КИЕ ҚОНҒАН ДОМАЛАҚ АНА……..

— Қаратаудың етегін жайлаған, өз заманында би де,шешен де, көсем де болған,бақ қонған Бəйдібек бабаның үшінші əйелі болған «Домалақ ана» тектен-тек Əулие ана атанбаған. Ол туралы айта берсең аңыз да, шежіре де жеткілікті. Кесенесіне игі тілекпен барып, перзентті болғандар да жетерлік.
БІЛЕНІҢНЕН ЕҢ АЛҒАШ КІМ ҰСТАСА СОҒАН ТҰРМЫСҚА ШЫҒАСЫҢ.
Домалақ ананың шын есімі- Нұрила. Араб тілінен алынған негізгі мағынасы-Алланың нұры деген сөз. Оңтүстік өңірде кең етек жайған көптеген рудың түпкі анасы болып табылатын Домалақ ананың тұрмысқа шығуының өзі аңызға бергісіз.
Нұрила Қожа Ахмет Йассауи бабамыздың ұрпақтарына туыс болып келетін қожа қызы екен. Əкесі — Әмір Темір Көрегеннің қолбасшыларының бірі болған Əли Слан сол кездегі көп соғыстардың бірінде қайтыс болады.
Əйгілі Әмір Темір Көрегеннің əскерін басқарып, Алтын Ордаға кетіп бара жатып əйелі Нұрбике (Уəйіс ханның апасы) мен қызы Нұриланы Түркістандағы əкесі Мақтым Ағзам қожаға қалдырады.
Анасы да жылан шағып қайтыс болып, Нұрила ерте ата-анасынан айырыладв да, ата-əжесінің тəрбиесінде өседі. Атасы сол кездері Түркістандағы бір мешіттің имамы болып жүреді.
Сонда Мақтым Ағзам қожа Йассауи мешітінің құрылысына бар жұмыс күшімен,азық-түлігімен қамтамасыз етіп жүрген. Сол мешітке көп еңбек сіңірген Бəйдібекпен танысып,дос болады.
Бір сапарында Бəйдібек Нұриланың атасын Қаратау қойнауына,өз еліне қонаққа шақырып,кейін сонда бала оқытумен айналысып, тұрақтап қалыпты. Атасы мен əжесі өмірден озған соң Нұрила Бəйдібек ауылында бой жетеді.
Қанша рет құда түсіп келсе де, кері қайтарып келісімін бермеген Нұрила 18 ге толғанда ауыл əйелдері одан сыр тартады. Неге тұрмысқа шығуға келісімін бермейтіндігін сұрағанда ол оның ері тек Бəйдібек би ғана болатынын, өзге ешкіммен тұрмыс құрмайтындығын айтады.
Нұриланың атасы көз жұмар шағында: «Сен қасиет қонған жансың. Білегіңнен ең бірінші кім ұстаса,соған тұрмысқа шығасың» деп ақ тілегі мен батасын берген көрінеді.
Сөйтсе Нұрила жастау кезінде мал суарып жүріп құдыққа түсіп кетіп,суық судың ішінде бірнеше сағат тұрған екен. Сонда құдыққа келіп,оны алғаш рет білегінен ұстап, сыртқа шығарған ер кісі Бəйдібек болған көрінеді.
Мұны естіген ауыл ақсақалдары Бəйдібекке айтып оны екі əйелінің үстінен үшінші əйел етіп алып беріпті. Нұриланың бойындағы аналық қамқорлығы мен парасаттылығы,адамгершілік қасиетінен басқа көрегенділігі мен тереңнен ой толғап, келер күнді дəл болжап айта алатын ерекшелігі ерте танылады.
Ол турасында ел аузындағы аңыздар былайша сыр шертеді ДИХНАТ МАМА Нұриланың жастайынан «Əулие мама» атаулына сол замандағы қарақшы түрікпен Қара Хайдар болған деседі.
Бəйдібек баба жайлауын қалың жылқы мен түйе,қора-қора қой қаптаған аса бай болған кісі. Елде Бəйдібектің жоғын пайдаланған Қара Хайдар оның жылқысын шабуға келе жатады.
Сонда жолай бір ескі лашықты көріп бұрылып,сусын ішпекке түседі
Іштен кимешек киген əйел шығып оларға ешкі сүтінен ұйытып жасалған салқын айран ұсынады жөн сұрайды.
Бəйдібектің жылқысын шабуға барамыз,ақ жол тілеңіз,нан ауыз тиейік дейді қарақшылар. Сонда əйел үйден күлше алып шығып үлестіреді. Дəмі тіл үйіретін нанды жеген қара Хайдар
“Сондай дəмді,қалай пісірдіңіз» деп сұрағанда əйел «Балам еміп тауыса алмаған соң артылған емшек сүтімді сауып,соған илеп жасаймын»- деп жауап береді.
“Ендеше сіздің ана сүтіңізден дəм таттық, ол біздің қанымызға тарады,демек сіз енді біздің анамызсыз; ақ жол тілек бізге» деген Қара Хайдарға əйел «Өтінішім болсын,тек жылқышыларды өлтірмеңдер» дейді.
Қалың қарақшы тобы дүркірей аттанып,көп ұзамай-ақ, Бəйдібектің Қаратау бөктерін жайлап жатқан қалың жылқысын айдап əкетеді. Қайтар жолда жаман лашыққа бұрылып: «Шеше,мына жылқыдан қалағаныңды алып қал»-дейді.
Сонда əйел жылқының соңына ілесіп, əзер келе жатқан кəрі құла биенің мойнына белбеуін салып, жетектеп əкеп есік алдына байлай салады.
Осқырынып, жанына жан жуытпайтын жылқы мына əйелге тарпаңдық танытпағанын Қара Хайдар ішіне түйеді де, олжасын айдап аттанп кетеді.
Бұл- Бəйдібектің үлкен əйелі Сары бəйбішеден теперіш көріп, емізулі баласы Жарықшақпен жұртта қалып қойған Нұрила болатын. Жаудың жылқыны шапқанын естіген Бəйдібек би үлкен бəйбішесінен туған ұлдарын ертіп,жаудың соңынан қуады.
Жолда оны Нұрила тоқтатып: Жауды қума.Бар азаматтар аман болсын. Бар жылқы тарағар кəрі құла осында, жылқы өзі қайтып келеді»- дегенмен Бəйдібек алған бетінен қайтпайды. Қарақшыларды Күйік асуында қуып жетіп,атойлап бас қояды.
Бірақ жасанып келген қалың қарақшылар тобынан жеңіліс тауып, 6 ұлы да сонда қаза табады. Арада 6 күн өткенде лашықтың алдында байлаулы тұрған кəрі бие құлындағы даусы шыға шырқырай кісінейді.
Көп ұзамай-ақ намаздыгер шамасында шығыс жақтан қалың шаң көтеріліп,Бəйдібектің қаптаған жылқысы көрінеді. Ешкімге бой бермей,бірден кері қарай шапқанжылқыны қумақ болған қарақшыларын Қара Хайдар: «Қумаңдар, бұл қара лашықтағы əйелдің ісі.
Ол тегін əйел емес екендігін осынша күйлі жылқының ішінен кəрі биені таңдағанынан -ақ байқап едім» -деп тоқтатыпты.
Осылайша Домалақ ана жасанған топ қайтара алмаған жылқыны үйде отырып-ақ шашау шығармай қайтарып алған екен. Оның əулиелігіне сүйінген Қара Хайдар кейін арнайы келіп, Бəйдібектен кешірім сұрап, «Диһнат мама» (парсы тілінде «Əулие ана») деп қашап жазылған гаухар тасты Нұрилаға сыйға тартыпты.
“Диһнат мама» кейін өзгеріске ұшырап «Домалақ ана» деп аталып кеткен екен деген де деректер кездесіп жатады.
АҒАРЫП АЛДЫМА ТҮСПЕ, ҚАРАЙЫП СОҢЫМДА ҚАЛМА.
Домалақ ана Бəйдібек бабаның үлкен əйелі Сары бəйбішеден (шын есімі Марау) көп теперіш көрген екен. Күндестік пен қызғаныштың əсерінен тіпті Нұриланың жалғыз ұлы Жарықшақты(Тілеуберді) өлтірмек те болады.
Сондай қиын сəттерде Нұрилаға қол ұшын беріп, үнемі оны қолдап,қол ұшын беріп жүрген адам-Бəйдібектің екінші əйелі Зеріп болған екен.
Зеріп ана да өз заманында ибалы, ізеттілігімен танылған жан болған көрінеді. Нұриланың қалың да ұзын шашын өруге көмектесіп,өзінен кейінгі тоқал деп қарамай, жəрдем беріп,онымен сырлас,адал дос та болған екен.
Аңыз бойынша бірде бидің жоқтығыр пайдаланған Сары бəйбіше ауыл сыртында тезек теріп кетіп бара жатқан Нұрилаға жөнсіз тиісіп,тіпті арқасынан бұзаутіс қамшымен осып-осып жіберіпті.
Сонда бидің екінші əйелі жүгіріп келіп,бəйбішенң қолынан қамшыны жұлып алып,аулаққа лақтырып жібереді де «Осынша жасқа келгенде ерді қызғану жарамас болар» дейді.
Сөйтіп Нұриланы демеп,үйіне əкеліп қан жоса болған көйлегін жуып,оның суын жерге шаша салмай,адам аяғы баспайтын жерге төгеді. Көйлегін кептіріп, басу айтып Нұриланың жабырқау көңілін жұбатады.
Сонда Нұрила «ағарып алдыма түспе,қарайып соңымда қалма»деп жас та болса батасын,ақ тілегін арнапты. Мұнда ол «ағарып алдыма түсіп о дүниелік болма, ұрпақтарың менікінен кеңінен тарасын» дегені.
Əулие ананың ақ тілегі қабыл болды ма,Оңтүстік өңірде Домалақ анадан тараған Албан, Суан, Дулаттан кейін Зеріп анадан тараған Шапырашты, Ысты, Ошақты ұрпақтары кең жайлаған. Қасиетті ананың наласына ұшыраған Сары бəйбіше ұлдарынан айырылған соң, қартайған шағында бір құрсақ көтеріп,ұл табады.
Онша көзге түспесін деген сеніммен елеусіздеу есіммен Сирақты деп атапты. Кейде қартайғанда Алланың берген сыйы деп Сыйлықсары дейді екен.
Сол бала жаудан ағаларының кегін қайтаруды мақсат тұтып, аса өжет болып өседі. Жау əскерін аяусыз қырып,оңды-солды жанына жан жуытпайтн айбарлы батырды жау нояны «анау сары үйсіннің көзін жоймай бізге жеңіс жоқ» деген екен.
Содан Сары бəйбішенің ұлы «Сарыүйсін» аталып кетіпті .
ƏУЛИЕ АНАНЫҢ НЕМЕРЕСІ ҚЫЗАЙ.
Қызай да қазақ тарихында қасиетті аналардың тізімінде. Бəйдібек бабаның Нұрила анадан Жарықшақ атты ұлы туылады. Ал одан Күнбүбі атты қызы туады.
Күнбүбі(кей жерде Айқыз) бойжеткен соң Найман еліне келін болып түсіпті. Ақыл-көркімен елге жағып,түскен елін тəнті еткен Күнбүбіні елі «Бəйдібектің тəнті еткен атасы мен əжесіне сай екен!» -деп баға береді екен.
Осыдан соң оның Күнбүбі деген аты бірте-бірте ұмыт болып,келін болып түскен елі Қызай деп атап кетеді. Сол Қызайдан өрбіген рулы ел де «қызай» аталыпты.
Домалақ анадан тараған Жарықшақ Ташкент əмірінің көмекшісі,кейіннен Жетісу аймағының билеушісі де болған. Уəйіс хан қайтыс болған соң оның тағынп баласы Есенбұға хан болып отырғанда Жарықшақ оның бас уəзірі болады.
Сол кездері баласының қасында болған Домалақ анаға түсінде ері Бəйдібек баба кіріп «елге көш» аян береді. Өзі жол сілтеп келе жатып,өмірінің соңғы уақытын Қаратау бауырында өткізген Əулие ана намаз уақытында сəждеге басын қойған уақытта өмірден өтіпті.
Түркістан шаһарында өмірге келген (1378ж) Нұрила ана «сүйегімді о дүниелік болған жеріме қойыңдар»деген өз тілегімен Қаратау аясындағы Балабөген өзені жағасында соңғы демі үзіліп(1456 ж 28 мамыр) сол жерге жерленеді.
Сол жылы немересі Дулат Бұхарадан Абдулла Шері есімдң шеберді алдырып, əжесінің басына төрт қанатты күмбезді кесене тұрғызыпты. Қазір ол мекен Домалақ ананың қасиетіне тəу ететін көпшіліктің мекеніне айналды……………
Online Qazaqstan.