МАХМУД ҚАШҚАРИ ТУРАЛЫ

 

Орта ғасырдың ұлы ғалымы Махмуд Қашқаридың «Дивану Лұғат ат-түркі» жазылғанына 900 жыл толуына байланыс­ты совет туркологтарының Ферғанада арнайы конференциясы өткеніне көп уақыт болған жоқ. Бұл форумда ғалым еңбегінің бүгінге дейінгі зерттелу жайы молынан сөз болып, бұдан былай да тия­нақты зерттеле беретіндігі көрсетілді. Өйткені түркі тілдерінің барлық саласынан мол дерек беретін бұл еңбек әлі де толық зерттеліп болған жоқ-ты.
Сонау замандардан күні бүгінге дейін басы ашылмай жүрген, ғылыми тұрғыдан толық дәлелін таба алмай келген бір нәрсе – осы үлкен ғалымның қай жерден, қай ұлттан екендігі туралы жобалаулар болатын.
Жоғарыда айтылған одақтық үлкен жиынға жүзден астам белгілі ғалым мен түрколог келіп, отыздан артық баяндама тыңдалды. Әркім өзі зерттейтін саласы бойынша келелі-келелі мәселелерді орта­ға салысты. Қазақстаннан барған бел­гілі ғалымдарымыз Ғ.Мұсабаев пен Ә.Құрыш­жанов та солардың бірі болып ойға ой қосысты. Қомақты зерттеулермен барған қазақ ғалымдары бұл жолы айт­арлықтай олжалы қайтты. Бұл олжа із­денімпаз ғалым Ғ.Мұсабаевтың еңбегі­мен тікелей бай­лан­ысты. Ол Махмуд Қаш­қаридың жазбаларын негізге ала отырып, туған жерін анықтады. Ғалым Махмуд Қаш­қари­дің Жетісу жерінде дүниеге кел­генін нақты деректерге сүйене отырып дәлел­деген. Анығырақ айтқанда, ғалым қазіргі Алматы облысына қарасты Кеген аудан­ындағы Үшқия деп аталатын мекенде туған. Қазақтың үлкен руларының бірі – үйсіннің бір тармағы Дулаттан шыққаны жөнінде де нанымды деректемелер келтірілген.
Осы арада бір-екі нәрсенің басын аш­ып алу керек сияқты. Біз профессор Ғ.Мұсабаевтың көп жыл бойы зерттеген еңбегінің негізсіз еместігін айтқымыз келеді. Біріншіден, ұлы ғалымның (Махмуд Қашқари) өзі туған жер туралы айтқан жобасы Ыстық көлдің солтүстік жағын­дағы Кегенге қарасты Үшқиямен тура келгендіктен, оның Жетісуға қарасты ай­мақта туғаны дауласып жатуды керек ет­пейді. Сондай-ақ ол кезде үйсін жерінде қаңлы мен үйсіннен басқа аралас өмір сүрген белгілі тайпа жоқ болатын. Үйсін­дер мен қаңлылардың тайпалық құрамын таза сақтауға екі жағдай бар еді. Оның бірі – бұл тайпалардың әрi ipi, әрі күшті, кім болса соған бағынбағандығы болса, енді бірі батыс пен шығысты, түстік пен терістікті араластырып жіберген моңғол шапқыншылығы болмаған кез еді.
Ғ.Мұсабаевтың пікірін қолдауға екінші негізіміз – Maxмуд Қашқари дүниеге кел­ген ХІ ғасырда Жетісу жеріне ұйғырлар әлі қоныстанбаған болатын. Бұған да бірнеше тарихи жағдайлар себепкер еді: ең алдымен, ІХ ғасырдың ортасына дейін ұйғырлар қағанаты қазіргі моңғол жерінде орын тепкен еді де, 840 жылы қырғыз­дардан ойсырай жеңіліп, қатты күйреу­шілікке ұшыраған-ды. Халқы аяусыз қыр­ылып, қуғын-сүргінге түседі. Сол бос­қаннан ұйғырлар жайлы орын, тыныш өмір іздеп, бір бөлегі батысқа, ал негізгі бөлегі шығысқа қарай шашырай бастайды. «Батысқа қарай ауған топтары сол кездегі мықты тайпалардың бірі – қимақ­тардың қол астына енеді. Қимақтардың территориясы Ертіс пен Еділге дейін созы­лып жататын»,– дейді тарихшы ­
Б.Көмеков «Государство кимаков IX-XI веках» дейтін еңбегінде. Ұйғырлардың шығысқа беттеген бөлегі қай араларда мекен ете бастағаны жөнінде кейбір деректер М.Қашқари еңбегінен де байқалады. Оның көрсетуінше, ХІ ғасырдағы «ұйғыр­лардың шекарасы Кумул, Кушар қала­лары». (Дивану Лұғат ат түркі, 1-том, 384 бет). Ол аталған жерлер қазіргі шығыс Түркістанның Қытаймен шекараласатын тұстарына таяу жатыр. Тіпті, одан да әрі­леп Гансу, Шәнси өлкелеріне дейін шегінуге мәжбүр болғаны туралы да деректер кездеседі. М.Қашқари тағы бір жерінде кеуші деп аталатын салмақ өлшемін (3 келіге тең) түрік тайпаларының пайдаланатынын айта келіп, ол өлшемді «Қашқар­дан ұйғырларға дейінгі аралықта қолдан­ыла­тын өлшем құралы еді» деп жазады (Дивану Лұғат ат-түркі, 1-том, 395 бет). Егер Қашқар бұл кезде ұйғыр жері болса, салауатты ғалым Қашқар мен ұйғыр ара­лы­ғын бұлайша ажыратып жазбас еді.

Бұл дәуірдегі (Махмуд Қашқари туған кездегі) Қашқар туралы айтқанда, немесе шығыс Түркістанның батыс жағына келсек, түгелдей дерлік қазақ тайпаларының (Керей, жалайыр) қолында болатын. Сөзімізді одан әрі дәлелдей түсу үшін XIV ғасырда жасаған тарихшы Рашиддиннің жазбаларына жүгінейік. Кезінде Турандар мен Иран жерлеріне шейін билік құрған жалайырларды шүршіттер (қытайлар) ығыстырғаннан кейін, олардың (жалайыр­лардың) көбі Шыңғыс ханның ата-бабаларына құлдыққа беріледі. Соңынан Шыңғыстың өзі хан болған тұстарда солар­дың (жалайырлар) біразы ел билеген билер мен бектерге айналады (Жами ат тауарих, 1-том). Қытайлар жалайырларды ығыстырғанға дейін Қашқар қаласы жалайырлардың орталығы ретінде көп заман өмір сүргені туралы да шығыс жазбалары көп. Сонда айтарымыз – XI ғасыр­дың басында дүниеге келген Махмуд Қаш­қари қандай себептермен кейбір зерттеушілер айтып жүргендей ұйғыр тайпасынан шыққан болады.

Осы арада тағы да бір пікір қоса кеткіміз келеді. Махмуд Қашқари өмір сүрген ХІ ғасырда өзінің берік тұғырынан айрыла бастаған қаңлы тайпасын да ғалымның шыққан тайпасы деуге берік негіз бар. Бұ­ған дейін олар (қаңлылар) Шаш, Бұқара, Сыр бойларынан бері қарай үс­тем­дік еткен болатын. Кейін (қарлұқтар тұсында) мемлекет болудан қалса да, солар­дың құрамындағы негізі тайпаның бірі болады. Махмуд Қашқаридың «Қаң­лылар ыдырап бір тобы Чигілге, бір тобы Яғмаға, енді бір тобы көшпелілерге қосы­л­ып тілдік жақтан айырғысыз болып кетеді» (1-том, 495 бет) деп көрсетуі де сол кезеңнен мағлұмат береді. Ал «олардың көшпелілерге қосылған бөлегі Талас, Іле өзендерінің жағалауларына дейін жайыла қоныстайды» – деп жазды ХVII ғасыр тарихшысы Абулғазы БаҺадур-хан. Жетісу жерінде жойылып кеткен Алмалық қаласын қаңлылар орталық еткені жөнінде де тарихшылар жазып жүр. (Л.Бадавамов, «Ескі Алмалық», «Қазақ әдебиеті», 1970).
Кезінде қаңлылардың жетекші тайпа болғандығы жөнінде, тіпті Шыңғысхан шапқыншылығының қарсаңында Хорезммен біріге отырып, өз ықпалын сақтауға тырысқаны туралы жазылған деректер тіпті көп. Рашиддиннің аталған кітабында «қаңлылар көк Ертіске дейін созылады» дейтін бір жер тағы бар. Бұл, әрине Шың­ғысқа қарсы жорықтардың тұсында болған аумалы-төкпеліктің әсері екені бай­қалады. Сонда біздің айтайық дегеніміз – Махмуд Қашқаридың осы үлкен де тегеуірінді тайпа – қаңлыдан болуы да әб­ден мүмкін екендігі. Бұлай деуімізге қытай елшісі Джан-Кяннің (б. э. дейінгі 2-3 ғасырлар) қаңлы мен үйсін тайпалары­ның одағы туралы жазбалары да негіз береді. Ол «үйсіндер мен қаңлылардың тілі де, әдет-ғұрпы да бір халық. Бірін-бірі сыйлап төріне шығарады, ал біздерді (қытай адамдарын) менсінбей босағаға отырғызып қойды» (Н.Бичурин (ЯКНФ) часть-2) – дейді.

Қорыта келгенде, әрі жерлес, әрі тума ғалымымыз Махмуд Қашқаридың бай мұрасымен бірге өмірбаянының зерттелуі белгілі байыбын тапқалы тұр. әл-Фараби сияқты Махмуд Қашқари да – халқымыз­дың мақтанышына айналатын кесек тұлға.
Тоқтар АРЫНОВ,
«Қазақ әдебиеті» газеті
1974 жылы 12 декабрь