Қоғам алдындағы жауапкершілік басты орында!
Қазіргі қоғамда тәртіп сақшылары мен бұқара арасында ашық әрі сенімді байланыс орнату мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып саналады. Осы бағытта Түркістан өңіріндегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен тұрғындардың шынайы сеніміне ие болған маман – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі, білікті журналист, Түркістан облысы Полиция департаментінің ресми өкілі әрі баспасөз хатшысы, полиция аға лейтенанты Гүлнар Абдужаппарова.
Қызмет жолында жоғары кәсібилігімен танылған Гүлнар Абдужаппарова ҚР Ішкі істер министрлігінің «Құрмет» грамотасымен, «Қазақстан полициясына 30 жыл» медалімен, сондай-ақ облыс және қала әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталған. Ол өз қызметін тәулік бойы үлкен жауапкершілікпен атқаратын, ақпараттық кеңістікте заң мен тәртіпті насихаттайтын өз ісінің нағыз жанашыры. Сонымен қатар Гүлнар – отбасында аяулы жар, бақытты көпбалалы ана ретінде де үлгілі тұлға.
Оның «Айналаңда айлакерлер көбейген сайын мейірімді болу қиындай түседі екен. Бірақ дәл сондай сәтте адамдық қасиетіңді жоғалтпай, мейірімді қалпыңды ұстап қалу – бойдағы ең асыл қасиеттің бірі» деген сөзі оның адамгершілік болмысын аша түседі. Қоғаммен байланыс орнатудағы ашық ұстанымы арқылы ол қоғамда сенім мен жауаптылық құндылықтарын берік бекітіп келеді. Оның еңбегі БАҚ беттерінде жоғары бағаланып, полиция мен халық арасындағы сенім көпірін нығайтуға қызмет етуде.
