Кітап оқитын ұлт – зерделі қоғам

Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Кітап оқитын ұлт – зерделі қоғам» атты рухани-мәдени шара өтті. Алқалы жиынға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, сөз сөйледі. «Қадірменді зиялы қауым! Ардақты әлеумет! Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғаны баршаңызға мәлім. Бүгінгі келелі жиын – осынау бірегей бастаманы жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып отыр. Кітап – ақылына ақы сұрамайтын дос. Кітап – өркениет құндылықтарын бүгінге жеткізген және де келешекке аманат ететін аса құнды қазына. Бүгінгі жиын төрінде аға толқын зиялы қауым өкілдері отыр. Жетекші буынның ізін жалғаған жастар қатысуда. Алдымызда отырған ата-әжелеріміз бен ағаларымыз – кітаппен тәрбиеленген буын. Өскелең ұрпақ осынау өнегелі дәстүрді жалғастыруы қажет деп есептеймін» деді қала әкімі.

«Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт руханиятының жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі өтті. Көрмеде қайраткердің өмірі мен қызметіне қатысты кітаптар, ғылыми мақалалар, архивтік құжаттар мен фотосуреттер қойылып, келушілер тарихи тұлғаның бай мұрасымен танысты. Қонақтар кітап көрмесін тамашалап, сөреге қойылған құнды еңбектермен танысты. Ақыл-ой айнасына айналған құнды кітаптар арасында Фараби мен Ясауи кезеңінің еңбектері, мемлекеттігіміз дәуірлеген кезең мен тәуелсіздік таңында жазылған кітаптар назарға ұсынылды. Замана жаршысына айналған құнды кітаптар да сөреден орын алды.

Рухани шараның екінші кезеңі Рух сардарына арналды. Көрмеден кейін белгілі әдебиеттанушы ғалым, жазушы Құлбек Ергөбектің «Өзбекәлі Жәнібек кім?» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Жиын барысында жаңа еңбектің мазмұны мен маңызы таныстырылып, автордың Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен қоғамдық қызметін зерттеудегі еңбегі ерекше аталып өтті. Қатысушылар аталған кітаптың тарихи тұлғаның тағылымды мұрасын кеңінен насихаттап, оны жас ұрпаққа танытудағы маңызы зор екенін атап өтті.

Қатысушылар аталған кітаптың тарихи тұлғаның тағылымды мұрасын кеңінен насихаттап, оны жас ұрпаққа танытудағы маңызы зор екенін атап өтті. Түркістан төріндегі рухани іс-шара көкжиекті кеңейткен келелі кеңес ретінде ерекшеленді. Ұлттың болашағы ең алдымен білім мен руханиятқа деген көзқарастан басталатынын ескерсек, кітап оқитын қоғам ғана ойлы ұрпақ тәрбиелеп, саналы мемлекет қалыптастырмақ.