МҰНАЙЛЫЛЫҚ ЖАНАРЫС МҰРЗАБАЕВТЫҢ АРМАНЫ ОРЫНДАЛДЫ

Мұнайлылық Жанарыс Мұрзабаевтың арманы орындалды. 12 жасар оқушы көптен ноутбук алғысы келген. Алайда, сәті түспеген. Бала арманын ел анасы Сәуле Мешітбайқызы жүзеге асырды.

Жанарыс Мұрзабаев – Дәулет ауылындағы №4 орта мектептің 6 сынып оқушысы. Ойы жүйрік, талапты жас роботехника үйірмесіне барады. Әсіресе, «it саласына» қызығушылығы жоғары. Қазірдің өзінде компьютерден түрлі ойындар, мультфильмдер құрастырады. Әрі қарай шыңдалуына ноутбук қажет екенін біледі. Бірақ ұзақ уақыт ала алмай жүреді. Осыдан бір ай бұрын мектебіне арнайы сапармен барған белгілі журналист Сәуле Мешітбайқызының назарына ілігіп, тілегін айтады. Осылайша оның арманы орындалады.

 

-Бүгін менің арманым орындалды. Оған себепкер Сәуле Мешітбайқызы. Сол кісіге көптен-көп рахмет. Менің арманымды орындап жатыр. Жастарды қолдайды. Рахметімді айтамын. Жұмысына табыс тілеймін, дейді қуаныштан жүзі бал-бұл жанған Жанарыс Мұрзабаев.

Баласының арманы орындалғанына анасы Маржан Мұрзабаева да риза болды. Алғысын айтып, рахметін жеткізді.

-Өте қуаныштымын. Баламның осындай жетістіктерге жетіп жатқанына қуанамын. Сәуле Мешітбайқызына рахметім шексіз. Мектеп ұжымына да алғысым  шексіз. Мектеп ұстаздарына да рахметімді айтамын, дейді ол.

Жалпы, мұндай игі іс бірінші рет жасалып жатқан жоқ. Бұған дейін Сәуле Мешітбайқызының бастамасымен Шымкентте бір отбасы баспаналы болған. Тізбектей берсең өте көп. Бұл жолғы ізетті іс «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар көзі» атты экспедициясымен және  Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асты.

Халықаралық «Qazaqstan zamany» газеті ауылдағы ағайынның тыныс-тіршілігін білу мақсатында жыл сайын экспедициялар ұйымдастырады. Дәстүрлі шара биыл да өткізілді. Ең бірінші Маңғыстау облысына ат басын бұрдым және осында келгенде мен қашанда Мұнайлы ауданына кіріп кетуді парызым санаймын. Бұл аудан тәуелсіздіктің жемісі. Ауданның мектептері де,  оқушылары да өте керемет. Сапар аясында  Дәулет ауылындағы №4 мектепке келген едім. Жанарыс есімді оқушы мультимедиялық ойындар жасап жатыр екен. Қызықтым. Болашақта кім болғысы келетінін сұрадым. Қазақша мультфильм жасағым келеді деді. Осындай ұлдардың өсіп келе жатқанына қуандым. Компьютерің бар ма деп сұрадым. Жоқ екенін айтты. Сосын оған ноутбук алып бергім келді. Уәдемді орындадым. Ноутбугын әкеліп бердім. Баланың қуанышынан асқан бақыт жоқ. Балаларымыз, еліміз аман болсын, деді шарада сөз алған халықаралық «Qazaqstan zamany» газетінің бас директоры Сәуле Мешітбайқызы.

Елбасы мықтап тапсырған «It саласы» Маңғыстауда күн сайын қарыштап даму үстінде. Оқушылардың осы бағытқа көңіл бөлуі қуантарлық жайт. Бүгінге таңда өңірдің 40-тан аса мектебінде роботехника сыныбы ашылған.

 

-Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында оқушыларға айти сынып аштық. Бұл «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының қолдауымен жүзеге асты. Оқушыларымыз жетістіктерге жетіп жатыр. Облыстық, аудандық сайыстардан жүлделі орын алып жүр, дейді №4 орта мектептің  директоры Дина Күлмеханова.

Мектеп ұжымы биылғы оқу жылында көптеген жетістіктерге жеткен. Білім ордасының 11 оқушысы пәндік олимпиадада озық шықса,  аудандық шығармашылық  іздену жұмыстар сайысында 9  оқушы жүлделі орын алған.

 

 

СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ «МАҢҒЫСТАУ» ТЕЛЕАРНАСЫНДА ҚОНАҚТА

 

Маңғыстауға сапары аясында халықаралық «Qazaqstan zamany» газетінің бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы «Маңғыстау» телеарнасындағы «Түскі тақырып» бағдарламасына қатысты. Бағдарламада ел анасы сәлемдесу әдебі, журналистикадағы өзекті мәселелер, ұстаздың қоғамдағы рөлі, әлеуметтік желідегі белсенділік сынды тақырыптарға ой қозғап, жастарға бағыт-бағдар берді.

 

Айман Нұрмағанбет

Суретті түсірген автордың өзі