МАХАББАТ ОЛ ТАУСЫЛМАЙТЫН ӘҢГІМЕ……

Қыркүйек айында оқу басталды. бесінші қыркүйек күні қызымды іздеп, ол оқитын мектептің жатақханасына барсам, есіктің алдында отыратын кемпір: «Бұл араға келуге болмайды, аулақ кет», — деп ішке кіргізбейді.
Не істерімді білмей тұрғанымда, мектеп жақтан шашы қиылған, аяғына детдомский бәтіңке киген бір аппақ қыз келіп қалды. Интернаттың киімін киген қызды тоқтатып, Орынкешті сұрадым.
Ол Орынкешпен бірге оқитынын, бір бөлмеде тұратынын айтқанда: «Орынкешті шақырып жіберші» деп өтіндім. Дереу шақыратынын айтты.
Шақырушы қыздан да жауап жоқ. «Не боп қалды екен?» деп дегбірсізденіп мен тұрмын. Әлден уақыт өткенде, аппақ қыздың өзі ғана шығып келеді.
Тымпыңдаған аяғына тас байлап алғандай ілбіп басып, әрең қасыма келді де, басын төмен салып, үндемей тұрып қалды. «Орынкеш келе ме?» десем: «Жоқ.
Енді келмесін, маған көрінбесін деді» деген сөзін әрең үзіп-үзіп айтты. Мынадай сөзді естіген мен еріксіз жылап жібердім. Сол үшін Алматыдағы оқуымды тастап келгенде, көрінбесін дегені несі деп жабырқадым.
Жылап тұрып, қасымдағы қызға қарасам, ол да жылап тұр. «Сен неге жылайсың?» десем: «Саған жаным ашып кетті» дейді. «Саған жаным ашып кетті» деген сөзі жүрегімді дір-р еткізді. Мынау нағыз тазалықтың, адамгершіліктің белгісі ғой деген ой келді…
— Міне, сол қызбен Семейдің облыстық кітапханасында жиі ұшырасып қап жүрдік. Әр кездескен сайын Орынкешті сұраймын. Ара-тұра Орынкешке арнаған өлеңдерімді беріп жіберемін.
Ертеңіне: «Жауап жазды ма?» деймін. «Жоқ», — дейді ол. Үш жылдың ішінде Орынкешке 100 хат жазыппын. Осылайша ортамыздағы хат тасушы, дәнекер, өте адал қызбен достасып кетіп, Халимаға ғашық болдым.
Бірақ, оған ғашық екенімді білдіргенім жоқ. Өте тату, дос болып жүрдік. Бер жағым – дос, ар жағым – ғашық. Ол менің түпкі ойымды сезе ме, сезбей ме, білмеймін.
Тіс жарып айтпайды. Бірақ, маған деген достық қамқорлығында қапы жоқ болатын. Ылғи жанашырлық жасап жүретін. Өзара достық хаттар да жазысатынбыз.
Ата-анасы 32 жылғы аштықта өлген екен. Отбасындағы 7 баладан жалғыз өзі ғана аман қалғандығын және басынан кешкен азапты күндерін әңгімелегенде, менің де жүрегім қосыла жылап: «Орынкеш жақсы көрген қызым болса да, хат жазба депті.
Енді мен сені жақсы көрем. Екеуміз өскеннен кейін қосылайық. Жарай ма?» — деген ұсынысыма: «Біраз ойланайын» деді. Арада біраз уақыт өткенде ол: «Сенің көңілің адал, мен сені жақсы көрем. Бірақ, қоятын шартым бар.
Орынкеш саған тұрмысқа шықпай, өзгеге шығып кетсе ғана қосылам. Егер Орынкеш сені сүйетін болса, онда араларыңа кедергі болмаймын.
Бұл — бірінші шартым. Екінші шартым — оқуымызды бітірейік, институтты аяқтайық. Тағы бір шартым — сүйіспейміз, сүйкеніспейміз, ешкімге берілмейміз, ешкімге бермейміз, ешкімнен ештеңе алмаймыз», — деді. Біз осылай уәделестік…
Осылай үш жылды оқумен өткіздік. Одан кейін төрт жыл соғыс болды. Екеуміз де әскерде жүрдік. Үзбей хат жазысып тұрдық.
Енді ғашықтық жайы ашық айтылды. Ол да сезеді екен. Амандық болса, соғыс біткеннен кейін қосыламыз деп уәделестік.
Нұрғалима «Мен сіздің тілегіңізді қабыл алар едім. Бірақ уәде берген жігітім бар» деді. «Қызыл көрпе» өлеңі осы Меңтайға арналған болатын.
Қайтадан Халимаға хат жаздым. «Жақсы қыздар маған қарайтын емес. Өзіңе қосылып, бір жыл, бір ай, тіпті бір күн өмір сүрсем де, өзімді бақыттымын деп санаймын», – дедім.
Халимадай қыз таппайтыныма көзім жетті. Енді оның тез жазылып шығуын одан сайын тіледім. Асыға күттім. Бір жарым жылдан кейін ол емделіп, ауруханадан шықты. Екеуміз қосылып, 54 жыл бірге бақытты өмір сүрдік.
Халима екеуміздің бір-бірімізді тапқанымызға Орынкеш себеп болды. Егер ол болмаса, біз бір-бірімізді білмес едік. Орынкеш екеуміздің арамыздағы бала махаббат Халима екеуміздің мәңгілік махаббатымызға жол ашты.
Мен жан жарым қайтыс болғаннан кейін, оған арнап «Халима. Мәңгілік махаббат жыры» деген деректі шығарма жаздым.
***
«Махаббат, қызық мол жылдардағы» Меңтай да мен соғыстан кейін университетке түскенде өзіммен бірге оқыған қыз.
Шын аты Нұрғамила Нұрбосынова, қазір Кентау қаласында тұрады. Сол қаланың Құрметті азаматы. 30 жылға жуық сол қалада тұрып, ұстаздық қызмет атқарған. Былтыр ол кісінің 75 жылдық мерейтойы болды.
Ол тойға әрі курстасы, әрі өзі туралы жазылған романның авторы ретінде мен де шақырылдым. Бірақ, үш шарт қойып бардым: бірінші шартым – маған ат мінгізбеңдер, екіншісі – шапан кигізбеңдер, үшіншісі – конверт сыйламаңдар дедім.
Той соңында Меңтай-Нұрғамила (кейіпкерім ғой) сөз сөйлеп, былай деді:
– Сіздің үш шартыңыз да түгел орындалды. Бірақ, «Махаббат, қызық мол жылдар» романын жазған қолыңыз нәумез болмасын деп, шешем 15 жасымда саусағыма салған, 60 жыл өз саусағымнан түспеген мына алтын сақинаны Сізге сыйлауға рұқсат етіңіз, – деп сақинаны өз саусағынан суырып, менің саусағыма кигізді.
Бұл бір жан толқытарлық ғажап оқиға болды. Баяғы Естай ақынның Хорлан қыздан алған алтын сақинасы есіме түсті. Бірақ, Естай мен Хорлан ол кезде 20 жасқа жетсе, жаңа ғана жеткен болар. Естай ол сақинаны өле-өлгенше саусағынан суырмаған екен.
“Өлгенімде осы сақинаны өзіммен қоса көміңдер» деп және өсиет еткен.
Мен болсам 80-ге келдім. Бұл сақинаны сақтарлық қанша уақыт қалды менде? Бірақ мен бұл сақинаны жер астына алып кетпеймін.
Елу төрт жыл бойы әдеби серігім болып, әр шығармама ақыл, кеңес берген, бар жазғандарымды баспаға әзірлеп, қашан кітап болып шыққанша гранкаларынан көз жазбай қадағалап отырған, сөйтіп, менің жазушы, азамат атағымды аспандатқан сүйікті жан жарым Халима қалдырып кеткен алтын сақина мен кейіпкерім сыйлаған алтын сақинаны өзім өлгеннен кейін мұражайға тапсырылсын деп өсиет етермін.
Бұл екі сақина менің шығармашылық еңбегімнің куәсіндей болып, кейінге қалар деп ойладым.
Мен неге Меңтайдың тойына үш шарт қойып бардым? Ең алдымен, бұл менің дүниеқор еместігімнен болар. Екіншіден, тойыма авторым келе жатыр деп шала шабылмасын деп қарт ұстазды аядым.
Мұғалімдерде қай жетіскен жалақы, қай астатөк зейнетақы бар? Қазір қарызға ешкім ақша бермейді. Кейіпкерім қиналмасын деп ойладым…
Әзілхан Нұршайықовтың көзі тірісінде әр басылымға берген сұхбаттарынан іріктеліп жазылды.