Көбіне “жүргіш” деп жаланы еркекке жаба саламыз. Бұзықтықты тек еркектен көреміз.
Енді ойлаңыз, еркек бұзықтықты кіммен жасайды? Итпен бе, мысықпен бе? Әйелмен жасайды ғой. Демек, бұзық еркектің артында бұзық әйел тұрады. Екеуін таразыға тартып көріңіз. Қайсысы арлы болғанда бұзықтық болмайды? Еркек – сұраныс иесі, әйел – ұсынушы. Ол не? Ол – қылық, сөз, жан, тән. Кез-келген еркекті майысып, қылымсып, мақтап естен тандыруға болады. Есінен танған соң жаның мен тәніңді иеленгісі келеді. Комплиментті үйіп-төгеді. Болды.
Еркек мақтау, мадаққа мұқтаж. Мақтау өсіреді, даттау өшіреді. Еркекке табынып, тыңдап, мақұлдап ынта танытсаң, уысыңа өзі келіп түседі. Тыңдай бергісі келеді, тыңдай бергісі келеді. Лепіреді. Сенеді. Осы сезімді ұнатады. Бірақ, мұнда сүю жоқ. Сенің идеализировать еткеніңе тәнті болу бар. “Байланып қалу” дейді мұны. Әрі қарай бір итеріп, бір тұрғызып ойнайсың…
Еркек ешқашан өзіне өлердей ғашықты сүймейді. Бірақ, қызық көреді. Пайдаланбай кетпейді. Сен сыйлайтын сенім & мадаққа құмартады. Саған қамқорлық танытардай рөл ойнайды. Сен бастаған ойынның финишіне асығады. Алайда, еркек – аңшы. Аузына өзі келіп түсетін асты жеңсік санамайды. Күреспен, жанкешілікпен, күш-қуат сарп етіп қол жеткізу – табиғаты.
Еркекте бәрі – тез. Селк етуі, сенуі, тіпті, қойныңа да соншама тез кіргісі келеді. Адамзаттың емес, тірі жаратылыстың еркегінің бәрінің инстинкті осындай. Қасқыр, жылқы, кит секілді жұбына адал тіршілік иелері де бар ғой. Адамның еркегінің де адалы жоқ емес. Адамның еркегі – сезім иесі. Сол үшін табыну оларға ерекше сезім сыйлайды. Ал сезім, қоздырады. Ендігіде иленгісі келеді. Сондықтан еркектің ойын қытықтап, қоздырып алып, бұзықтық атаулыны еркекке ысыра салу – ЖАЛА!
Бұзық әйелдер еркектен көп қазір. Көріп жүрміз. АР – архивке түсетін жазбаға айналып кетпесе игі. Әр еркекпен бір байланысқа түсуді, аунап тұруды “заманауи” санайтын, өзін соншама “қалаулы” көретін ұрғашылар аз емес. Тозақты айтпай-ақ қойшы, жиіркену жоқ қой ондайларда. Өздерінің “көзайым” екеніне сенімді. Делебесі қозған еркектің комплименттеріне сену салу – топастық, арзандық.
Шындығында еркек – көрсеқызар, ләззатқұмар, мақтауқұмар, қызыққұмар. Түрлі-түрлінің дәмін көргісі келеді. Сөйте тұра, өмірлік серікке ондай әйелдерді таңдамайды.
Бір әйелдің соры мен көз жасына бір әйел кінәлі. Ортадағы – еркек!
Бір әйел еркегін күтіп үйінде отырғанда сұм әйел оны ес-ақылдан айырып, бұтына оралып, майысып, арбап естен тандырып жатады. Үміттендірмесең, ойын бұзып, қалауын қоздырмасаң сөйте ме? Неге еркек қана кінәлі бұған?
Құлыптаулы есікке ешкім кіре алмайды. Айқара ашып қойған есікке ит те кіреді. Демек, әйел арлы болмай, еркек арлы болмайды! Әйел етегін қымтап, арын биік ұстауы керек!
Еркекті материалдық компанент ретінде пайдаланатын залым қатындар баяғы алдау, арбаумен қолға түсіреді. Жолын болдырады, түрлі тактика, жоспарымен пайдаланады. Еркек бір әйелдің естен танғанына мас болып, қиялдап жүреді. Ақымақтығы тағы бар еркек сорлының.
Еркектен қатын қу. Зұлымдық иесі де – ұрғашылар. Еркек тез қозады, тез басылады. Бұл жаңалық емес қой.
Арлы әйелдерді еркектер құрметтейді. Қорқады, тіпті. Батпайды. Қалайды. Жүрексінеді.
Еркек аңыз айтқанды ұнатады. Қолына тез түскен, өзіне ғашық қатындар мен бауырына басқандарды айтып мақтануды ерлік санайды. Ал қолы жетпеген әйелдер жайлы я тіс жармайды, я өтірік қаралап кетеді.
Жалғызбасты әйелдерді сыбап жатады жұрт. Рас, ондайлар жоқ емес, бар. Еркектен көңілі қалып, еркек атаулыдан безініп кеткен жалғызбастылар да жетіп артылады. Ал күйеуі бар әйелдердің бәрі тәртіпті ме? Бір еркекпен өмір сүріп, бір еркек тірнектеп тіршілік етіп бағып отырса, бір еркекке мауығып, сілекейі ағып, ырбаңдайтын, нәпсісі сайтанмен ауызжаласқан қатындарға не дейсіз? Некелі жардың қойнында жатқан жыландар аз ба? Мұндай әйелдер жоқ, көрмедім деңізші. Дей алмайсыз! Өйткені, көп.
Қатынас екеуге ортақ. Үшінші біреу тұмсық тықса, бұзық та – сол, қиянатшыл да – сол!
Неке – Алланың алдында серт! Некелі ердің бөтен әйелмен, некелі әйелдің бөтен еркекпен қылымсып хат алысуы да – САТҚЫНДЫҚ! Бәрі осыдан, хаттан басталады.
“Жаным арымның садағасы” демейтін әйелдер күннен-күнге көбейіп келеді.
Бұзықтықты еркектен көре беру ақылға қонымсыз. Арлы әйел болсаң еркектің ойын бұзба, үміттендірме, құнсыз қылық қылма, қойнына кірме! Көрінген ит бұтын көтеріп, шаптырып кететін ағаш емес қой әйел деген…
Арлы әйел – ТЕК жүреді!
🥔 жарайын деген ойым жоқ. Тиктокқа салып едім, осында да салып көргім келді…
Самал ЗІКІРИЯҚЫЗЫ

