Көпбалалы аналарға айрықша қолдау

Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі жас болсын, жасамыс болсын жұртшылықтың жаппай бизнеспен айналысуы. Сондықтан да мемлекетіміз шағын және орта бизнесті дамытуды ел саясатының басым бағыты ретінде қарастырады. Сол үшін де жұртшылықтың кәсіппен айналысуына жағдай жасап, сәт сайын сан түрлі бағдарламалар ұсынумен келеді. Әсіресе қазіргі таңда халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында көпбалалы отбасылар мен жастарды кәсіпкерлік негізде оқыту, олардың бизнеспен айналысуына ықпал ету жолға қойылды. Олардың несие алып іс бастауына, қайтарымсыз грантқа ие болып, шаруасын дөңгелетуіне баса көңіл бөлінуде. Өйткені, еңбек етуші халықтың көпшілігі шағын және орта бизнес арқылы нәпақасын айырғанда ғана еліміздің белгілі бір тұрақтылыққа қол жеткізетіні анық.

Жамбыл облысында көпбалалы аналарға қайтарымсыз гранттар берілуде. Бұл грантқа қол жеткізу үшін «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысушы болуыңыз шарт. Егер жаңа бизнес идеяларды іске асыруға ниеттенсеңіз, арнайы жобаңызды ұсынасыз. Аталмыш жобаны тиісті  құрылған комиссия қарап, арайы шешіммен 505 мың теңге қайтарымсыз грант тағайындалатын болады. Сөзіміз сенімді шығу үшін осы тақырыпқа қатысты облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сейдахмет Сейтбековтің пікірін сөзбе сөз беруді жөн көрдік.

– Егер 4 немесе одан да көп балалы, аз қамтылған отбасы болса, біздің басқармаға келіп, тиісті құжаттарды тапсырады. Бұл грант тек бизнес идеяны жүзеге асыру үшін болғандықтан, жоба ұсыну міндетті. Содан соң «Бастау бизнес» жобасы бойынша 1 айға дейінгі кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсында оқып, 16 759 теңге мөлшерінде стипендиямен алады. Бұған 3 айға дейін қысқа мерзімдік оқуды аяқтаған азаматтар және қоныс аударушылар, оралмандар қатыса алады, – дейді ол.

Облыс аумағындағы қалалық және барлық аудандық халықты жұмыспен қамту орталықтарының сұраныстарына сәйкес биылғы жылға 940 грантқа жалпы 474,6 миллион теңге бөлініпті. Осы грантты алып, жаңа ісін бастауға ниетті азаматтар халықты жұмыспен қамту орталығына келіп, өтініш жазады. Жеке басты куәландыратын құжат, салық комитетінен заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы анықтама немесе дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы хабарламаның көшірмесін, әзірлеген бизнес-жоспарын, «Бастау бизнес» жобасымен оқудан өткен сертификат немесе қысқа мерзімдік оқу туралы куәлігін, мекенжай немесе ауыл әкімдігінен анықтама өткізеді. Ал оралмандар оралман куәлігін әкелуі тиіс.

Айта кетейік, бұл грант тұтынушылық мақсаттарға, несие қарыздарын өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдердің өндірісіне, жалдау ақысына берілмейді.

 

 

Жалпы, өңірімізде өз бетінше кәсіп ашып, еңбек етемін деген адамға қолдау көп. Оның үстіне көпбалалыларға қайтарымсыз грант беру — ерекше қолдау. Сол үшін де тұрғындар жоғарыда аталған талаптарға сай қам-қарекет етіп, кез келген кәсіп түрімен айналысса, ырысқа кенелері анық.

 

Әлім Мұратов

Жамбыл облысы