Марапат иелерін тапты

Ақордада Елбасы қатысқан Қазақстан Республикасының  Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналысты аудан әкімдігі, мәслихат аппараты және бөлімдер аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында тікелей эфирден тамашалап, Нұрсұлтан Назарбаевтың  құттықтауын тыңдады.

Н.Назарбаев  Тәуелсіздік жылдарының басты жетістіктерін атап өтті. Еліміз алға мақсат етіп  қойған «Қазақстан-2030» стратегиясына екі есе бұрын мерзімде жеткенін  айтты. Елбасы медицина саласында Юрий Пя мен Серік Ақшолақовтың жасаған еңбегін ерекше атады. Жүрекке ота жасату барлық өңірде де жүргізілетіні, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарған соң, баланың өмірге келуі де жиілегені қуантады. Келесі жылы бала туылғанда берілетін бір реттік жәрдемақы 20 пайызға дейін көтерілетін болады.

–Қымбатты қазақстандықтар! Әлем халықтарының  тарихына жүгінсек, жаңа мемлекет құру мәртебесі ұрпақтың ең  ұлы буындарына бұйырған екен. Осы бақытты буын, бүгінгі заманауи қазақстандықтар, ұлы буын – сіздер, қазақстандықтар.

25 жылда сүріп өткен ауыр да абыройлы жолымыздың мәні тұтас ғасырлармен тең деп айтуға болады. Қазақстан Республикасының ширек ғасыры – Еуразия жүрегінде, Ұлы далада жазылған мыңжылдық тарихтың жаңа дәуірі. Біздің кең байтақ даламыз – ғасырлар бойы сан алуан өркениеттерді тоғыстырған  тоғыз  жолдың торабы. Батыс пен Шығыс, Солтүстік пен Оңтүстік осында Ұлы Жібек жолының бойынан өтеді. Қасиетті Алаш елінің жылнамасы  күллі адамзаттың  тарихындағы талай-талай ұлы оқиғалардың шежіресі. Мұнда сан түрлі тайпалар мен халықтар, олардың құдіретті одақтары мен империялары  пайда болып, асқақтаған. Мыңжылдықтар тоғысында біздер сол заманның көптеген  ғажайып жәдігерлері мен көне дәуірлердің теңдессіз мәдениеті жайлы көп  тосын жаңалықтарды жеткіздік. Біздің Ұлы даламыз қазіргі түркі тілдес халықтарының  бәрі өрбіген алып  бесік іспетті. Барша түркінің баласы Алаш туралы аңыздар, Қорқыттың күмбірі бөлек күйлері, Күлтегін жырындағы келешектер, бәрі-бәрі қазақ жеріне тікелей қатысы бар тұтас түркі руханиятының күре тамыры болып саналады.

Біз пешенемізге жазылған тарихи міндетті мүлтіксіз орындаудамыз. Құрметті отандастар, ағайын, халқым! Барша халқымызды және бүкіл шетелдік отандастарымызды Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық  мерейлі белесімен шын жүрегімнен құттықтаймын! Бәріңізге болашақта мерейлі табыстар тілеймін! Көк байрағымыз ашық аспанымызда  мәңгі желбірей берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын!  Ұлы белестерді бағындыруда алға, Қазақстан! Ұлы мақсаттарды орындауда алға, халқым!- деді Елбасы.

                           fb_img_1481818482954     fb_img_1481818476758

Салтанатты жиыннан соң Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз-2016» республикалық конкурсына қатысқаны үшін Қазақстан  Республикасының Денсаулық сақтау және  әлеуметтік даму министрінің алғыс хатын «Жібек жолы» ЖШС директоры Ғанимат Нұрмұхановқа және «Жаужииев К.Т.» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Қуаныш Жаужиевке  салтанатты түрде табыс етті. Жымпиты  ауылы бойынша № 290 учаскелік сайлау комиссиясының  төрағасы, Сырым колледжінің директорының оқу өндірісі жөніндегі орынбасары Жалғас Жоламановқа  Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы төрағасының  алғыс хаты тапсырылды.

fb_img_1481818834358

Аудан басшысы «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісін жуырда зейнетке шыққан ардагер кітапханашы Мәлика Ихсанованың өңіріне тақты.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА,

БҚО, Сырым ауданы