Дағдарыс уақытында барлау жүргізіп алғанымыз дұрыс

 

 Кеңестік заманда геология мамандығына қызығушылық өте жоғары еді. Ал бүгін бұл саланы таңдайтындар жоқтың қасы. Қазіргі жастар осындай келешек үшін қажеті зор саланы игеруге көп көңіл бөле бермейді. Көбі Қаныш Сәтбаевтың жолымен еңбек етудің жемісінің зор екендігін біле бермесе керек.

Елімізге танымал геолог, Қостанайдағы «Геобайт-Инфо» ЖШС бас директоры, белгілі меценат Олжабай Ысмайыловпен өткен әңгімемізде тәжірибелі геолог жердің үсті мен астындағы байлық көздері жайында осы және басқа да пікірін білдірді.

 Олжабай Жұмағалиұлы жайлы жалпы мәлімет

Ресейдің қиыр шығысындағы Магадан аймағында туған. Ата-бабасы Меңдіқара ауданының Қарқын ауылын мекен еткен. Әкесі Жұмағали өткен ғасырдың қуғын-сүргін жылдарында діншіл деген жаламен орыстың жеріне 10 жылға жер аударылған. Анасы Айтбике – Омбы облысының тумасы. Ол да 17 жасында Магаданға жер ауып барыпты. Жұмағали мен Айтбике сонда танысып, шаңырақ көтеріп, кейін елге оралған.  

Олжабай Ысмайылов мектепті аяқтап, Челябі облысындағы Миасск геологиялық барлау техникумын бітірген. Әскер қатарында болып келіп, сол кездегі Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын бітірген. Әр жылдары Оңтүстік Қазақстан аумақтық геология басқармасы геофизикалық экспедициясында, Торғай геологиялық барлау экспедициясында (Арқалық қаласы) жетекшілік ете жүріп, Орлов, Құсмұрын көмір кен орындарын барлау жұмыстарына қатысқан. 1986 жылдан бастап «Солтүстік Қазақстан геология» бірлестігі Қостанай геология-геофизикалық басқармасының бастығы, Солтүстік Қазақстан өндірістік геологиялық бірлестігінің бөлім бастығы.

«Қазақстан Республикасының кен орнын алғаш ашушы» төсбелгісінің, «Құрмет» орденінің иегері, Меңдіқара ауданының құрметті азаматы, КСРО және Қазақстан Республикасының көптеген наградаларымен марапатталған.

Жалпы, Олжекең жайлы ел азаматтары көп жылы пікірлер білдіріп жатады. Жадыра Хасенов ағамыз да геологтың жасаған жақсылықтарын, жомарттығын, бауырмалдығын, қамқор жан екенін ерекше атап өткен екен.

  Олжабай Исмаилов — Олжабай аға, сіз басқарып отырған мекеменің тарихына үңілсек, нарықтық қиын-қыстау заманда құрылған екен. Ел күйзелген шақта геологиялық барлаудың өз-өзін ақтап кететініне қаншалықты сенім арттыңыздар? Жалпы, мекемені құрып, оны ұстап тұрудың қандай қажеттілігі болды? Оның үстіне қазіргі әлемдік дағдарыс қысып тұрған шақ дегендей…

— Бұл мекеме кеңестік заманнан бар. Бірақ тоқсаныншы жылдардың ортасында жекешелендіру болды. Мен директор болдым. Сіз дұрыс айттыңыз. Әлдекімдер сол нарықтық қысылтаяң кезде үкіметтің алдына «бізге әзірге геология саласы аса қажет емес» деп жеткізген ғой. Содан кейін бізді мемлекет жекешелендірді. Көп маманымыз жұмыссыз қалды. Ресейден, Украинадан мамандар болған, олар өз елдеріне кетіп қалды. Көп техника құрыды. Үкімет 2001 жылдан бері қайтадан көңіл бөле бастады. Қалада жұмыссыз жүрген бұрынғы мамандарды шақырып алдық.

Қазір әлемдік дағдарыс дейміз, қара және түсті металлға сұраныс азайып, бағасы төмендеп кетті деп жатырмыз. «Осындай уақытта геологиялық барлаудың қажеті қанша?» деп сұрап отырсыз ғой. Айтайын, біздің мына жұмысымыз тек геолог мамандар ғана атқаратын жұмыс. Бүгін болмаса да, ертеңгі күні жер асты қазба байлығы түбінде бір қажет болатыны анық емес пе. Сол себепті оған уақыт керек. Күту керек. Мен жас мамандарға үнемі «біздің геолог мамандығы қоғамға да, үкіметке де керек» деп айтып отырамын.

— Қызметтеріңіз жайында азғана әңгімелеп берсеңіз.

— Қазір серіктестікте 400 адам еңбек етеді. Олар өзіміздің облысымыздан бөлек Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстарындағы бөлімшелерде жүр. Біз осы күні Семейдегі геологиялық барлау колледжінде бастапқы білім алып шыққан жастарды жұмысқа қабылдаймыз. Оларды бір-екі жыл байқаймыз. Егер жас маман өзін жақсы қырынан көрсете алса, кейін оларды серіктестіктің қаражатына көршілес елдің Екатеринбург, Томск қалаларынан тау-кен өндірісі жоғары оқуын оқытып аламыз.

Көбіне мемлекеттік тапсырыспен темір, мыс, алтын, боксит орындарын барлаймыз. Оның сыртында Шетелдік инвесторлармен келісім-шарт жасасып, оларға барлау жасап, қызмет көрсетіміз. Астанадағы үлкен филиалымызда сирек кездесетін минералды тастар топтастырылған мұрайжайымыз тұр. Механикалық шеберханалар, әрлеу-дәнекерлеу цехтары орналасқан екі бірдей өндірістік базамыз жұмыс істейді. Оның сыртында біздің облысымызда «Люкс» ауыз суын шығаратын зауыт пен Солтүстік Қазақстанда алтын шығаратын кен орнымыз тағы бар.

— Мамандарды неге колледжден кейін ғана жұмысқа қабылдайсыздар? Оларды кейін Ресейде өз қаржыларыңызбен оқытып, шығын шығарғанша, өзіміздің елімізде оқу бітірген жоғары білімі бар дайын кадрларды шақыруға болмай ма?

— Біріншіден, Қазақстанда жоғары оқу орнын бітіріп келген мамандарды алмайтын себеп бар. Біреудің көңіліне келіп жатса да, айтайын, еліміздегі тау-кен мамандықтары бар университеттер нағыз геолог мамандарды бүге-шігесіне дейін сапалы оқытып шығара алып жатқан жоқ. Ал Ресейде әлі де болса кеңестік сапалы білім беру жүйесі қалпынан кеткен жоқ. Ол жақта ертеден келе жатқан зертханалар, лабораторияларға дейін сақталып қалды. Біздің кезімізде геолог, гидрогоелог, геофизик, бұрғылаушы, мұнайшы, кен қазушы мамандықтарының әрқайсысы жеке-жеке факультеттерде оқытылды. Қазір біздегі жоғары оқуды тамамдаған кейбір жастардан «Мамандағың қандай? Геологсың ба, гидрогоелогсың ба, геофизиксің бе?» деп сұраймыз ғой, олар нақты қай мамандық игергенін айта алмайды. Міне, бұл бір проблема.

Екіншіден, қазір бізде еңбек ететіндер арасында аға буынның жас мамандарға тәлімгер болу үрдісі үзілген емес, үзілмейді де. Мәселен, сіз оқуды аяқтап, диплом алып, бізге жұмысқа келдіңіз. Жоғары оқу орнында төрт жыл, бес жыл теориялық білімді ғана игергенсіз. Қанша жерден тәжірибеден өттім дегеннің өзінде геология саласында барлау жұмыстарын жүргізу бір бөлек. Сол себепті міндетті түрде көп жылғы тәжірибесі барлардан үйренетінің анық. Кез келген адам жердің үстінде жатқанды біледі. Ал геолог маман жердің астында не барын бар білімімен білуі керек. Ол үшін математика, физика, химия қатарлы жаратылыстану ғылымдарын жетік меңгерген болуы шарт.

— Сіздің айтып отырғаныңызға қарағанда, геология саласына нағыз маман табу өте тапшы болып тұр ғой.

— Ол рас. Біз мықты мамандардан шамамызға қарай айырылып қалмауға тырысамыз. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарын бітіріп келген 22 жас жұмысын тәуір атқаруда. Ресейде білім алып жүрген тағы алты-жеті келешек маманымыз бар. Оларды өзіміз оқытып, өзіміз оларға жағдай жасамасақ, ешкім сырттан маман әкеліп жатқан жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, бізге келіп, өзін тек жақсы қырынан көрсеткен жас мамандарға екі-үш жылдан кейін көмек ретінде 15 мың АҚШ долларын беріміз. Бұл қаржы қайтарымсыз. Жұмыскер осы соманың үстіне өзі ақша қосып, қала орталығынан пәтер ала алады. Әзірге мамандардан тапшылық көріп отырған жоқпыз. Тіпті, осы мекемеде жұмысын бастаған біздің жастарымыз қазір мемлекеттік органдарда қызмет атқаруда.

— Өңіріміздің Әулиекөл ауданында мұнай көзі табылды деген сөздер шықты. Одан бөлек, бұған дейін Жанкелдин мен Амангелді аудандарының шектескен бойында да мұнай қоры мол деген әңгіме болған.

— Бізде көмір көп екенін білеміз. Ал Әулиекөл маңында мұнай қоры бар екені рас. Мамандар үш-төрт жерді бұрғылап көрген екен, 3000 метр тереңдіктен қара алтынның қоры табылған. Ол жерден дұрыс мұнай шықпады. Геологиялық өлшем бойынша мұнай Сібір, Торғай, Қызылорда бойында жатыр. Менің ойымда Амангелді, Жангелдин жерін, әсіресе, Сарықопа жақтан мұнай іздеу керек. Мен осы жайында қаншама рет айтып келемін.

— Мына сөзіңізден байқағаным, жалпы геология саласына мемлекеттік байқау кезінде абай болу керек секілді. Сіз басқарып отырған «Геобайт-Инфо» ұзақ жылдан еңбек етіп келе жатқан әрі мамандары да көп жылғы тәжірибесі барлар. Ал мемлекеттік байқау шарттары бізге түсінікті. Байқауды ғаламтордағы порталда жариялайды. Оны кеше ғана құрылған, тәжірибесі жоқ компания ұтып кетуі мүмкін ғой?

— Міне, осы мәселе мемлекеттің келешегі үшін өзекті проблема болып тұр. Айталық, тендер өткізілген кезде онда «бұрғылау техникасы 2015 жылғы болуы шарт» деген міндетті шарт болуы мүмкін. Ал менде 2015 жылғы бұрғы жоқ, 2014 жылғысы немесе одан бұрын шығарылғаны бар делік. Сонда 2014 жылғы мен 2015 жылғы техникалық құралдың қандай айырмашылығы бар? Айтыңызшы? Керек десеңіз, менде сонау кеңес заманынан келе жатқан сапалы бұрғыларым бар шығар. Ол қазіргі құралдарыңызды он есе орап алады. Ал мен сонда келесі жылы тендерге қатысу үшін 2016 жылғы құрал-жабдықтар сатып алуым керек пе? Бұрғылау құралдарының қаншалықты қымбат екенін білесіз бе? Бұл бір.

Екіншіден, белгілі бір сомаға байқау жарияланды делік. Мәселен, 300 миллион болсын. Бұл белгіленген аумақты бұрғылау жұмыстары үшін қажетті қаражат. Ал сол қаржының 30% мөлшерін алдын ала ұсынуың керек. Сіз ойлаңызшы, мұндай қаражат кез келген мекемеде бола бермеуі мүмкін ғой.

Үшіншіден, тендер кезінде кім арзан баға ұсынса, сол жеңімпаз болады. Ал жаңағы 300 миллион теңгеңіз 200 миллионға дейін түсіп кетуі мүмкін. Ал ондай жеткіліксіз қаражатқа барлау жұмысын орындай аламыз ба? Бар пәле сосын осыдан басталады. Ол үшін шала-шарпы атқарып, бір жағынан мемлекетті алдаған боламыз. Міне, байқаудың міндеттемелерінде осындай кемшіліктер де жоқ емес.

Тағы бір айта кететін жайт, мәселен, құрылыс, жол жөндеу жұмыстарының сапасыз орындалғаны бірнеше ай, бір жыл, екі жылда көзге көрініп, анық бола қалады. Тұрғын үйлердің сылағы түсіп, жолдар шұрық тесіліп жатады. Ал геологияда шала, сапасыз жасалған жұмыс көрінбейді. Неге дейсіз ғой? Айталық, біз бір аумақты барлау үшін мемлекеттік байқауды жеңіп алдық. Ол мақсатқа мемлекеттен қыруар қаржы бөлінген. Сол аумақ толған қазына болса да, дұрыс барлау жүргізілмегеннің кесірінен қазбаға толы орында «кен байлығы жоқ» деген анықтама жасала салады. Бітті! Тәжірибесі аз, мамандары біліксіз мердігер мекемелер бөлінген қаражатты қалтаға басады да, кете береді. Геологиялық барлау сапасыздығы деп отырғаным – осы. Ең бір әттегенайы, үкімет сол аумақты зерттеп-барлауға одан кейін қайтара байқау өткізбейді де, қаражат та бөлмейді. Артынан ол жерді қазуға ешкім тәуекелге бармайды.

— Жалпы барлау жұмыстары өзін қаншалықты ақтап жатады? Оны қалай орындайсыздар?

— Кеңестік геология еліміздегі жер қойнауының 20% аумағын барлап-зерттеп кеткен екен. Біз қазір сол кезден қалған жобалық карталарда түсірілген жерлерді ғана қайта барлаумен айналысып келеміз. Егер сол картада көрсетілгендей, «басқа жерлерде қазба байлықтары жоқ немесе аз» деп тұрса, оны бұрғылап, қазып шығынға батып қайтемін? Геологиялық барлау жұмысын атқару – тәуекелге бару деген сөз. Мен сізге айтайын, егер жүз аумаққа барлау жасап, соның біреуінен қазба байлықтың мол қоры шықса, сол бір ғана кен орны қалғандарының шығынын түгел жауып шығады. Ал біздің облысымызда геологтар 60 жылдан бері барлау жұмыстарын жүргізіп келеді. Мемлекеттік қор есебінде тұрған кен орындары көп. Болжам жасалған кен орындары деген болады. Сол себепті, геологтардың еңбегі өзін үнемі ақтай береді деуге келмейді.

Мәселен, жердің беткі қыртысында әр тоннаға шаққанда 0,3 грамм мыс болатын болса, оны ала беруге болады. Сол секілді 100 метр тереңдікте 1 грамм, 500 метр тереңдікте 5 граммға дейін мыс қазу да тиімді. Келешекте барлық кен орындары қазыла-қазыла, ұңғымалар да тереңдей беретін болады. Біз – шикізаттың еліміз. Өндірістер, өңдеуші өнеркәсіптеріміз жоқ. Сол себепті кен орындардың мол қоры барларын көбірек табуымыз керек.

Қазір барлық барлау жұмыстары мемлекеттік байқау арқылы жүргізіледі дедім. Жеңетін болсақ – аламыз. Біздің облысымызда геологиялық барлау жүргізетін санаулы ғана кәсіпорын бар. Тендерді ұтсақ, мемлекеттен немесе шетелдіктерден тапсырыс аламыз. Мәселен, 100 шаршы шақырым жерді барлау жөнінде тапсырма алдық. Оған мемлекет болмаса инвестор қаражат құяды. Біз не тапсақ, бәрі – солардыкі. Ол жерден ештеңе алмаймыз. Біз тек тауып қана береміз.

— Демек, сіздер барлау жүргізіп кеткеннен кейін жаңа тау-кен ашылады, жұмыс орындары құрылады, жаңадан қалашықтар бой көтере бермей ме?

— Кен орындарымен қоса, халыққа жұмыс табылып жататынына қуанғаннан басқа айтарым жоқ. Бірақ негізінде қазба байлық шыққан жердің маңайын үлкен елдімекенге айналдыра берудің қажеті жоқ. Онда уақытша қалашықтар, вахталық қоныстар ғана салуға болады. Біздің елде осындай кен орындарына тәуелді болып отырған қалалар мен елдімекендер аз емес. Мәселен, Арқалық, Рудный қалалары мен Қашар кентін алып қарайық. Бұл кезіндегі Кеңес үкіметінің жіберген қателігі. Мұндай ондаған мың адам тұратын тұрақтар басқа мемлекеттерде де бар. Күндердің күнінде ол жерлердің табиғи қазба байлығы таусылады ғой. Міне, сол уақытта кен байыту орындарында еңбек етіп, күнелтіп отырғандар не істемек? Мәселен, бір жердің қойнауынан кен ошағын таптық. Ол жерге жұмысшылар қалашығын салдық делік. Ал ел соның қызығын көріп үлгермей, табиғи байлығы таусылып жатса, үлкен шығын емес пе? Ол үшін кез келген елдің үкіметі осыны ескеріп, экономиканың басқа бір саласына ауысу жағын алдын ала ойластырып алу қажет.

Екіншіден, елдімекендердің бұндай аумақтарға жапсарласа салынуы – денсаулыққа зиын. Қаншама улы қалдықтар, шаң-тозаң ұшып жатыр.

— Қазір қандай жұмыстарды қолға алдыңыздар? Дағдарыстың қаншалықты ұзаққа созылатынын дөп басып айта алмаймыз. Дегенмен алдағы уақытқа жоспарлаған шараларыңыз бар шығар?

— Қазір Арқалық маңайында Түлкісай кен орнында алтын қорын барлаудамыз. Мемлекеттік тапсырыспен Қарағанды облысынан да алтыны бар аумақ іздеп жатырмыз. Оны аяқтап қалдық. Мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша да су көздерін іздеумен айналысамыз. Себебі судың геологиясы да болады Бұл іспен көп жыл айналысып келеміз. Тапсырыс беруші – облыс әкімдігі. Қызылорда өңірінде цинкке барлау жүргіземіз. Ақтөбе облысында ресейлік компанияның тапсырысымен мыс кенін барлап келеміз. Оған қоса, мекемеміз информатика, компьютерлік бағдарлама бағыты бойынша жұмыс істейді.

— Олжабай аға, сұхбатымыздың соңында геология саласына қатысты, оның келешегі жайында өзекті ой, қандай да бір ұсынысыңыз бар ма?

— Үкімет геология саласына қаражатты жеткілікті бөліп отырса деймін. Себебі, барлау жұмыстарына қажеттілік жүз пайыз болса ғана қаржы беріледі. Қазіргідей әлемдік нарықтағы қара және түсті металлдарға сұраныс аз және бағасы арзан тұрған уақытта үкіметіміз геологиялық барлау жұмыстарын жүргізе отырып, бар мүмкіндікті пайдаланып қалу керек. Бұл дағдарыс осылай тұра бермейді ғой. Бір жыл ма, екі-үш жыл ма, жағдай қалыпқа келген соң қазба байлықтардың бағасы қайтадан қымбаттай бастамай ма?

Оны айтып отырғаным, қазір біздің үкіметіміз үшін барлау жұмыстарын қаржыландыру анағұрлым арзанға соғады. Еліміз үшін алдағы уақытқа темір, алтын, мыс, боксит қатарлы қазба байлықтың жаңа кен орындарын әзірлеп қойып отыру мақсатына жылына әрі кетсе 20 миллиард теңге жетіп жатыр. Ол біздің мемлекетіміз үшін көп қаржы емес. Осы жағын көбіне түсіне бермейміз. Біз алдағы уақыттың қамын ойласақ, мемлекетіміз осындай қадамға бару қажет.

— Ашық әңгімеңізге рахмет!Қыдырбек-Қиысханұлы

                                                                                                               

    Қыдырбек Қиысханұлы,

                 Қостанай.