Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект туралы» ҚР Заңына қол қойды
Заң арқылы жасанды интеллект жүйелері қызметінің негізгі қағидаттары енгізілді. Жасанды интеллект жүйелері ақпараттандыру нысаны ретінде анықталды. Енді жасанды интеллект адамның белгілі бір міндеттерді орындау құралы ретінде қарастырылады. Осыны ескере отырып, заңда жауапкершілік және бақылау қағидаттары бекітілді. Соған сәйкес, меншік иелері мен пайдаланушылар жасанды интеллект жүйелерін қолдану кезінде өзінің атқаратын рөліне қарай жауап береді. Меншік иелері мен пайдаланушыларға жасанды интеллект жүйелерінің жұмыс істеуі мәселелері бойынша тәуекелдерді басқару, қауіпсіздік пен сенімділікті қамтамасыз ету, қолдау көрсету міндеттері жүктелген.
Сонымен қатар заңдылық, әділеттілік, теңдік, ашықтық және түсініктілік, адам игілігіне басымдық беру, оның шешім қабылдаудағы еркіндігі, деректерді қорғау және құпиялылық, қауіпсіздік пен қорғаныс қағидаттары бекітілді. Жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында бірқатар мүмкіндіктерге ие жасанды интеллект жүйелерін құруға және пайдалануға тыйым салынды (түпсаналық, манипуляциялық немесе жеке деректер туралы заңнаманы бұзу арқылы жеке деректерді жинау және өңдеу әдістерін қолдану; басқа да мүмкіндіктер). Жасанды интеллектіні қолдану нәтижесінде жасалғанынан хабардар болу үшін мұндай тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді таңбалау талабы енгізілді.
Жасанды интеллект жүйелерін жасауға және үдемелі дамытуға арналған платформалар құрудың әлемдік тәжірибесін ескере отырып, ұлттық жасанды интеллект платформасының қызметіне қатысты заңнамалық негіздер қалыптастырылды. Платформа шектеулі мерзім ішінде бағдарламалық өнімдерді, жасанды интеллект моделдерін әзірлеуге, оқытуға және сынақтан өткізуге пайдаланылады.
Биыл Алматыда AlmatyFair.ai атты жасанды интеллект (AI) саласындағы ең ірі көрме өткен болатын. Бұл іс-шара жетекші IT-компаниялар, стартаптар мен AI саласының сарапшыларын біріктіретін бірегей алаң болды. Көрме бизнес, әзірлеушілер мен жасанды интеллектке қызығушылық танытқан кез келген адамға осы саладағы жетістіктермен танысып, тәжірибеде қолданылуын көру мүмкіндігін ұсынды. AlmatyFair.ai жасанды интеллект бүгінде өндіріс, қаржы, мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын қалай түрлендіріп жатқанын айшықтады. Қонақтар GovTech, BigTech, Smart City бағыттарындағы озық шешімдермен танысып, IT-компанияларға, өндірістік инновацияларға, білім беру жобаларына арналған аймақтарды және стартаптар аллеясын тамашалай алды.
AlmatyFair.ai көрмесіндегі басты оқиғалардың бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылып жатқан alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының таныстырылымы болды. alem.ai Қазақстан жасанды интеллект шешімдерінің экспортын 2029 жылға дейін $5 млрд дейін ұлғайтуға мүмкіндік беріп, сондай-ақ бизнес пен таланттарға жаңа мүмкіндіктер ашады деп күтілуде. Орталық жасанды интеллект саласындағы мыңдаған маманды оқытуға, стартаптарды іске қосуға және ғылыми зерттеулер жүргізуге ықпал етеді.
Кадрлар даярлау және адам капиталын дамыту мақсатында Қазақстан 5 жыл ішінде 1 миллион адамды оқытуды жоспарлап отыр. Осы бастама аясында 2024 жылдың қазан айында Astana Hub өңірдегі алғашқы жасанды интеллект мектебі – Tomorrow School-ды іске қосты. Бұл мектеп AI саласындағы мамандарды даярлаумен айналысады. Сонымен қатар, көрме алаңында стратегиялық меморандумдарға қол қою жоспарланған, соның ішінде Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы TUMO креативті технологиялар білім беру орталығын құру жөнінде TUMO Ventures компаниясымен келісім жасалады. Халықаралық TUMO желісіне кіретін бұл орталық мектеп оқушыларына озық цифрлық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беріп, елдегі технологиялық білім беруді дамытудағы маңызды қадам болмақ.
AlmatyFair.ai-де Central Asian Innovation Hubs қызметі ұсынылды. Бұл – Орталық Азияның ірі технопарктері альянсы. 2024 жылы Astana Hub пен IT Park Uzbekistan аталған бренд аясында стартап-экожүйені дамытып, инновацияларды жаһандық деңгейде ілгерілету үшін күш біріктірді. Ынтымақтастық аясында екі елден 39 стартап INMerge Innovation Summit, Web Summit 2024 және TechCrunch Disrupt 2024 алаңдарында таныстырылды. Бұл серіктестік өңірлік бірегейлікті нығайтып, инновациялық бастамаларды халықаралық деңгейде ілгерілетуге жаңа мүмкіндіктер ашады. AlmatyFair.ai көрмесін Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырды.
Г. Тұрсынқожа

