Меркі ауданында облыс бойынша алғашқы болып пантамен емдеу орталығы ашылды

Мерейлі Меркі жеріне еліміздің түкпір-түкпірінен жанына шипа іздеп келетін жандар үшін «Меркі Радон» шипашайында жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр.

Аталған орталықта пантамен емдеу процедураларының ішіне термокүбі, буындарға қойылатын панталық қосымшалар, бет пен декольте аймағына панталы жасартатын маска, панталы микроклизма, пантокрин тұнбалары сияқты емдеу шаралары енеді.

Пантамен емдеуге «Бурабай Даму» марал шаруашылығынан жеткізілетін табиғи емдік шикізат қолданылады.

Жалпы пантамен емдеу – адам ағзазы үшін өте пайдалы саналады. Бұл мезгілсіз қартаюдың алдын алудың, иммундық жүйені нығайтудың, күйзелісті басудың және жүйке жүйесін қалпына келтірудің, ағзадан шлактарды шығарудың тиімділігі жоғары әдісі, сондай-ақ радикулитпен, буын ауруларымен, атеросклерозбен, физикалық және жыныстық әлсіздікпен, жүрек ауруларымен күресудің қуатты табиғи құралы.

Бас дәрігер Алия Тасжүрекова пантамен ем алған адамдардың ұйқысы қалыпты жағдайға келіп, иммундық жүйесі және жалпы ағзаның қорғаныш функцияларының белсенділігі артады дейді. Сондай-ақ, суыққа төзімділікті арттырып, тірек-қимыл жүйесінің жағдайын жақсартып, теріні жасартады екен.

Бас дәрігердің айтуынша, ашылғанына көп болмаса да қазірдің өзінде пантамен емдеу орталығына келушілердің қатары қалың және облыс және республиканың аймақтарынан өтініш түсіріп жатқан азаматтар да баршылық екен.