Моңғолиялық қазақ қызының біздің қазақтарға жазған хаты

Өз есімін жариялауды жөн көрмеген Моңғолиядағы қандасымыз мынадай хат жазыпты. Мұны бізге айтқан базынасы деп түсіндік.
Бір ұлттың болашағына балта шабу үшін әйелдерін аздыру ең оңай тәсілі!
Шыр етіп дүниеге келгенде кіндік қаным алғаш моңғолдың топырағында тамған. Бесікке бөленіп, үш рет құлағымның түбіне азан шақырылып ат қойылған қазақтың қызымын. 11 жыл Моңғолияда білім алдым. Қазақша жақсы жазып, анық сөйлеуімнің басты себебі ата-бабамыздан солай… Солардың берген тәрбиесі солай… 4-ші сыныпқа дейін ғана қазақ әдебиеті оқытылды. 5-ші сыныптан бастап оқу тәртібі бірыңғай моңғол тілінде өтті, қазақ тілі, әдебиет сабақтары мүлде алынып тасталды. Сонда да өзіміз қазақ жазушыларының том-том роман, поэзияларын жинап, оқып өстік. Қазір өзімде бар тілім сол Моңғолиядан бері жалғасып келе жатқан ілім-білімім, сауатым… бірақ, талай қазақ баласын көргенмін, біздің бір ауыз орысша сөзді дұрыс айтып түсіндіре алмағанымызға кекете күлгенін, қазақтың қара жалпақ тілімен айтқанда кө…н ашып күлгендерін… Соныма қарап кейбіреулер надан санап та отырған шығар бәлкім?! Өйткені Қазақстанда орыс тілі бәрінен де маңызды рөл атқарады ғой.
Арысын айтсақ, ислам дінінде, берісін айтсақ қазекемнің өз ішінде еркектің басын қадірлеген халықпыз! «Алтын басты әйелден бақыр басты еркекті» жоғары қойған қазақпыз! Қазіргі заманымызда еркек пен әйелдің дәрежесі тең түсті. Тіпті, кейбір еркектерімізден әйелдеріміз жоғарыға көтерілді… Кезіндегі нар тұлға, еңгезердей, айбарлы еркектеріміздің тұқымы бүгінде кішірейіп, ұсақталды… «Әйел азса заман азады» деген қазақта сөз бар! Ел мен елді жауластыратын де әйел, достастыратын да әйел! Еркектің белінен тарайтын ұрпақты жалғастырып өмірге әкелетін әйелдің құрсағы! Сондықтан бір ұлттың болашағына балта шабу үшін әйелдерін аздыру ең оңай тәсілі!
Сыртта жүрген қазақтардың ата-бабаларының қандай тағдырдың тауқыметімен өмірден өткенін сіз қайдан білесіз! Тірідей терісінен сыпырып, тұлып қылып Прагаға апарып іліп қойған қазақтардың айтылмаған қаншасы жатыр арғы жағында… Оларды қайда қоймақсыз? Сіз білетін шеттегі қазақтар бүгінгі мына менмін! Еш тағдырдың тауқыметін тартпаған, өмірдің қиындығын көрмей өскен мені ғана білесіз… Әрине ой-пікір өзіңіздікі. Бірақ менің ата-бабамды білмейсіз! Бүгінгі егемен Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуіне тұрғылықты қазақтарының өткен ата-бабаларының зор үлесі барын әбден білеміз! Біз ғана Қазақстанда қалып қорлыққа төзіп елімізді қорғадық, басқалары сыртта рахат өмір сүріп келді деген шала сауатты ойлар құртады бізді…
Қара шаңыраққа келіп алып, төрге таласқан қай қазақты көріп жүрсіз? Сіздің жатсынбайтын сырттан келген ағайындарыңыз шаңырағыңыздың төріне таласып жүрген жоқ, тек босағаңда сығалаған итің құсамай, үйіңнің ішінде төселген оюлы сырмағыңның бір шетінен орын алып, жайғасқан бауырыңдай болсам дейді…Есіктен кіре салып төрге шапшысам демейді… Шаңырақ иесі өздерің, төрдегі орын да өздеріңе. Тек есіктен кірген бауырластарыңа үйлеріңнің оң жағынан бір орын берсеңдер сол да жетеді…».

Болат Аюханов