Азаматтың қанаты ғой ат деген!

Азаматтың қанаты ғой
Ат деген!
Атым барда,
Сәтім бар ма,
Қап! – деген.
Шапқан сайын
Шабытымды лаулатып,
Құшағыма симай бара жатты
Әлем!
Жібек жалы
Асау желге таралған,
Керімім-ай,
Кеңістікке жаралған!
Боз даланы бауырында билетіп,
Атқа шапқан ұлда қандай
Бар арман?!
Шу, жануар,
Бет түзейік көк белге,
Елден бұрын жеткіз мені
Көктемге!
Елден бұрын жеткіз мені
Арманға! –
Тұлпарыма қамшы бастым,
Деп мен де.
Құба кеште қалықтаған
құстайын,
Ұшты-ай байғұс,
Ұшты-ай күрең,
Ұшты-ай бір!
Кең жазықты қаусырардай
көсілді,
Дегендей-ақ,
Тізгініңді ұстай біл!
От тұяқтар ойды оятып,
Қырды асап,
Дөңгеленді жусанды еңіс,
Жылға, шат.
Тақымымды таралғыға
толтырып,
Қарық болып қалдым мен де
Бір жасап!
Азаматтың қанаты ғой
Ат деген!
Атым барда,
Сәтім бар ма,
Қап?! – деген.
Шапқан сайын
шабытымды лаулатып,
Құшағыма симай бара жатты
Әлем!
Темірше Сарыбайұлы —
Қазақ әдебиеті