«Кім қалай ішеді?»

Сталин заманында араққа таршылық болған емес. Кім қанша ішті, кіммен ішті дегенге кінәрат бола қойған жоқ. Сондықтан да ішкіштер жайлы әр түрлі қалжың айтыла беретін. Комозиторлар жөніндегі сондай әзілдердің бірі мынау:
Кәрімбаев түнде ішеді,
Қалдаяқов күнде ішеді,
Еспаев кесесімен ішеді,
Бақадамов шешесімен ішеді.
( Бақытжан Байқадамовтың енесі генерал Панфиловтың әйелі еді, енесін «мама» деп атағандықтан шешесі деп айтылған)
«Қай ән-кімдікі?»
Әндері халық арасында кең тараған біраз композиторлар Шәмшімен құрдас болмаса да, тұстас-тұғын. Солардың халық сүйіп айтатын әндерін Әбілахат былай деп сипаттаса керек:
Кәрімбаевта- «Мен көрдім».
Қапан Мусинде- «Жайлауда».
Қалдаяқов- «Қайықта».
«Қыз қуу»- Еспаевта.
Садық Кәоімбаевтың пародиясы
Шәмшінің Шымкентке ауысып кеткен кезі болса керек. Ол Алматыға баруын сиретіп, ондағы достары Шәмшіні аңсай бастапты. Садық Кәрімбаев ағасы оған бір күні «Қайдасың» әніне пародия түрінде:
«Шымкентке орнығып болдың ба, қарағым?
Бұл жақтың кетіп ең тауысып арағын,
Ақ көңіл інімнің көп көрдім пайдасын,
Сагындым өзіңді, Шәмшіжан, қайдасың?» — деп сәлем хат жолдапты.
«Кедейшіліктің қасіреті»
Шәмші қанша тарығып жүргенмен, ол туралы ауыз ашпайтын. Бірақ, бір күні қатты ренжіді-ау деймін, мына әңгімені айтты.
— Мен қолыма сағат тағуды ұнатпайтынымды білесіңдер ғой!… Бір күні Шымкентке пойызбен кетіп бара жатып, көршіме: «Сағатыңыз бар ма? Уақыт қанша болды?» — деп едім, ол менің өсіп кеткен сақалыма, үтіктелмеген костюміме жирене қарап:
— Сендей сағаты жоқ жалаң аяққа уақыттың да керегі жоқ! – дегені.
— Ақсақал, абайлап сөйлеңіз! Мен Шәмші Қалдаяқовпын!-дедім күйіп кетіп.
— Әй, болсаң боларсың, -деді анау. – Шәмші не аты, не заты жоқ, қаңғып жүр екен деп естуші едім. Рас екен,-деді әлгі.
Мен жауап таппай дағдарып қалдым,-деді Шәмші бұл әңгімесін сәл ренжи аяқтап.
(жалғасы бар)
Оразбек Бодықов. Шәмші Қалдаяқов: ХИКАЯТТАР