Латын әліпбиі жайлы қос пікір

МАМАНДАР ТАЛҚЫЛАУЫНАН ӨТКЕН НҰСҚА

Осы жылғы қаңтар айының соңында Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Ұлттық комиссия отырысында жетілдірілген жаңа әліпби жобасымен бірге «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілінің емле ережелерінің» соңғы нұсқасы бірауыздан қабылданды және мақұлданды.

Емле ережелерінің құрылымы мен мазмұны қандай болуы керек деген сұрақ туындауы да мүмкін. Алдымен айтарымыз – Емле ережелері – аса маңызды нормативті құжат, оның құрылымы заңнамалық актілер жасауға қойылатын талаптарға сәйкес келуі тиіс, әрі емле ережелерінің құрылымына қатысты әлемдік тәжірибеде қалыпты нысандар бар. Ал қазақ мәдениетінде бұдан қырық жылдай бұрын академик Рәбиға Сыздық орнықтырған Емле ережелері құрылымының айрықша үлгісі болды, бұл құжат мазмұны жағынан қалың жұртшылықтың ресми, іскери, ғылыми жазба коммуникацияда ана тілінің күллі арсеналы мен байлығы – сөздер мен сөзтүрленімдерін сауатты жазуына, сайып келгенде, қазақ тілінің орфографиялық нормаларының жоғары деңгейде қалыптасуы мен тұрақталуына елеулі үлес қосты.

Латынграфикалы әліпбиге көшу ісі қарқынды қолға алынған кезден бастап А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары қазақ тілінің емле қағидаларын жаңарту, жаңғырту, толықтыру және жетілдіру бойынша маңызды жұмыстар атқарды. Сауатты жазуды негіздейтін орфографиялық принциптер нақтыланды. Белгілі орфограф-ғалым, профессор Н. Уәли Емле ережелерінің концепциясын ұсынды. Академик З. Базарбаева, профессор Ә. Жүнісбек және олардың мектебінің өкілдері қазақ тілі дыбыстарының фонологиялық-фонетикалық жүйесін ғылыми тұрғыдан анықтады. Қазіргі тіл қолданысында байқалған орфографиялық ерекшеліктер, жекелеген тілдік бірліктердің жазылуындағы әртүрліліктердің болу себептері, орфографияның өзгеру процестеріне ықпал жасайтын лексикалық-семантикалық және басқа да түрткіжайттар форма мен мазмұнның бірлігі тұрғысынан дәлелденді.
Мамандар бірге, бөлек және дефис арқылы жазылатын күрделі сөздердің ғылыми негіздерін және жазу дағдысындағы сипаттарын салыстыра отырып терең талдау жүргізді. Кірме сөздердің, әсіресе ғылым мен техника, шаруашылық пен экономика, білім беру мен мәдениет салаларындағы өзге тілден енген терминдердің жазылуының қазақ тілінің дыбыстық арсеналына негізделген айқын моделдері қалыптастырылды. Зерттеу барысында байқалған проблемалар Институттың ғылыми-өндірістік семинарларында, жоғары оқу орындарының тілші-мамандарымен, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығының мамандарымен, орфографиялық жұмыс тқбының мүшелерімен бірге өткізілген мәжілістер мен семинарларда жазу теориясы, орфография салалары мамандарының тұжырымдары мен ұсыныстары кеңінен талқыланды, пікірлер мен көзқарастар мерзімді басылымдар мен әлеуметтік желілерде жарияланды.
Жаңа емле ережелерінің мазмұнында емле проблемаларының негізгілерін беру мақсаты көзделді, осы себепті алдымен соңғы кезеңдердегі жазу практикасы мен жазу дағдысында байқалған фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік және сөзжасам ерекшеліктері, фонетикалық және лексикалық варианттар бойынша көлемді эмпирикалық материал жинақталды, олардың орфографиялық нормаларын айқындайтын моделдер жасалды. Мәселен, бас әріптің қолданылуы мен емлесіне қатысты 500-ге жуық тілдік фактілер топтастырылды. Сөйтіп, іріктелген тілдік фактілерді моделдеу барысында бас әріппен жазылатын және бас әріппен немесе кіші әріппен жазылуы тиіс тілдік қабаттың күрделілігі, бас әріптің емлесін реттеудің, нормаландырудың өзектілігі айқын көрінді. Өйткені бір-бірімен тығыз байланыстағы дәстүрлі-тарихи принцип пен базалық нормаларға сәйкес келетін, тұрақталған жазу үлгілерінен басқа бас әріп регистрімен орфографиялаудың көптеген үлгілері тіркелді. Тарихи тұлғалардың, миф, әфсана, аңыз кейіпкерлері есімдерінің түрліше жазылуы (мәселен, Қорқыт ата / Қорқыт Ата / Қорқытата) әлденеше мәрте талқылаудан өтті.
Жоғары мемлекетті лауазымдар мен жоғары лауазымды органдардың, мекемелер мен ұйымдардың, заңнамалық актілердің атауларын академик Рәбиға Сыздық күрделі-құрама атаулар деген аталыммен көрсеткен болатын. Қазіргі кезде күрделі-құрама атаулардың да бас әріп регистрімен берілуінде айырмашылықтар бар. Бұған Хан Шатыр / Хан-Шатыр / Хан шатыр немесе басқа тілдердегі орфограммалау үлгісінің қазақ жазба нұсқаларына да стереотипті түрде көшірілуінен пайда болған ЖШС-ның Бас Директоры; «Барыс» Акционерлік қоғамы тәрізді орфограммалар дәлел. Осындай айырмашылықтардың себептері Емле ережелерінің әрбір тармағын, әрбір тілдік фактіні талдау мен талқылаудың нәтижесінде біріздендіріліп, дұрыс орфограмманың нақты үлгілері ұсынылды. Бұл – сараптау мен талқылаудан өткен мәселенің бірі ғана.
Емле ережелері бірте-бірте, саналы түрде нормалаушы қызметтің нәтижесінде жасалады. Орфографияның ғылыми-қолданбалы мақсатының басты көздейтіні – жазудың қарапайым және стандартты болуы. Жазу пайда болған тілде емле ережелерінің принциптері де қалыптаса бастайды, ереже ұстанымдары ұзақ мерзім бойында әрдайым жетілдіріле береді, тілдің өз заңдылықтары мен графика арқылы берілетін мүмкіндіктер арасындағы параллелдер іріктеледі.
Белгілі бір тілдің Емле ережелері заңнамалық құжат түрінде болатындықтан, әдетте, онда жинақталатын қағидалар мен ережелерді дәлелдейтін тілдік фактілер үлгілер мен моделдер түрінде шектеулі көрсетіледі.
Ал қазіргі қазақ әдеби тіліндегі орфографиялық нормалардың барлық дерлік ерекшеліктері мен сипаттамалары фонетика, жазу теориясы, лексикология, сөзжасам, морфология, синтаксис, стилистика салалары мамандарының пікірлері ескеріле отырып, емле анықтағыштарында мүмкіндігінше толық баяндалатын болады.

Айман Алдаш,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
бас ғылыми қызметкері, профессор

 

Бұл дұрыс емес нұсқа!

Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н. Ә. Назарбаев мырзаға және
Қазақстан республикасының Президенті Қ.Тоқаев мырзаға!

Аса Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Аса Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

 

Орыс тілінің ерекшеліктеріне сай жасалған

Мен Сіздерге бұл хатты қазақ жазыуының жаңа қағидасына қатысты ең соңғы үмітім деп жазып отырмын. Тілге құрметтің елге құрмет екенін, ал тілді құрметтемеудің елді құрметтемеу екенін осы жолы көрсетерсіз деп сенемін.
Қазақ тілі емлесінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы тілді ережеге бағындыруға болмайтынын, ал емле ережесі тілдің табыйғатынан тұуыуы тійіс екенін нақтылап-ақ айтқан-ды. Мұны бейнелеп айтсақ, ережеге бағындырып, қолды айақ етіуге, айақты қол етіуге болмайды деген сөз.
Тіл білімі іністійтұтының емле (орфография) бөлімін басқаратын Нұргелді Уәлиевтің тобы жасаған латын әліпбійі Ахаңның осы айтқанына қайшы жасалған. Бұл – тілге де, тілдің ійесі қазақ халқына да жасалған үлкен қыйанат. Рұуханый жаңғырамыз, сексен жыл бойы тілімізге жасалып келген қыйанаттан, тілімізге зорлап енгізілген орыс әріптері мен орыс тілінің емлесінен латын әліпбійіне көшіу арқылы құтыламыз деп құуанғанымыз бекер болғалы тұр. Бұл топ қазақ тілін жекешелендіріп алған секілді, не Ахмет Байтұрсынұлын, не Халел Досмұхамедовті, не кәзіргі ғалымдар мен жазыушылардың айтқанын тыңдамайды.
Бұл топ өз қызметін былай түсіндіреді: «Емле ережелерінде жалғамалы тілдерге тән дыбыстардың үндесім, үйлесім заңдылықтары, бұрынғы жазу-сызу тәжірибесінде қалыптасқан барлық нормалар сақталды».
Бірден сұрақ тұуады: «бұрынғы … барлық нормалар сақталса», онда латын әліпбійіне не үшін көштік? Бұрыннан қалыптасқан кирилде қала бермедік пе? Тек әріптерді өзгертіу үшін бе?
Ең сорақысын қараңыз: сол сөйлемнің бірінші сыңарында: «жалғамалы тілдерге тән дыбыстардың үйлесім… заңдылықтары… сақталды» дегені өтірік болып отыр. Өйткені кеңес заманында бұзылған заңдылықты қалпына келтірмей отырып, қалайша «жалғамалы тілдерге тән…» заңдылықтар сақталды» деп өтірік айтыуға болады және ел-жұртты алдауға бұл топ не үшін барып отыр?
Тұурасын айтқанда, бұл емле ережесі – кеңес заманында тіліміздің төл табыйғатын ескермей, жалғамалы тілдің негізгі заңы – үндестік заңын – бұзып жасалған заңды қайталай салған ереже.
Ереженің тарауларына дейін соны қайталаған да қойған. Ереже орыс тілінің ерекшеліктерін ескере отырып құрылған. Жалғамалы тіл үшін «Бөлек жазылатын сөздердің,..», «Бірге жазылатын сөздердің,..», «Бас әріп,..», «Дефиспен жазылатын сөздер,..», «Қысқарған сөздер емлесі», «Сөздердің тасымалдануы » негізгі қағыйда бола алмайды. Олар – орыс тіліне тән қағыйдалар. «Дефис» деген сөз қазақта болмаған. «Тирені» сызықша, «дефисті» сызбаша деп алған дұрыс болмақ. Солай қабылдасақ, оған орыс тілі өкпелей қоймайды.
Қазақ тілінде барлық сөз бір-бірінен бөлек жазылады да, тек біріккен сөздер мен көп түбірлі сөздер бірге жазылады. Өйткені бізде предлог та, суффикс те, арыктійкіл де жоқ.
Жалғамалы тілдің негізгі қағыйдасы дыбысқа дыбыстың, бұуынға бұуынның, түбірге жұрнақ пен жалғаудың қалай жалғаныуы мен жазылыуы болыу керек.
«Сөздердің тасымалданыуы» бұуын үндестігіне қатысты айтылып, ал «қысқарған сөздер емлесі», орыс тіліне тән болғандықтан, «Кірме сөздер емлесінде» қаралыуы жөн.
Ережеде тіліміздің жалғамалы екендігі атүсті айтылады да, оның неге олай аталатыны да, негізгі ерекшеліктері де айқындалмайды.

Үндестік заңы ма, әлде үндесім, үйлесім бе?

Н.Уәлиев тобы «үндестік заңы» демей, «үндесім, үйлесім» деп сыйпақтатады. Сол үндестік заңы қазақ тілінде бар ма, жоқ па? Бәлкім, Н. Уәлиев тобы оның жоқ екенін біліп отырған шығар?
Мына сөйлемді бұуынға бөліп оқыйық: «Біз-дің ке-ле-ше-гі-міз бү-гін-гі-ден де жар-қы-ны-рақ».
Бір дауыссыз дыбыстан соң бір дауысты дыбыс алмасады да отырады. Сондықтан сөздер әуезді, әуенді, созылмалы айтылады.
Ал неге «быз-дің ке-ле-ша-ғы-мыз» демейміз?
Өйткені, үндестік заңы бойынша, солай үндесіп жазылыуы тійіс.
Ережеде «Қосымшалардың жалғануы» деген тарауда: «Қосымшалар түбірдің соңғы буынындағы дауысты дыбыспен үндесіп, жуан не жіңішке жалғанады», – делінген.
Бұл – қәте ереже. Өйткені қосымша түбірдің соңғы бұуынындағы дыбыспен ғана үндеспейді. Сондықтан алдымен: «Сөздің алдыңғы бұуыны жұуан айтылса, оған жалғанатын бұуын да жұуан; ал алдыңғы бұуын жіңішке дауысты дыбыспен айтылса, оған жалғанатын келесі бұуын да жіңішке болып жалғанады», – делініуі керек.
Ал түбірдің қандай дыбыспен айақталыуына қарай қосымшаның қалай жалғанатыны содан соң айтылыуы керек еді. Себебі қосымшаның көптеген ұйалас сыңары болады. Мәселен: от-тық, құл-дық, бала-лық, көп-тік, күз-дік, ер-лік, ат-тың, құл-дың, аң-ның, сүт-тің, жел-дің, күн-нің, т.с.с.
Бұларда сөздің қандай дыбысқа айақталыуына қарай қосымшаларда үндестік заңына сай құбылып жалғанып тұр. «Бақ» сөзіне (түбіріне) қосымша жалғанғанда, неге «қ» дыбысы «ғ» болып өзгеріп айтылады? «Бақы», «бақым» деп неге айтпаймыз? Тәуелдік «ы» жалғауының ықпалымен, йағный үндестік заңының талабына орай, қатаң «қ» дыбысы жұмсарып, «ғ» болып айтылады және жазылады. Бұл бір-екі сөздің ғана үлесі емес, бүкіл сөзімізге тән құбылыс. Қараңыз: ек = егін, қорап = қорабы, тұрақ = тұрағы, ақ = ағы, т.с.с.
«Тәлім» деген түбірге «кер» жұрнағын неге «гер» түрінде жалғаймыз? Неге «тәлім + кер» демейміз? Өйткені, үндестік заңының талабы бойынша, түбірдің соңғы «м» дыбысы өзінен кейінгі дыбыстың қатаң «к» болып жалғаныуын қаламайды, жұмсарып «г» түрінде жалғаныуына ықпал етеді. «Ілгерінді ықпал», «кейінді ықпал» дейтін ережелер тіліміздің осындай заңдылықтарына қатысты.
«Жұмыс» деген түбірге «шы» жұрнағын жалғап, «жұмысшы» деген жаңа сөз жасаймыз. Ал неге ол сөзді «жұмыс + ші» демейміз. Өйткені мұнда екі бірдей үндестік заңының талабы бар: 1. Жұуан бұуыннан тұратын түбірге жұуан бұуынды қосымша жалғанады. 2. Қатаң дыбысқа айақталған сөзге қосымша да қатаң дыбыстан басталып жалғанады.
Бұл заң орыс тілінде жоқ болғандықтан, бізде де жоқ болыуы керек пе? Оларда «кино», «милый», «плати» деп, жұуан бұуын мен жіңішке бұуын бір сөзде аралас айтыла береді.
Сондықтан үндестік заңын басшылыққа алмаған ереже жалғамалы тілге ереже бола алмайды. Өйткені үндестік заңы – тіліміздің іймүнійтеті. Тіліміздің төл табыйғатын сақтайтын да, шет тілден енген сөздердің тілімізді бұзыуынан қорғайтын да сол заңдылық. «Бұрынғы қалыптасқан барлық нормалар сақталған» латын әліпбійінің емле ережесі ол заңдылықты қалпына келтіре алмапты. Қалпына келтіргісі де келмеген сыйақты. Соның нәтійжесінде, қазақ тілі ешқандай негізгі заңы жоқ, тек сөздердің жыйынтығынан тұратын тіл сыйақтанып қалыпты.

 

Алдады ма, әлде алданды ма?

Сөйтіп Н. Уәлиев тобы «жалғамалы тілдерге тән… заңдылыктар сақталды» деп, елді, мемлекетті, мемлекет басшыларын, бүкіл ұлтты – бәрімізді алдап отыр.
Алдады ма, алдамады ма, тексеріп көрейік.
«I, и әріптерінің емлесі» деген тарауды гана сөз етейік. Хатты кирилше жазып отырғандықтан, ондағы мысалдарды да кирил әрібімен келтірейін.
Тарау «и, у әріптерінің емлесі» деп аталады. Сегізінші параграфта былай делінген: «И, у әріптері дауыссыз дыбысты таңбалайды да, сөздің барлық шенінде жазылады»: иағни, коиан, оишыл, фаил, аи, уақыт, саукеле, кеиуана, демеуші, ау.
Біріншіден, мысалдар сауатсыз таңдалған. «Фаил» – қазақтың төл сөзі емес, сондықтан ол кірме сөз іретінде қаралыуға тійіс.
Екіншіден, «иағни» сөзі бір бұуында сөз болып жазылған, оны кез келген қазақ «йа + ғы + ный» деп, үш бұуынға бөліп айтады, тіпті ықшамдағанның өзінде «йағ – ный» болады.
Үшіншіден, «и» әрібін дауыссыз дыбыс деп айтады да, «иағни» сөзінің соңында оны дауысты дыбыстың орнына жазады.
Қысқасы, не айтып, не жазып отырғанын бұл топ білмейді.
Төртіншіден, қазақтың қысқа «й» -і мен орыстың ұзын «и» – ін біріктіріп, екеуінің орнына бір-ақ «и» әрібін алған, ол орыс тілінде тек жіңішке дауысты дыбысты белгілейді: мир, сильный, кумир, т.с.с.
Ал Уәлиевтің тобы оны біресе қазақтың «й» әрібінің, біресе орыстың «и» әрібінің қызметін атқаратын, соның нәтійжесінде, жұуан да, жіңішке де дауысты дыбыстың қызметін атқара беретін әмбебап әріп етіп шығарған.
Сірә, бұл құулығымызды Бірінші пірезійдент те, Екінші пірезійдент те, бұрынғы Білім міністірі де байқамаған, қәзіргі міністір де байқамайды деп құулық жасаған.
Сол сеніммен тоғызыншы және оныншы параграфты жазған. Ол параграфтар сегізінші параграфта айтылған ережені 100% (жүз пайыз) теріске шығарады. Оқыңыз: «ый», «ій» дыбыс тіркестері сөздің барлық шенінде «и» әрпімен жазылады: иман, тиын, сиа, ғылыми, баииды, игілік, киім, кино, мәдени, кеииді.
Бұл топ «кино» сөзін ежелгі қазақ сөзі деп түсінеді екен. Содан-ақ бұлардың қазақ тілін қаншалық меңгергенін аңғарыуға болады.
Ескертіуі былай: «ый» дыбыс тіркесі тек «сый», «тый» тіркестерінде және олардан тұуындаған сөздерде жазылады: сый, сыйлық, сыйымдылық, сыйу; тый, тыйым, тыйылу, тыйу.
Ал неге бұл сөздер ғана осылай жазылады? Нотаны белгілейтін «мій» сөзі мен адам басында болатын «мый» сөзін неге «ми» деп бірдей жазамыз?
Түбірі «сый» болмаса да, «сыйыр», «сыйық» сөздерін неге «сиыр», «сиық» деп жазамыз? Оған жауап бар ма? Жоқ.
Ары қарай оқыйық: «ұу», «үу» дыбыс тіркестері сөздің барлық шенінде «у» әрпімен жазылады: уылдырық, туыс, даму, бару, уілдеу, гуіл, тінтуір, келу».
Бүйтіп қосарланған дыбыстардың орнына бір ғана әріп жазатын болсақ, онда орыстың онша зыйаны жоқ, «ю», «я», «ё» секілді екі дыбысты белгілейтін әріптерінен неге бастартып, төрт бірдей қосарлы дыбыстың орнына жазылатын ең зыйанды «и» және «у» әріптерінен неге бастартпай отырмыз? Мақсатымыз тілімізді одан ары бұза беріу ме?
Бұл ережені жасап отырған топтың тілімізді дұрыс білмейтіні келтірген мысалдарынан да көрініп тұр. Мысалға алған сөздерін қараңыз. «Уылдырық» сөзінде «ұ» мен «у» естіліп тұрғаны ырас, ал «тінтуір» және «келу» сөздерінде «у» әрібі «ұ» мен «у» – дың емес, «і» мен «у» дыбысын белгілеп тұр: «тін – ті +уір», «ке – ліу». Оны ажырата алмайтын адамдарға тіліміздің тағдырын тапсырып отырғанымызға таң қалам. Бұларды осыншалық тайраңдатып, бәрімізді басындырып отырған кімдер? Білмейтіндерді қорғайтындар да білмейтіндер ғой.
Сонда бір ғана «у» әрібі іс жүзінде «ұу» мен «үу» – дің ғана емес, «ыу» – мен «іу» – дің де орнына жүріп, төрт бірдей дыбыеты бір өзі белгілеп тұр.

 

Бұл тілімізге қиянат

Бұл кеңес дәуірінде жасалған сексен жыл бойы тілімізді іштей бұзып келе жатқан қыйанат. Мұндай қыйанат біздің тарыйх ілімімізде де болды. Алайда орыстың Захаров, Клесев сыйақты ғалымдары кезінде сақ – скиф тайпалар одағын қазақтың ата-бабасы емес, олар ыйрандықтар деп әдейі бұрмаланғанын дәлелдесе, көптеген орыс ғалымы Шыңғыс хан әскерінің 99 пайызы қазақтар болғанын, оның өзі қазақ тайпасынан шыққан адам екенін мойындап отыр. Бірақ орыс ғалымдары тілімізге жасалған тарыйхый қыйанатты өйтіп дәлелдей алмайды. Өйткені олар тілімізді білмейді. Сондықтан тілімізге кеңес дәуірінде жасалған қыйанатты тек өзіміз түзеуге міндеттіміз. Ол үшін оны Н. Уәлиев тобы сыйақты тіліміздің төл табыйғатын дұрыс білмейтіндерге емес, Ахмет Байтұрсынұлы мен Халел Досмұхамедұлының ілімімен тәрбійеленген, «бұрынғы жазу-сызу тәжірибесінде қалыптасқан барлық нормаларды» тіліміздің табыйғатына сай түзейтін ғалымдарға тапсырыу міндет. Өйткені тіл Н. Уәлиев тобының жекеменшігі емес, халқымыздың ең қәсійетті қазынасы.
Ал қосарлы дыбыстардың орнына «и» мен «у» – ды жазыуымыздан тіліміздің табыйғаты бұзыла ма, жоқ па? Орыстың «ю», «я», «ё» секілді қосарлы әріптері дыбыс үндестігіне зыйан келтіргенмен, бұуын үндестігіне қыйанат жасай алмайтын. Мысалы: а + йу, а + йақ, та + йақ, ба + йыу, т.с.с.
Себебі бұл қосарлы дыбыстар (әріптер) бір бұуын ішінде айтылатын.
Ал төрт қосарлы дыбысты белгілейтін и мен у әріптері ондай емес, бұлар дыбыс үндестігін де, бұуын үндестігін де бұзады. Мысалы: сы – йырды си – ыр, қы – йырды қи – ыр, кі – йімді ки – ім, бі – йікті би – ік деп, қәте бөліуге мәжбүр боламыз. Және «ы», «і» дыбыстарын жазбай, оның орнына «и» әрібі біресе жіңішке дауысты дыбыстың, біресе жұуан дауысты дыбыстың қызметін аткарып, құбылып отырады. Жеке дыбыс неге жеке әріппен белгіленбейді? Тілді бұзыу үшін бе?
Тіліміздің табыйғый заңы бойынша, әр бұуында бір ғана дауысты дыбыс болыуы керек. Ол заңға сүйенсек, 8 – параграфта айтылғандай, «и» мен «у» дауыссыз дыбысты белгілейді, сондықтан ол жеке бұуынға ійе бола алмайды. Сол себепті, жоғарыдағы сөздерді «тін – туір» деп те, «тінту – ір» деп те, ке – лу, қу – лық, қу – ыс, ту – ыс,ба – ру, қай – ту деп те бұуынға бөле алмаймыз, бөлсек, тілімізге жат ережеге, йағный орыс тілінің ережесіне бағынамыз да, өз тіліміздің табыйғатын өзіміз бұзамыз.
Көріп отырсыздар ғой, екі бұуынға бөлінетін екі дыбыс зорлықпен бір бұуынға кірігіп тұр. Бұл тілге қыйанат болмаса, онда не қыйанат?
Ойлап қараңызшы, ауа, әуе, бауыр, тәуір деген сөздердегі «у» ата, әже, ыдыс сөздеріндегі «т», «ж», «д» әрібі секілді дауыссыз дыбысты белгілеп тұр. Сол дауыссыз «у» дыбысы қалайша өзгеріп, бару, келу секілді сөздерде дауысты дыбысқа айналып, дауысты дыбыстың қызметін атқарыуы тійіс? Н. Уәлиевтің бұйрығымен бе? Өз тілімізді осынша сорлатып, төл табыйғатына сай емес ережені сексен жылдан кейін де дұрыс қалпына келтіре алмайтын сорлы халық болғанымыз ба?
Әніміз бен әнді жазатын нотамызға да Н. Уәлиевтің жаңа әліпбійі теріс әсерін тійгізеді.
«Қы – йы – уа – дан шауып, Қый – сы – нын тауып», -деп, Абай атамыз ән созса, біз оны «қи – уа – дан», «қи – сыннан» деп шолақ қайырмақпыз.
Халқымыз:
«Былтыр құлын – бы – йыл тай,
Ді – йір – мен – нің тасындай
Шыр айналған дү – ні – йе-ай», деп созса, біз «би – ыл», «ди – ірменнің», «дү – ни – е – ай» деп далбасаламақпыз. Ақан сері: «Айрылдым қа – пы – йа – да сенен нағып» десе, біз «қа – пи – а – да» дейміз. Сөйтіп екі бұуынға бөлінетін екі дыбысты бір бүуынға зорлап қоспақпыз. Осының зардабынан қәзір «дыйдар» демей, «дійдар», «быйалай» демей, «бійалай», «тарыйх» демей, «тарійх», «шарыйғат» демей, «шарійғат», «балыйғат» демей, «балійғат» дейтіндер шыға бастады. Ал «у» әрібінің залалы одан да зор. Себебі орыс тілінде «и» (ұзын й) тек жіңішке дауысты дыбысты, ал «у» тек жұуан дауысты дыбысты белгілейді. Бұлар қәзір тілімізді орыстаныуға жетектейтін зымыйан әдісті жүзеге асыратын құрал болып тұр. Бұл, әрійне, тіл бұзыудың алғашқы «жемістері» ғана. Жаңа ереже осы қалпында қабылданса, әлі көреріміз алда.
Әлде тіл бұзылса, бұзыла берсін, өзіміз аман болсақ, болды ма? Мен Н. Уәлиевті өз қызметін асыра пайдаланып, халық тіліне кыйанат жасап отырған қылмыскер адам деп бағалаймын. Өйткені ол өз тіліміздің табыйғатына өзге тілдің табыйғатын зорлап теліп отыр. Және тәуелсіздіктің арқасында қолымыз жеткен мүмкіндікті қасақана пайдаланбай отыр. Баспасөзде жарыйаланған пікірлердің бірде-бірін қабылдамай, қазақ тілін жекешелендіріп алған адамша, қызмет бабын асыра пайдаланып отыр. Қысқасы, рұуханый жаңғырыуды рұуханый мәжбірлеуге айналдырып отыр.

Аса құрметті Елбасы!
Аса құрметті Пірезійдент!

Бұны менің ғана жанайқайым деп ұқпаңыздаршы!
Егер бұрыннан қалыптасқан нормаларды сақтап қалыу үшін латын әліпійіне көшсек, көшпей-ақ қойғанымыз дұрыс емес пе еді? Ілгерілеу үшін, жасалып келген қыйанаттан құтылыу үшін, латын әліпійіне көшіуді ұйғарып, рұуханый жаңғырамыз демедік пе?
Өз тілдеріңіз үшін Сіздер де күресіңіздерші! Өтінем!

Бексұлтан Нұржекеев

 

“Qazaqstan dauiri” газетінен