Құқық бұзушылықтың алдын алу басты мақсат

Алматы қаласында құқықтық мәдениет қалыптастыру процесі тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның қатысуымен іске асуы қажет. Қоғам мен билік арасындағы сенім артпай, құқық бұзушылықпен тиімді күрес жүргізу мүмкін емес. Қазіргі таңда Алматы қаласы тек мәдени, экономикалық немесе іскерлік орталық қана емес, сонымен қатар құқықтық мемлекет қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асырып жатқан үлгілі мегаполиске айналды. Заңның үстемдігі – бұл тек жазалау емес, алдын алу, түсіндіру, тәрбиелеу. “Қауіпсіз қоғам” сынды жобалар – бұл құқықтық мемлекетке қарай жасалған шынайы қадам. Алматыда «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтеді. Бұл шара еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық тыныштықты нығайтуға бағытталған ауқымды науқан аясында іске асырылады. Іс-шараның негізгі мақсаты – ірі мегаполистегі қылмыстық жағдайды тұрақтандыру, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ әкімшілік және басқа да заң бұзушылықтардың алдын алу мен анықтау. Қалада заңның үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау, кез келген құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» саясатын енгізу мақсатында нақты әрі жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы бір арнаға тоғысып, «Қауіпсіз қоғам», «Заң және тәртіп» сынды кешенді жобалар арқылы іске асып келеді.

Алматы қалалық полиция департаментінің учаскелік инспекторы Нұржан Әлиев: «Біз қазір халықпен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Бұрын тұрғындар полицияға сенбейтін, енді бізге бірінші болып өздері хабарласады. Бұл – біз үшін үлкен жауапкершілік. Әр арыз бен өтінішке бейжай қарауға болмайды. Әсіресе жастар арасында заңға құрмет қалыптастыру – басты міндеттердің бірі. Біз тек жазалап қана қоймаймыз, түсіндіреміз, көмектесеміз. Бүгінде Алматыда заң үстемдігіне негізделген шынайы құқықтық орта қалыптасып келеді» дейді.

Алматы қаласында құқық бұзушылықтың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті сақтау күн тәртібінен түспейтін басты мәселелердің бірі. Қалалық полиция департаменті мен арнайы органдардың үйлесімді жұмысы нәтижесінде түрлі профилактикалық шаралар қолға алынып, қылмыстың алдын алу мен тұрғындар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында оң өзгерістер орын алуда. Қаланың барлық аудандарында бейнебақылау жүйелерінің кеңінен орнатылуы, полиция қызметінің ашықтығы, учаскелік инспекторлардың халықпен тығыз жұмыс жүргізуі – бұл бағыттағы ілгерілеудің айқын көрінісі.

Бүгінде қоғамда «нөлдік төзімділік» қағидатына баса назар аударылуда. Бұл дегеніміз – ұсақ құқықбұзушылықтарға да көз жұма қарамау, тәртіпсіздікке тосқауыл қою, заң алдындағы жауапкершілікті арттыру. Құқық бұзушыны кешіре беру – қоғамдық қауіпсіздікті әлсіретеді. Сондықтан Алматыда бұл саясат нақты іс жүзінде жүзеге асып, тәртіп бұзуға бейім мінез-құлықтың алдын алуға мүмкіндік беріп отыр.

Г.Тұрлыбекова