Құлан агротехникалық колледжінде жастар тәрбиесі мен құқықтық мәдениет тақырыбы қозғалды
Құлан жоғарғы агротехникалық колледжінің студенттерімен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында аудандық полиция бөлімінің бастығы Ерлан Тоқтасынұлымен бірлескен кездесу өтті. Басқосудың негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.
Колледжде қазіргі таңда 12 мамандық бойынша 731 студент білім алуда. Тек өңір жастары ғана емес, еліміздің әр аймағынан келген талапкерлерді қабылдап отырған бұл оқу орны облыстағы оқу-өндірістік базасы мықты, тәжірибесі мол іргелі білім ордаларының бірі саналады.
Кездесу барысында студенттермен ашық форматта әңгіме өрбігенін атап өткен жөн. Жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, пайдалы бастамаларды қолдау, бұқаралық іс-шараларды көбейту мәселелері кеңінен талқыланды. Студенттер өз ұсыныстарын ортаға салып, бірқатар өзекті сауалдарын қойып, пікір алмасты.
Жастардың белсенділігі мен азаматтық көзқарасы – ауданның ертеңгі дамуының басты көрсеткіші. Сондықтан кездесуде айтылған ұсыныстар назарға алынып, жастардың тұлғалық дамуы мен қауіпсіз ортасын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.


