КӨПШІЛІКТІҢ НАЗАРЫ АУҒАН ОРТА – ТҮРКІСТАН!
Түркістан – тек қала емес. Түркістан – тарих. Түркістан – рух. Түркістан – тұтас ұлттың жүрегіне айналған қасиетті мекен.
Бүгінде бүкіл елдің назары ауған осындай стратегиялық, рухани маңызы зор ортаны басқару – үлкен сенім. Осындай жауапкершілігі ауыр міндеттің Әзімбек Пазылбекұлына жүктелуі – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ.
Жас болса да, елдік істің жүгін көтеріп, бас болып жүрген азаматқа қолдау білдіру – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз деп білемін.
Бүгін арнайы жұмыс сапарымен Түркістан қаласына барып қайттым. Қала күн сайын жаңарып, түлеп келеді. Көзге көрінетін де, көрінбейтін де ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Қайнаған тіршілік, қарқынды құрылыс, жүйелі жоспар – бәрі бір бағытқа жұмылдырылған.
Әсіресе, қала ішіндегі тазалық мәселесіне ерекше мән берілгені қуантты. Себебі тазалық – мәдениеттің де, иманның да айнасы.
Осындай жүйелі жұмыстың басы-қасында жүрген қала әкімі Әзімбек мырзаға және оның командасына шынайы ризашылығымды білдіремін. Ұйымшылдық пен жауапкершілік бар жерде нәтиже болатыны анық.
Әрине, жұмыс бар жерде кемшілік те болады. Кейбір тұстарды көз шалды. Бірақ, үлкен істердің көлеңкесінде ұсақ мін іздеу – нағыз әділет емес деп ойлаймын.
Ең бастысы – бағыт дұрыс. Қарқын бар. Ниет бар.
Сырттай бақылап қана емес, ішкі сеніммен айтатын болсам — Түркістанның ертеңіне сенім бар.
Әзімбек мырза, еңбегіңізге табыс тілеймін!
Шаршамаңыз!
Ел сенімін ақтай беріңіз!

