Мұхамеджан ТАЗАБЕК: «Қыз бала ағаның ақылына, әкенің сесіне мұқтаж»

«Негізі қыздарда кінә жоқ. Қыз баланың өзі табиғаты сондай. Олар әлсіз ғой. Біреудің еркелетуіне, қолдауына мұқтаж болып жүреді. Міне, дәл сондай уақытта, қыздың дәл бір ер адамның қамқорлығын қажет ететін кезінде біз оларды оқуға, жұмысқа, анда-мында деп алысқа жіберіп аламыз. Сөйтеміз де, ақырын-ақырын олармен қарым-қатынасымыз сиреп, нәтижесінде әлгі қызымыз көлденең көк аттымен қол ұстасып кете барғанын байқамай қаламыз. Былайша айтқанда, оларға сол «витамин» жетіспей жатыр. Сондықтан да олар әр жігітпен бір сөйлесіп, соның орнын толтырып жатыр. «Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті» дегендей ғой. Мысалы, менің төрт қызым бар. Мен төртеуін киноға апарамын, паркта қыдыртамын. Кейде гүл алып беріп, күлдіртіп, кейде әкелік мысымды көрсетіп ұрсып та аламын. Ақылмен айтып, сөзіммен нұсқап, барынша түсіндіріп жүрмін. Сондықтан қызыңыз ағасының ақылына, әкесінің сесіне мұқтаж болып қалған кезде оған сол дәруменді дер кезінде бере алмай, қапыда қалып жүрмеңіз»
***
Иә, қыз бала – ағасының намысы, әкесінің үміті. Олар – өте әлсіз және тез еліктегіш халық. Сондықтан ер адам ретінде оған бағыт-бағдар, жол көрсетіп, ақылыңызбен, ісіңізбен тоқтау салып, бақылап отыру – сіздің міндетіңіз, құрметті аға, асқар тау әке!