Қазақ кілемін тоқу – ынтымақ пен бірліктің символы

Қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнері ұлттық мәдени мұраның маңызды құрамдас бөлігі болып саналады. Соның ішінде кілем тоқу өнері көшпелі өмір салтының ерекшеліктері, тұрмыстық қажеттіліктер және халықтың эстетикалық дүниетанымы негізінде қалыптасқан дәстүрлі қолөнер саласы. «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкерлері қазақ кілемдері сапалы жүнді пайдалануымен, табиғи бояулар арқылы алынған үйлесімді түстермен және символдық-танымдық мазмұнға ие ою-өрнек композицияларымен ерекшеленеді дейді. Қазіргі таңда «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында сақталған Өзбекәлі Жәнібеков жинақтаған кілемдер халқымыздың бай қолөнер дәстүрін, эстетикалық талғамын және ұлттық мәдениетін танытатын маңызды тарихи мұралардың бірі болып табылады. Бұл жәдігерлер келушілерге қазақтың кілем тоқу өнерінің ерекшеліктерін таныстырып, ұлттық құндылықтарды сақтау мен құрметтеудің маңызын ұғындыруға қызмет етеді.Қазақтың дәстүрлі қолөнері тарихи даму барысында үздіксіз жетіліп, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырған мәдени тәжірибенің маңызды көрінісі болып саналады. Кілем тоқу өнері халықтың тұрмыс-тіршілігімен, дүниетанымдық көзқарастарымен және рухани құндылықтар жүйесімен тығыз байланыста дамыды. Кілем тек тұрмыстық мақсатта қолданылатын бұйым ғана емес, сонымен қатар отбасының әлеуметтік мәртебесін, қолөнершінің кәсіби шеберлігін және қазақ халқының көркемдік-эстетикалық талғамын айқындайтын мәдени-тарихи құндылық ретінде бағаланады. Көшпелі шаруашылық жағдайында киіз үйдің ішкі кеңістігін қалыптастыруда кілемдердің атқарған қызметі ерекше болды. Олар еденге төселіп, қабырғаларға ілінді, жүк үстіне жабылып, тұрғын үйдің ішкі безендірілуінің негізгі элементтерінің бірі қызметін атқарды. Осыған байланысты кілем тоқу өнері қазақ қоғамында кеңінен дамып, материалдық және рухани мәдениеттің маңызды құрамдас бөлігіне айналды.

Бүгінде қазақ кілем тоқу дәстүрі ұлттық мәдени мұраны сақтау мен насихаттаудың маңызды нысандарының бірі ретінде ғылыми тұрғыдан зерттеліп, тарихи-этнографиялық және өнертанулық аспектілерде жан-жақты қарастырылуда. Кілем тоқу өнері – адамзаттың материалдық және рухани мәдениетінің ежелгі салаларының бірі. Археологиялық деректерге сәйкес, жүннен тоқылған бұйымдарды пайдалану тарихы бірнеше мыңжылдықтарды қамтиды. Алтай өңірінен табылған ежелгі кілем үлгілері кілем тоқу өнерінің сақ және ғұн дәуірлерінде жоғары деңгейде дамығанын айғақтайды. Бұл археологиялық олжалар көшпелі халықтардың тоқымашылық технологиясын жетік меңгергенін және жүн өңдеу ісінің ерте кезеңдерде-ақ қалыптасқанын көрсетеді.

Қазақстан аумағында кілем тоқу өнері түркі тайпаларының дәстүрлі мәдениетімен тығыз байланыста дамыды. Кейін Қазақ хандығы кезеңінде бұл кәсіп одан әрі жетіліп, әрбір тарихи-этнографиялық өңірде өзіндік көркемдік ерекшеліктері мен тоқу дәстүрлері қалыптасты. Мал шаруашылығының, әсіресе қой шаруашылығының кеңінен дамуы сапалы жүннің мол қорын қамтамасыз етіп, кілем өндірісінің өркендеуіне қолайлы жағдай жасады. Қазақ әйелдері кілем тоқу үдерісінің барлық кезеңдерін қолымен орындаған. Олар қой жүнін жуып, кептіріп, түтіп, иіріп, табиғи өсімдік тектес және минералдық бояғыштарды пайдалану арқылы сапалы жіп дайындаған. Кілемнің көлемі мен өрнегінің күрделілігіне байланысты оны тоқу ұзақтығы әрқалай. Кілем тоқу аса төзімділік пен шеберлікті талап етеді. Сондықтан қолмен тоқылған кілемдер өте құнды дүние болып есептеледі. Қазақ халқының дәстүрлі кілемдері тоқылу әдісі мен қолданылу мақсатына қарай бірнеше түрге жіктеледі. Түкті кілем – беткі қабатында түкті құрылымы болатын, ең кең таралған кілем түрі. Мұндай кілемдер жылу сақтау қасиетінің жоғарылығымен, жұмсақтығымен және сәндік сапасымен ерекшеленеді. Тақыр кілем – түксіз тоқылатын кілем түрі. Оның құрылымы жеңіл, берік әрі күнделікті тұрмыста ұзақ уақыт пайдалануға қолайлы. Алаша – жолақты немесе геометриялық өрнектермен тоқылатын дәстүрлі төсеніш. Ол тұрмыстық қажеттілікпен қатар сәндік қызмет те атқарған. Сонымен қатар қазақтың дәстүрлі тоқымашылық өнерінде басқұр, қоржын, бау және терме бұйымдар маңызды орын алады. Бұл бұйымдар кілем тоқу технологиясының негізінде дайындалып, киіз үйдің ішкі жабдықтарын безендіруде және тұрмыстық мақсатта кеңінен қолданылған. Әрбір бұйымның өзіндік функционалдық қызметі мен көркемдік ерекшелігі болған.

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында сақталған этнографиялық коллекциялардың бір бөлігі Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей бастамасымен жинақталған. Солардың ішінде қазақтың дәстүрлі кілем тоқу өнерін танытатын, Ө.Жәнібековтің өзі ат қойып, айдар таққан «Қоңырат» кілемі мен «Шұғыла» кілемдерінің орны ерекше. Бұл жәдігерлер 1978 жылдан бастап Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейден алдырылып, музей-қорық қорына тапсырылған. Қазіргі таңда олар музейдің аса бағалы экспонаттарының қатарында. Қоңырат кілемі қазақтың түкті кілем тоқу дәстүрінің озық үлгілерінің бірі болып табылады. Оның бетіне геометриялық және өсімдік тектес ұлттық ою-өрнектер шеберлікпен бейнеленген. Қызыл, қоңыр, қара және ақ түстердің үйлесімді қолданылуы қазақ халқының табиғатпен етене байланысын және ұлттық танымын көрсетеді. Ертеректе мұндай кілемдер үйдің сәнін келтіретін бұйым ғана емес, отбасының тұрмыс деңгейі мен қолөнер шеберлігінің көрсеткіші ретінде де бағаланған. Ал Шұғыла кілемі нәзік өрнектерімен, бояуларының жарасымдылығымен ерекшеленеді. Оның композициясында қазақтың дәстүрлі сәндік өнеріне тән симметрия мен үйлесімділік сақталған. Кілем жүннен тоқылып, өсімдік тектес табиғи бояулармен өңделген. Бұл оның ұзақ уақыт бойы сапасын жоғалтпай сақталуына мүмкіндік берген.