Ауыл дамыса – ел дамиды

Өңір дамымай, еліміздің өркениетке қол жеткізуі мүмкін емес. Ол үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуы, іргелі өнеркәсіптердің тамырына қан жүгіруі, нарыққа шығатын өнімдерінің сапасы жоғары болуы, экспортқа шығарылатын тауарлардың бәсекеге қабілетті болуы, сырттан келетін шетел тауарын отандық өнімдердің нарықтан ысыра алуына әлеуеті жетуі өте маңызды. Сол үшін де мемлекет бүгінде экономиканы көтере отырып, елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға күш салуда. Халықтың әл-ауқатының артып, әлеуметтік жағдайының жақсаруы осымен тығыз байланысты, — деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.

Бүгінде облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңір халқының жағдайын жақсарту мақсатында жүйелі жұмыс жасаумен қатар, қаржы көздерін тиімді пайдалану, индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасына сай өңірде жарқын жобалар мен тың бастамаларды жүзеге асыру бағытында тер төгуде. Одан бөлек ауылдық елді мекендердегі әрбір ауланы дамыту мақсатында қосалқы шаруашылықтарды біріктіру, оларды кооперативтендіру жұмысы қызу қолға алынған. Осының барлығы айналып келгенде тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту.

– Бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі халықтың табысын көтеріп, тұрмысын жақсарту болып отыр. Сол себептен жаңа сайланған Республика Президенті өзінің ұлықтау рәсімінде де және жуырдағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында да осы мәселені ерекше атап өтті. Біз облысымызда осы мақсатқа қол жеткізудің жолдарын, тетігін анықтадық.Өңірде 1 миллион 125 мың адам тұрады, оның 680 мыңы, яғни 60 пайызы ауылда шоғырланған. Енді халықты барынша қамту, әрі осы мәселені тиімді шешу үшін не істеу керек? Қолданыстағы бағдарламалар жылына орта есеппен 35-37 мың адамды ғана қамтиды екен. Осы орайда осыншама халықтың ауылды жерде тұратындығы – ол біздің үлкен мүмкіншілігіміз екенін айта кету керек. Себебі, әрбір ауылдық аула шын мәнінде – табыс көзі. Бұның бірден бір дәлелі облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдері көлемінің 43 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі. Ал сүт пен еттің 60 пайызы үй іргесіндегі малдан өндіріледі. Бұдан бөлек, кейбір аулалардың табысы айына 500 мың теңгені құрап, жылына 4-6 миллион теңгеге жетіп отыр. Бұл мемлекеттік қолдаусыз. Қажетті қолдау көрсеткен жағдайда, табыс ұлғая түспек. Ал қазіргі уақытта облыс бойынша ЖҚШ-ның орташа табысы айына 25-30 мың теңгеден аспайды. Себебі – ұйымдастыру мәселелерінің, айталық, өнімді орталықтандырылған түрде сатып алудың, сақтаудың, алғашқы өңдеудің, тасымалдаудың, мал азығының жетіспеушілігінің, азын-аулақ қаражаттың болмауының шешілмегендігі.

Сондықтан да, бірінші кезекте қосалқы шаруашылықтарға бағытталған мемлекеттік саясатты қалыптастыра отырып, тиісті қолдау көрсетсе, көтеріліп отырған мәселеден бөлек, басқа да маңызды сұрақтар шешімін тапқан болар еді. Мысалы, ауыл шаруашылығы өнімін еселеп көтеру, қайта өңдеуді дамыту, импортты алмастыру, азық-түлік бағасын төмендету, жұмыссыздықпен тиімді күресу, әлеуметтік көмекке жүгінушілердің санын азайту, жалпы ауылдың әл-ауқатын көтеруге жол ашылған болар еді, – деді Асқар Исабеков облыстық мәслихаттың кезектен тыс өткен сессиясында берген есебінде.

Иә, істің көзін тапса, бақша баптап та баюға болатыны ақиқат. Тек ниет керек. Ал шаруаны қолдау шаралары билік тарапынан шешіледі. Мұны әр ауданға барған жұмыс сапарында облыс әкімі Асқар Мырзахметов айтудай-ақ айтып келеді. Еншеде, мүмкіндікті жіберіп алмаңыз!

Әлім Мұратов

Жамбыл облысы