КІТАП ОҚУ ДАҒДЫҒА АЙНАЛСА ДЕП…
Астанада өте жақсы жиын болды. Мемлекет басшысының бастамасы негізінде әзірленген «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» жобасының жетекшілері бір топ қаламгердің басын қосты. Айта кету керек, бұл жоба “AMANAT” партиясының қолдауымен жүзеге асып жатыр.
Әуелі белгілі ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан жобаның жөн-жосығымен таныстырды. Содан кейін қор басшысы Бақытжан Тұрлыбек жобаның пилоттық кезеңінің аралық қорытындыларын таныстырып, алда істейтін жұмыстарын ортаға салды.
Пилоттық кезеңнің алты айы ішінде Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында жобаға 189 мың адам қатысыпты. Қатысушылар орта есеппен 10–15 кітап оқыған.
Жоба алты бағытта дамып отыр екен:
1. «Кітап оқитын мектеп»
2. «Кітап оқитын колледж»
3. «Кітап оқитын университет»
4. «Кітап оқитын педагог»
5. «Кітап оқитын әулет»
6. «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші»
Әрбір санат үшін 15 шығармадан тұратын арнайы тізім жасалған. Жобаға қатысушылар күніне 30-50 бет кітап оқуды дағдыға айналдырыпты. Ғажап қой, иә?
Қаламгерлер бұл жобаны өте жақсы қабылдады. Төлен Әбдік, Роза Мұқанова, Қойшығара Салғараұлы, Алдан Смайыл, Мәди Айымбетов, Шәрбану Бейсенова, Сауытбек Абдрахманов, Қуаныш Жиенбай, Оңайгүл Тұржан, Жанат Әскербекқызы, Жанарбек Әшімжан секілді сөз иелері өз ойларын ортаға салды. Кейбір тұстарын шұқшия сұрады. Мысалы Төлен Әбдік бұл жобаның науқаншылдыққа айналып кетпеуін қадағалау керектігін айтты. Алдан Смайыл әлемдік тәжірибеден мысал келтірді. Оңайгүл Тұржан бүгінгі визауалды әлемде кітап оқуды насихаттауда электронды БАҚ-тың рөлі жоғары екенін айтты.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры жанынан Қамқоршылық кеңесі құрылып, оның құрамына белгілі қаламгерлер кірді.
Жиында: «Бұрын кітапты жазушылар жазып, жұрт оқитын еді. Қазір бәрі кітап жазып, ешкім оқымайды» деген әзілді еске алған Төлен Әбдіктің әңгімесінің астарында ащы шындық бар. Кітап оқылуы үшін есті оқырман керек. Сауатты оқырман дайындайтын мұндай жобалар керек-ақ, Ендеше, іске сәт!
Бауыржан Бабажанулы ФБ парақшасынан алынды




