ҚАЗАҚТЫҢ БАТЫР ҚЫРАНЫ

 (бүгін ағамыз 99 жасқа келді)
Қазақстан ғана емес, бүкіл Орта Азиядағы республикаларда болмаған, Совет Одағының Батыры атағын екі мәрте алған осы күнге дейін мақтанышымыз болған, әлі де бола беретін Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов 2014 жылдың 10 қарашасында 93 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Оның батырлығы бұрынғы және қазіргі кезде лайықты бағасын алды ма? Ұлы Отан соғысы кезінде Бас қолбасшы И.В.Сталиннің Жарлығы бойынша 80 рет жауынгерлік ұшуды табысты орындаған ұшқышқа Батыр атағы берілетін болып белгіленді, Талғат ағамыз 305 рет жауынгерлік тапсырманы орындаған, бұл деген 305 рет немесе 500 сағаттан астам, немесе 21 күні бойы ажалмен бетпе-бет болған деген сөз. Қарапайым арифметикаға салсақ төрт кем дегенде үш мәрте Совет Одағының Батыры атағы берілуі керек еді. Совет Одағының Батыры атағын екі рет алған 120 адам ішіндегі жалғыз мұсылман, қазақтың даңқты ұлы дүниеден өткенде үкімет үш күн демей-ақ, ең болмағанда бір күнді қаралы күн деп жарияласа да артық болмайтын еді, алақанға салып аялайтын батырымыздың болғандығын бүкіл әлем білетін еді ғой. Талғат ағамыз 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығына аман-есен жеткенде «Халық Қаһарманы» атағын алар ма еді деген үмітіміз де болған еді.
Талғат батырымыздың екі Алтын жұлдыздан басқа да марапаттарын осы жерде айта кеткен жөн деп есептеймін, Ленин, екі бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы, екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы,Александр Невский, екі Қызыл ту, Қызыл Жұлдыз, үшінші және бірінші дәрежелі Даңқ, Отан ордені, Польша әскерінің Алтын Кресінің әр қайсы нақты батырлығы мен ерлігі үшін берілді. Үш рет СССР Жоғары Кеңесінің депутаты болды. Алматы, Астана және Арқалық қаласының Құрметті азаматы атанды. Қай бір жылдары батырдың үйіне бұзақылар келіп газ балонымен есінен айырып Талғат ағамыздың екі Алтын Жұлдызын алып кеткен болатын. Абырой болғанда генерал мундирінде қадаулы тұрған муляжды алтын деп алып кеткеніне қуандық. Ағамыз кезінде бұған да қатты қапаланған болатын.
Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов 1922 жылы 5 тамызда қазіргі Нұр-Сұлтан қаласындағы әуе-жай орнында орналасқан Қорғалжын ауданы Майбалық ауылындағы Бигелді қарттың шаңырағында дүниеге келді. Совет өкіметінен Қытайға қашып кеткен ұлты татар Ғали байдың малын ағайынды Жүсіпбек пен Жақыпбек Шығыс майдан қолбасшысы М.В.Фрунзеге өткізеді. Ол: «Я главнокомандующий Туркестанским военным округом М.В.Фрунзе принимаю скота Гали бая от чабанов Бигельдиновых Жусупбека и Жакупбека в составе 20 тыс овец, 500 крупного скота» деп, қолхат жазып мөрін басып береді. Кейін Фрунзе аэроклубында үздіктер қатарында болған Талғатты Саратовтан келген комиссия мүшелері ауқатты тұрады деп естіп «Байский сын» деп авиамектепке қабылдағысы келмегенде, Талғат үйіне жүгіріп барып осы қол хатты алып келіп алқынып: «Ни какой я байский сын! Вот! Скот сдавал советской власти. На-те!» деп қолхатты алдарына тастайды. Командарм Фрунзенің осы қолхаты арқылы Талғаттың арманы орындалып мектепке қабылданады. Саратовтан соң Орынбордағы Чкалов атындағы бомбылаушы үшқыштар мектебінде оқуын жалғастырады. 1943 жылдың қаңтарында ол Ил-2 штурмавик штурвалына отырды. Міндетті жер бетіндегі жау мен техникасын құрту. Ил-2 ұшқыштарын «ажалдылар» (смертники) деп атайтын. Себебі, жау жағы өзіне бомба тастағалы келе жатқан штурмавиктерді бар қарумен нысанаға алып оқ ататын. Ил-2 штурмавигінде екі зеңбірек, екі пулемет әр қайсысы 82 кг сегіз реактивті снаряд барлығы 600 кг бомба болды, бұл ұшақты біздің адамдар «ұшатын танк» десе, фашистер «Қара ажал» деп зәрелері ұшты. Ил-2 де екі қанаты астында фотоаппараты болды. Ұшқыш тастаған бомба нысанаға қаншалықты дәл тиді, жерге қонғасын ұшқышқа сол фотосурет арқылы баға берілді.Штурмовиктің міндеті жердегі барлау арқылы алынған нысананы жою. Аспанда бұларды истребительдер қоршап әрі қорғап жүретін. Кейде әуе шайқасында олардан сытылып шыққан жау истребительдерімен шайқасқа түсетін. Бастапқыда Ил-2 де атқыш болған жоқ. Бір күнде 24 штурмовикті атып түсіргесін, Сталин конструктор Ильюшинге айтып артта отыратын бір атқышты қосты. Осындай әуе шайқастарда Талғат ағамыз 27 истребительді атып түсірген. Соның біреу жаудың «ас» (шебер) ұшқышы болып шықты. Бір өзі біздің 150-дей ұшағымызды атып түсірген болып шықты, өзін атып түсірген, 21 жастағы жас ұшқыш екенін естіп сенбеген көрінеді.
Т.Бигелдинов эскадрилья басқарса да, командир ретінде ешкімнің тасасында болып көрген жоқ, тіпті көптің зәресін ұшыратын №13 нөмірмен шайқасып «ырымға сенбейтін» нағыз ымырасыз ұшқыш екенін дәлелдеді. Тек Днепрдің оң жағындағы бекіністі алу үшін болған ұрыстарда бір өзі 10 танк,32 автомашина, 18 ат арба, 8 зеңбірек, 180 неміс солдаттарын жойып жіберді. Бірінші рет батыр атағына ұсынылған 1944 жылғы құжатта 155 рет жауынгерлік ұшуға шығып бірде-бір рет нысанадан жанылмай бәрін жойып жіберген деп жазылды. Жердегі мерген қанша фашистің көзін жойса, сонша рет қалтасындағы пышақпен винтовканың ағаш дүмбісіне кертік белгі жонып отырған. Ал аспанда шабуылдап келіп жерге 600 кг бомба тастағанда қанша жаудың опат болғанын кім санап жатты дейсің, дегенмен батыр ағамыз 2008 жылы «Айқын» газетіне берген сұхбатында былай деген болатын: «Бірде барлауға шықтым, қалың жаяу әскер келе жатыр кемінде бір дивизия , шамамен бес шақырымға созылып келе жатыр. Байланысқа шықтым: «Мен 230- шымын жылжыған жаяу әскерді көріп келемін» сөйтсем бұл неміс армиясының «Тургофурмос» операциясына қатысуға бара жатқан дивизия екен. Лезде бұйрық берілді: «Бигелдинов шабуылда! Сенің ұшағың жәшікті фосформен жабдықтандырылған». Мәссаған! Мен бұны білмеген едім. Негізінде бұлай етуге болмайды газ және фосфор қаруын қолдануға халықаралық тиым салынған. Маған көрсетпей, қалай төрт жәшік фосфор ампуласы тиелгенін түсінбедім, әдейі солай істелінген екен ғой. Бұйрықтың аты бұйрық орындау керек. Төбеден шүйіліп, бомбылай жөнелдім. Әскерді түгелдей жойдым-ау деймін. Кейін фотосуретті көріп, өзім шошып кеттім. Бірақ амал жоқ, соғыс деген сол. Сен өлтірмесең, ол сені өлтіреді. Жалпы соғыс кезінде мен жауды өте көп құрттым. Есебі жоқ ….» деген болатын. Талғат батыр бұл жерде бір дивизияны жоқ қылып жібергенін айтып отыр. Ал, дивизияда 10-12 мың аралығында солдат болады. Бұл соғыс шындығы. Сондай-ақ , Т.Бигелдинов Берлин үстінен күндіз ұшып аэрофотолық барлау жасап аман қалған жалғыз ұшқыш. (штурвалға отырғанда әкесі үйреткен дұғаларды оқитын болған). 1945 жылы 27 маусымда СССР Жоғары Кеңесі төралқасының Жарлығымен екінші рет Совет Одағының Батыры атанғанда 23-ке де толмаған еді.
1945 жылдың 24 маусымындағы Қызыл алаңдағы Жеңіс парадына қатысты.Соғыстан соң Т.Бигелдинов Москвадағы жоғарғы әскери Академияны оқып бітірді. Украинада авиаполкте МИГ истребительдерін сынақтан өткізіп жүргенде, 1956 жылы сынақ үстінде ұшағы жарылып өзі билік қарағайдың бұтағына ілініп қалып омыртқасы мен қабырғасын сындырып алып әскерден босатылды. Бұдан әрі Москва құрылыс институтында оқып екінші жоғары білім алды. Азаматтық авиация басқармасындағы құрылыс саласын басқарды. ХХ ғасырдың 50 жылдарында Ил-18 ұшағы Алматы әуежайына қона алмағандықтан ел басшылары Москваға Ташкент әуежайы арқылы ұшатын сол жылдары Алматы әуежайында үлкен ұшақтар қонып және ұша алатын алаң жасауға басшылық жасады. Т.Бигелдинов басшылығымен Ақмола, Шымкент, Балқаш, Павлодар, Жамбыл, Ақтөбе, Қостанай, Шевченко, Семей, Өскемен,Қарағанды қалаларында аэродромдар салынды. Ұзақ жыл республикалық Азаматтық Авиация басқарма бастығының орынбасары болды. Талғат ағамен терезесі тең емес, соғыс кезінде 240-250 рет жауынгерлік тапсырма орындағандар авиация маршалы атанып жатқанда ол полковник шенімен жүрді. 1992 жылдың 5 тамызында 70-ке толғанда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен авиация генерал-майоры атанды.
Енді қос жұлдызды батыр бюсті неліктен Фрунзе (Бішкек) қаласына орнатылғанына келейін. 1946 жылы Академияда оқып жүргенде КПСС Орталық Комитетіне шақырылады. Сол кездегі идеология хатшысы А.А.Жданов кабинетінде Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президумының төрағасы А.Қазақбаев,оның сондай қызметтегі Қырғыз ССР-гі әріптесі отырады. Екі жақ батырды бөлісе алмай жүрген кез еді. Жданов Қазақбаевтан «Қандай құжатын бар?» дегенде: «Бигелдиновтың бүкіл туыстары Қазақстанда, оның Ақмолада туғанын, қазақ екенін солар айтып отыр»-дейді. А.Жданов Қырғыз ССР Жоғары Кеңесі төрағасынан сұрағанда: «Мынау біздің құжат» дейді Араб әріпінен хабары жоқ Жданов: «Мұны кім жазған?» дегенде. Ол : «Мұны Бегелдинов туылғанда жергілікті молда мешітке тіркеген» дейді. Сөйтіп мөрі де жоқ, арабша бір парақ қағаз Талғат ағамызды «қырғызға» айналдырып жіберіп, Фрунзе қаласына бюст ескерткіші орнатылды.
2013 жылы Ресейдің «Звезда» телеарнасында белгілі ғалым тарих ғылымының докторы Леонид Проханов Ауған соғысының қолбасшылары туралы хабар ұйымдастырған болатын. Сонда Моджахедтер көсемі Ахмад Шах Масудпен кездескенің. Оның кітапты көп оқитының тарихты терең білетіндігі таң қалдырады. Сөздің арасында ауған оппозиционері екі мәрте Совет Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтың есімін құрметпен айтып: «ол мұсылман ғой»- дейді. Ахмад Шах Масуд 1992 жылы дала командирі өзбек Достуммен бірігіп Кабулды басып алып, Наджибулла билігін құлатты. Ол жаңа Ауған мемлекетінің Қорғаныс минстрі болды. 2001 жылы тележурналист болып келген камикадзе өзін де А.Ш.Масудты да жарып жіберді. Мен де Масудтың қазақ батырын құрметтегеніне қуанып қалдым. Қазақтың батыр қыранын барлық ел құрметтейтінің 2014 жылы қарашада қайтыс болғанда көрдік, РФ Қорғаныс минстрлігіндегі әскери авиация офицерлері Т.Бигелдиновты «біздің балалық шағымыздың батыры еді»- деп еске түсірді.
Батыр ұшқыш Алматыдағы Кеңсай-1 зиратына жерленді. 2014 жылдың 11 шілдесінде Тоғанбай Қауымбаев қайтыс болғаннан кейін, көзі тірі қазақтың соңғы СССР батыры атанды. 2012 жылы 31 тамызда авиация маршалы Александр Ефимов қайтыс болған соң, СССР-дің екі мәрте соңғы батыры болды. Даңқты ұшқышымызды кезінде Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рахымжан Қошқарбаев және үш мәрте батыр атағын алған майдандастары Александр Покрышкин мен Иван Кожедуб жоғары бағалады. Совет Одағының Маршалы, екі мәрте Совет Одағының Батыры И.С. Конев: «Әскери ұшқыштың әуеге тапсырмамен бір рет ұшып аман келгенінін өзі ерлік!» деген болатын. Талғат ағамыз 93 жасында басынан даңқ пен дақпыратты да, көре алмайтын күңшілдікті де басынан өткізген адам. Адам болғанда да біз үшін –Аңыз адам. Адамдар бұл өмірге келіп кетер, өздерінің шама-шарқынша із қалдырып.Ал, Талғат Бигелдинов қазақ халқы тұрғанда мәңгі жасайтын тұлға.
Сөз соңында осындай батыр адамның артында ұрпақтары барма деп сұрақ қоюы мүмкін. Ағамыз 4 рет үйленген, Сания, Татьяна, Дәмелі, Орынбике есімді жеңгелеріміз болды. Ұлдары Талғат, Марат, қыздары Райхан, Галина Ирадан 12 немере, 16 шөбере, 3 шөпшек бар.
Бақытжан Абдул-Түменбай тарихшы-журналист-дайджест.