Келісіп пішкен тон келте болмайды

Алматы мен Алматы облысының әкімдері кептеліс, мектеп тапшылығы, экология сияқты ең өзекті әрі қордаланған түйіткілдердің түйінін бірлесіп тарқатуға кірісті. Себебі Алматыға іргелес орналасқан ауыл-аудан халқының көбі қалаға қатынап жұмыс істейді. Олардың таңертең Алматыға, кешке үйіне барар жолда сағаттап кептелісте тұруы дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомаға айналды. Бұл мәселені шешу үшін қос әкім ортақ шешімге келді. Енді қалаға кіріп-шығар жолдарды Дархан Сатыбалды салады. Ал, жол түсетін жер телімдерін Марат Сұлтанғазиев сатып алып береді. Әрине бюджеттің қаржысына. Осылайша Алматыға кіріп-шығатын негізгі магистральдардың саны артады.
Сондай-ақ қала мен облыс шекараларында шешілмеген шаруа көп. Әсіресе мектеп тапшылығы туындауда. Мәселен, облыста тұратын бірақ Алматының мектептерінде оқитын 16 мың бала бар екен. Дәл осылай қалада тұрып, облыстың мектептеріне баратындар да өте көп. Оқимын деген баланы директор “сен қалада, яки, облыста тұрасың”-деп кеудесінен қақпайды. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін екі әкім бірлесіп Кемертоған, Іргелі, Тұздыбастау, Абай, Жаңатұрмыс, Бесағаш ауылдарында білім ошақтарын салуды жоспарлап отыр. Облыс жер бөледі, қала мектеп салады дегендей ғой. Бұдан бөлек, Алматы іргесіндегі елді-мекендерді газдандыру мәселесі де талқыланды. Себебі әлі күнге көмір жағатындар Алматының экологиясын бұзатыны рас. Сондықтан бұл тек облыстың емес қаланың да басты проблемасы. Оны екі тарап тізе қосып талқылап, жедел шешудің жолын қарастыруда.
Диас Нұрақын ФБ парақшасынан алынды