МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР ОРТАҒА САЛЫНДЫ

Бүгін облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте мәдениет саласындағы мәселелер ортаға салынды.

Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай баяндама жасады. Ол өңірдегі тарихи және мәдени ескерткіштерді күтіп ұстау, кітапханалардағы ақпараттық орталықтардың жұмысын жандандыру және мәдени нысандарға күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы жан-жақты тоқталды.

Жиын барысында облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы:
— Біз өзіміздің тарихи-мәдени әлеуетімізді ұтымды ұқсатып, әр нысанның туристер үшін тартымдылығын арттыру керек. Бұл тек сөз жүзінде қалмауға тиіс,-дей келе, «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметіне талдау жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы кітапханаларға оқырмандар тарту, цифрландырылған орталықтардың жұмысын сапалы ұйымдастыру, интернет мәселелеріне айрықша назар аудартты. Сонымен бірге ауылдық мәдениет үйлерінің штаттық бірліктерін арттыра отырып, жергілікті жерлерде балаларды үйірмелермен қамту мәселесіне көңіл бөлді.

#жамбылмәдениетақпарат