интернет жеткізу үшін қанша қаражат керектігін анықтауға  және ол қалай бөлінетінін білуге болады.  Мен осы жағынан келдім.

-Депутаттық сауалға жауапты қашан аласыз?

-Заң бойынша депутаттық сауалға бір айдың ішінде жауап берілуі тиіс.

-Созбаққа салмай шалғайдағы ауылдарға интернет желісін тұрақты беру үшін министрлік не істеуі керек?

-Меніңше, ауылдық елді мекендерді интернетпен қамтуға байланысты  жол картасын әзірлеу керек. Яғни, қай ауылда, қай елді мекенде, қай уақытта жоғары жылдамдықты интернет қосылады. Соны халық білуі керек. Әйтпесе, біз көп уәде береміз, 2017 жылы болмаса 2018 жылы қосылады деп созбақтай береміз. Ол қай ауылда қосылатыны да айтылмайды. Жалпылама айта саламыз.  Осыдан арылсақ екен?

-Бүгінгі жер жаһанды интернетсіз көзге елестету мүмкін емес. Ұятта болса айталық, бізде әлі күнге сөз етіліп жүр.  Жалпы интернетке қол жетімділіктен не күтесіз?

-Өз түсінігімде интернет — ауылдық жердегі тұрғындардың білім дәрежесін, ой-өрісін  көтеруге ат салысатын құрал. Әлеуметтік желілер арқылы халықтың көкірек көзі ашылып, әлемде қандай жаңалықтар болып жатқанын саралап,  қорытуға да таптырмас  дәнекер. Демек, интернет- халық пен биліктің арасындағы тығыз байланыс орнатушы.  Оны дамытуымыз керек. Халықтың ой-санасының өсуі де осыған байланысты. Өйткені әлемнің әр түкпірінде интернет арқылы даму көрсеткіші күшті.

-Алтыншы шақырылым жұмысын жаңа бастады. Сөйте тұра даулы да шулы мәселелер көтеріліп отыр. Бұл жақсылықтың нышаны. Алайда көпшіліктің арасында, әсіресе өзіңіз сөз етіп отырған ауыл халқының біразы Парламентті, Үкіметті сынауға бейім. Осыған көз қарасыңызды білсек бола ма?

-Көптің көңілін табу жалпы қиын ғой. «Бір биеден ала да, құла да туады» демей ме қазақ. Парламенттің жиыны  онлайн режим арқылы халыққа көрсетіледі. Соны ауыл халқы толық көре алмай отыр. Осыдан барып көп мәселе туындауда. Естіп жатамыз, депутаттар не істеп отыр. Анау-мынау деп сынайтындар көп. Егер олар онлайн режим арқылы депутаттардың жұмысына көз жүгіртсе, заң қабылдау барысындағы үкімет пен депутаттардың тартысына куә болар еді. Сол кезде ғана   мыналар біздің мәселелерімізді көтеріп, ұсынысымызды жеткізіп жатыр екен  ғой деген ойға қалар еді.

-Уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!

Әңгімелескен Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК

Суретке түсірген Ермұрат НАЗАРҰЛЫ