Менторлық сағатта – көшбасшы ұстаздар

Орал қалалық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинеті мұғалімдерге қолдау көрсетуді басты назарда ұстайды. Соның ішінде әдістемелік кабинеттің «Жас мамандар мектебі» бірлестігі жас ұстаздарға психологиялық қолдау көрсету, кәсіби деңгейлерін жетілдіру, педагогикалық шеберліктерін шыңдау және бағыт-бағдар беруде жүйелі жұмыстарды жүргізуде.

Қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Көшбасшы болудың сыры неде?» тақырыбындағы аға буын – шебер ұстаздармен өткен менторлық сағат осы жұмыстар аясында ұйымдастырылды. Жас мамандар үшін маңызы, тағылымы мол болған іс-шараға қаланың білім беру жүйесіндегі көшбасшы ұстаздар – Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің шебер педагогі, Білім беру ісінің үздігі, «Ерен еңбегі» медалінің иегері, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері Гүлзихан Тасқарина мен №42 «Ақ ниет» мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің шебер ұстазы, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Раухан Бердіғалиева арнайы шақырылды.

 

 

Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің базасында ұйымдастырылған шараны мектеп директоры Шынар Октябрьқызы Сағынғалиева ашып,  «Жас мамандар мектебінің» жетекшісі Ләззат Құсайынова жүргізді. Шебер ұстаздар Гүлзихан Үмбетқызы мен Раухан Жылқыбайқызы жас мамандар бойында көшбасшылық қасиеттің қалыптасуы, осы реттегі тәлімгердің рөлі, сабақ беруде әдіс-тәсілдерді таңдап, қолдана білу, мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас, дарынды шәкірттермен жұмыстану бағытындағы іс-тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіби құзыреттілікті арттыруда жас әріптестеріне жігер берді.

Менторлық сағат тәжірибелі педагогтардың шеберлік сабағымен жалғасын тапты. Жас мамандар да белсенділік танытып, өз ойларын ортаға салды. Тағылымды шараны қалалық білім беру бөлімінің  әдіскері  Әлима Тасимова қорытындылап,  жас мамандарға сәттілік тіледі.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

БҚО Орал қаласы