Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздігіміздің тұмары, елдігіміздің айғағы!
Киелі Түркістанда елді отансүйгіштікке шақыратын бастамалар тұрақты түрде жүзеге асып келеді. Негізгі іс-шаралардан бөлек арнайы түсіндірме жұмыстары мен патриоттық тәрбие беретін тағылымды жобаларға баса мән беріледі. Мұны тарқатып жазар болсақ, осы бағытта Түркістан қаласында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі Қазыбек би атындағы №14 мектеп жанындағы жазғы лагерь тәрбиеленушілерінің қатысуымен «Рәміздерім – мақтанышым» атты елжандылық кеші ұйымдастырылды. Іс-шара барысында балалар Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранның шығу тарихымен танысып, олардың маңызы туралы мәліметтер алды. Түрлі танымдық ойындар мен сұрақ-жауаптарға қатысып, Отанға деген сүйіспеншіліктерін өлеңдер мен әндер арқылы жеткізді. Кеш соңында белсене қатысқан оқушыларға, кітапхана атынан алғыс хат табысталды. Кештің мақсаты – жас ұрпақтың бойында мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыру, елжандылық рухты нығайту. Сонымен қатар Түркістан қалалық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен Мырзахан Пошанов атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Ел рәміздері еркіндік нышаны» атты тақырыпта оқушылар арасында елжандылық кеші өтті. Шарада Қазақстан Республикасының Гимні орындалды. Негізгі мақсаты оқушыларды Отансүйгіштікке, адамгершілікке, Отанына, халқына адал қызмет етуге, елінің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеп құрметтеуге, халқының тегін, тарихын білуге тәрбиелеу. Шараға мектеп оқушылары қатысып, рәміздер туралы жыр шумақтарын мәнерлеп жатқа айтты. Ал Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 9 кітапхана мен Заманауи кітапхана бірлесе отырып, «Рәміздер – ел мақтанышы» атты патриоттық сағат өткізді. Іс-шара барысында оқырмандарға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері – Ту, Елтаңба және Әнұран туралы жан-жақты мәлімет берілді. Рәміздердің шығу тарихы мен маңызы түсіндіріліп, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу және мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге баулу мақсатында мазмұнды әңгіме жүргізілді. Қатысушылар өз ойларын ортаға салып, ел рәміздеріне деген құрметтерін білдірді. Іс-шара жоғары деңгейде өтіп, көпшілікке рухани-патриоттық әсер қалдырды.
Түркістанда жақында ғана өткен келесі іс-шара қала тұрғындарын отансүйгіштікке тәрбиелейтіні анық. 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Түркістан қаласында Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті. Маңызды іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, мәслихат депутаттары, мемлекеттік орган басшылары, қоғам белсенділері, спортшылар, жастар және тұрғындар жиналды. Салтанатты рәсім барысында Мемлекеттік Ту көкке көтеріліп, жиналған жұртшылық Мемлекеттік Әнұранды шырқады. Бұл – ел бірлігі мен мемлекеттік нышандарға деген құрметтің жарқын көрінісіне айналды. Облыс әкімі тұрғындарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл күннің тарихи және рухани маңызына тоқталды. «4 маусым – Тәуелсіз Қазақстанның айбынын айқындайтын, елдігіміз бен егемендігімізді әлемге танытатын ерекше күн. 1992 жылы дәл осы күні Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз ресми түрде бекітіліп, тарихымыздың жаңа парағы жазылды. Тәуелсіз елі, Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны бар біз – бақытты халықпыз! Азат еліміздің көк байрағы әрдайым биікте желбіресін! Ел бірлігі нығайып, Қазақстанымыз өркендей берсін! Көк байрағымыз – бейбітшілік пен азаттықтың белгісі, Елтаңбамыз – ел тұтастығының нышаны, ал Әнұранымыз – халқымыздың асқақ рухының көрінісі. Бүгінде Қазақстанның Көк туы халықаралық ареналарда, Олимпиада төрінде биікте желбіреп келеді. Бұл – азат елдің абыройы мен мәртебесінің айғағы Мемлекеттік рәміздер – ел тәуелсіздігінің, ұлттық бірегейліктің және халқымыздың рухани тұтастығының символы. Оларды құрметтеу – әр азаматтың абыройлы борышы» деді Нұралхан Көшеров. Мерекелік іс-шарада патриоттық әндер шырқалып, жұртшылық көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.
Қала тұрғындарына ерекше қуаныш сыйлаған келесіге іс-шараға тоқталайық. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнінде Түркістан қаласында 512 отбасы, яғни 3 мыңнан астам адам баспаналы болды. Қаладағы «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде қоныс тойын тойлап жатқан отбасылардың қатарында әлеуметтік осал топ және көпбалалы отбасылар бар. Ал былтыр облыс көлемінде 3564 азаматқа пәтер кілті табысталды. Түркістандық тұрғындардың қуанышын бөлісуге арнайы барған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жаңа пәтер кілттерін табыстап, ізгі тілегін жеткізді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттыру мен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуді үнемі басты міндет ретінде белгілейді. Осы міндеттерді жүйелі жүзеге асырудың нәтижесінде өңірімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, мыңдаған азаматтың тұрғын үй мәселесі шешімін табуда. Былтыр тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 3564 пәтер берілсе, осы жылы 2292 пәтер беруді жоспарлап отырмыз. Бүгін тағы да 512 отбасының қуанышы еселеніп отыр. Шаңырақтарыңыздан шаттық пен береке кетпесін! Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын!» деді Нұралхан Оралбайұлы. 2025 жылғы 24 мамырдан бастап күшіне енген тұрғын үй заңнамасындағы өзгерістерге сәйкес тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу, кезектілігін жүргізу және тұрғын үйлерді бөлу функциялары «Отбасы банк» АҚ-ға берілді. Бүгін баспана кілтін алған тұрғындар – жаңа тәртіп бойынша «Отбасы банк» арқылы іріктеліп, жолдама алған алғашқы азаматтар.
Жарқын болашақ саналы ұрпақпен бірге келеді. Бұл бағытта қала тұрғындарының денсаулығы да аса маңызды. Соңғы жылдары салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар саны артып келеді. Мемлекеттік рәміздер күнінде Түркістанда ұйымдастырылған таңғы жаттығуға 2000 адам қатысты. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бастамасымен киелі шаһарда жалпы халықтық таңғы жаттығу ұйымдастырылды. Іс-шараның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин сөз сөйлеп, жиналған қауымды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады. Ол мемлекеттік рәміздердің ел бірлігі мен тәуелсіздігінің басты нышаны екенін атап өтіп, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығына тоқталды. Жалпы халықтық жаттығуға Түркістан қаласы мен Сауран ауданындағы спорт мекемелерінің қызметкерлері, жаттықтырушылар, жастар, спортшылар және спорт саласының мамандары қатысты. Қатысушылар арнайы бағдарлама бойынша дене жаттығуларын орындап, бұқаралық спортты насихаттаумен қатар, мемлекеттік рәміздерге деген құрметтерін көрсетті. Түркістан қаласында өткен таңғы жаттығуға 2000-ға жуық адам қатысып, дене белсенділігін арттыру мен патриоттық құндылықтарды дәріптеуге өз үлестерін қосты. Сонымен қатар, Мемлекеттік рәміздер күніне арналған іс-шаралар Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында бір мезетте ұйымдастырылып, оған жалпы саны 10 мыңға жуық тұрғын қатысты. Ауқымды спорттық іс-шара тұрғындарды салауатты өмір салтына баулуға, бұқаралық спортты дамытуға, сондай-ақ қоғамдағы бірлік пен отансүйгіштік рухты нығайтуға бағытталды.


