МАҢҒЫСТАУДА СОҢҒЫ 7 КҮНДЕ КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРҒАНДАР ТІРКЕЛГЕН ЖОҚ

Маңғыстау облысында соңғы бір аптада коронавирус жұқтырғандар тіркелген жоқ. Бұл туралы облыстың қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлім етті.

«Соңғы 7 күнде короновирус жағдайы тіркелген жоқ. 27 наурызы мен 7 қыркүйек аралығында 3334 «COVID -19» вирусын жұқтырған адамдар саны тіркелді. Оның ішінде 1140 шағымы бар, 2194 шағымсыз науқас анықталып отыр. Облыста барлығы коронавирустың шағымы бар түрін жұқтырған 1140 науқас тіркелді, оның ішінде Ақтау қаласы – 467, Жаңаөзен — 157, Түпқараған -38, Қаракия – 74, Маңғыстау – 41, Мұнайлы – 165, Бейнеу – 198 болды», — деді Ғ.Надуев.

Ғазиз Надуевтың мәліметінше, облыста вирус жұқтырғандардың ішінде 74-і медицина қызметкерлері.

«Инфекция жұқтырғандардың ішінде медицина қызметкерлері-74, мүгедектер-9, жұмыссыздар-283, оқушылар-42, ұйымдаспаған балалар-33, зейнеткерлер-261, әскери бөлімдерден- 18, кенорындағы тамақтандыру Каспиан Фуд мекемесінен – 9, әскерге шақырылғандардан -4, ТеңізшеврОйл қызметкерлері — 35, өндірістік мекемеде -129, мемлекеттік қызметкерлер – 24, студенттер- 21, тағы басқалар — 165, бала-бақша қызметкерлері мен мұғалімдер-23, ішкі істер қызметкерлері-10», — деді ол.

Бүгінде облыста ПТР тәсілімен тест алатын барлығы 5 мемлекеттік және жеке меншік зертхана бар. Онда бүгінге дейін 107581 адам тексеріліп, оның 3334 оң нәтиже берді. Аймақтағы ұлттық сараптама орталығында бүгінгі таңда 9811 тест сынамасы бар.

17-ші тамыздан бастап кезең кезеңімен нысандардың ашылуына байланысты бүгінгі таңда 5020 нысан жұмысын қайта бастады.

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ КОММУНИКАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫ