Қазақ бітімгерлері қандай міндет атқарып жүр


2026 жылы мамырда Қазақстанның үшінші ұлттық бітімгерлік контингентінің сарбаздары Голан жоталарына аттанған еді. Жалпыцға мәлім болған ақпарат болғаынмен, кейде осы қауіпіт миссияның не екендігін, оның тәуелсіз Қазақстан үшін қандай пайдалы тұстары бар екендігін көп адамдар бағамдай бермейтін тағы бар. Шағын мақаламызда осы төңіректе азырақ ой өрбітуді мақсат еттік.
Ең әуелі БҰҰ-ның бітімгерлік қызметіне атсалысу еліміздің халықаралық беделін арттырып қана қоймай, жаһандық бастамаларға қолду көрсетудегі белсенді позициясын әйгілейді. Қазіргі таңда қазақ жауынгерлері Сирия мен Израильді бөліп тұрған Голан жоталарында тәулік сайын қауіп-қатермен бетпе-бет жұмыс істеуде. Себебі бұл өңірде қақтығыс әлі жалғасып жатыр деуге болады.

Голандағы шиеленіс

Голан жоталары – Таяу Шығыстағы ең даулы аумақтардың бірі. 1967 жылғы соғыстан соң, Израиль бұл өңірдің басым бөлігін өз бақылауына алып үлгірді. Ал 1973 жылғы соғыстан соң екі елдің әскерін бір-бірінен ажырату туралы келісім жасалып, 1974 жылы БҰҰ-ның UNDOF (United Nations Disengagement Observer Force) миссиясы құрылды. Оның негізгі міндеті – Сирия мен Израиль арасындағы атысты тоқтату келісімінің орындалуын бақылау және арадағы буферлік аймақта тұрақтылықты сақтау болды.
Содан бері 52 жыл өтті. Өкінішке қарай Голан жотасындағы шекара әлі тынышталған жоқ. Сириядағы тұрақсыздық пен саяси өзгерістерден кейін Израил сырттан төнетін қауіпті ескеріп, сақтығын онан ары бекемдей түскен еді. Бұл жағдайлар аймақтағы жағдайды тағы да күрделендіре түсті.

Голанның қазіргі жағдайы
Сенімді дереккөздердің хабарлауынша 2026 жылдың шілдесінде Голан жоталарында ауқымды атыс-шабыс бола қойған жоқ. Алайда, бұл сөзіміз қауіп толығымен сейілді дегенеді білдірмейді. Израиль әскері 2024 жылдың соңында Сириядағы саяси өзгерістерден кейін буферлік аймаққа жақын бірқатар позицияларды бақылауға алған. Осыған байланысты БҰҰ миссиясының жұмысы күрделене түсті. Бітімгерлер бұрынғыдан да жиі патруль жүргізіп, екі тараптың әскери белсенділігін бақылап, кез келген оқиғаның үлкен қақтығысқа ұласпауына күш салып келеді. Сарапшылардың пікірінше, Голан жоталарындағы бүгінгі басты қауіп – соғыстың қайта басталуы емес, кездейсоқ әскери оқиғалардың өңірлік шиеленісті күшейтіп жіберуі. Сондықтан БҰҰ күштерінің әрбір әрекеті ерекше жауапкершілікті талап етеді.

Қазақстанның үшінші ұлттық контингенті
2026 жылдың мамыр айында Қазақстан Голан жоталарына құрамында 139 әскери қызметші бар үшінші ұлттық бітімгерлік контингентін жіберді. Контингентке подполковник Ілияс Алматов жетекшілік етеді. Қазіргі таңда Қазақстанның 150-ден астам әскери қызметшісі БҰҰ-ның әртүрлі жеті миссиясында қызмет атқаруда. Белгілі болғаындай, бұл– Қазақстанның БҰҰ аясындағы алғашқы толыққанды ұлттық миссиясы. Бұған дейін қазақстандық офицерлер халықаралық құрамда жеке бақылаушы ретінде қызмет еткен болса, енді еліміз өз батальонын толық құрамымен дербес басқарып отыр.
Голан жоталарындағы қызметтің күрделі екендігін айтып өттік. Қазақ жасақтары қазірті күні тәулік бойы ондаған шақырымға созылатын мобильді патрульдер жүргізеді екен. Сонымен қоса бақылау және бақылау-өткізу бекеттерін күзету, уақытша бақылау посттарын орналастыру, инженерлік барлау жұмыстарын орындаумен шұғылданады. Бұл аймақта әлі күнге дейін жарылмай қалған миналар мен өзге де қауіпті оқ-дәрілер бар болғандықтан оларды залалсыздандыру жұмыс да кәсіби әскерлерге жүктелетіні бар. БҰҰ персоналының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету, гуманитарлық колонналардың амандығына жауапты болу, керек кезінде медициналық эвакуация ұйымдастыру қызметі де осындағы бітімгерлерге жүктеледі. Сонымен қатар кез келген әскери арандату, шекарадағы атыс немесе әуе шабуылдары БҰҰ күштерінің қозғалысына әсер етеді. Сондықтан патрульдік бағыттар бірнеше рет өзгертіліп, тәуекел деңгейі күн сайын қайта бағаланады.
«qazinform.com»- сайтының хабарлауынша осыған дейін қызмет еткен Қазақстанның екінші ұлттық контингентінің жауынгерлері бір жыл ішінде қыруар жұмыс атқарыпты. Олар 798 патруль өткізіп, 56 оқу-жаттығуға қатысқан. 57 уақытша бақылау бекетін орналастырып, 63 жарылғыш затты залалсыздандырыпты. 15 БҰҰ колоннасын қауіпсіз алып жүрген.

Бізге тиер папйдасы
Бұл миссияға қатысу, әскер жіберу тек қана БҰҰ-ның толыққанды мүшесі болғандықтан арқалаған борыш емес дейді саясаттанушгылар. Мұнда ең әуелі, Қазақстан өзін бейбітшілікті қолдайтын жауапты мемлекет ретінде танытады. Екіншіден, қазақстандық әскери қызметшілер НАТО және басқа мемлекеттердің әскери бөлімдерімен бірге жұмыс істеп, халықаралық тәжірибе жинақтайды. Үшіншіден, мұндай миссиялар әскери дайындықтың сапасын арттырып, инженерлік, медициналық және логистикалық мүмкіндіктерді жетілдіруге ықпал етеді.

PS: Қақтығыстар өршіген, бірін бірі тыңдаудан қалған мынау дүбірлі дүниеде, қауіпті аймақтардың саны молайғаны анық. Қазір БҰҰ-ның бітімгершілік күштері Голан жоталарынан бөлек Ливан, Батыс Сахара, Оңтүстік Судан, Конго Демократиялық Республикасы, Орталық Африка Республикасы, Кипр, Косово, Аб’ей (Судан/Южная Судан арасы), Үндістан мен Пәкстан және Таяу Шығыстағы басқа да аймақтарда қызмет етуде. Солардың ішінде Голан жоталары – әлем картасындағы ең қауіпті әрі саяси тұрғыдан ең күрделі аймақтардың бірі болып табылады. Мұнда әрбір патруль, әрбір бақылау бекеті және әрбір инженерлік тексеру жаңа шиеленістің алдын алуға бағытталған. Осы күрделі міндетті бүгінде Қазақстанның 139 әскери қызметшісі абыроймен атқарып жүр. Олар соғысқа қатысып жатқан жоқ. Бірақ соғыстың қайта тұтанбауы үшін тәулік сайын қызмет етеді. Бұл – Қазақстан армиясының кәсіби деңгейін көрсететін маңызды көрсеткіш қана емес, еліміздің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға қосып отырған нақты үлесінің айқын дәлелі.

Ерқазы Сейтқали