ҚАЛЫҢДЫҚ. (Қазақ пен батыс дәстүрі).
Қазақтың әрбір салт-дәстүрінің астарында нәзік философия, терең тәрбиелік мән бар.
Бұл жолы қыз ұзату тойындағы қалыңдықты ортаға алып шығу рәсімі жайлы ой толғамақпын.
Бұл — шағын деталь секілді көрінгенімен, әр халықтың дүниетанымын, адамға, қыз балаға, әулетке деген көзқарасын айқындайтын, терең мәнге ие көрініс.
Қазақ дәстүрінде қалыңдықты әкесі жетектеп әкеліп, күйеу жігітке «тапсыру» әдеті болмаған. Мұндай рәсім кейінгі жылдары батыстық үлгіге еліктеудің нәтижесінде пайда болды.
Батыстағы бұл дәстүрдің астарында қызды әкенің қамқорлығынан күйеуінің қамқорлығына өткізу түсінігі бар. Әке «қызды мен өсірдім, енді сенің қолыңа тапсырамын» деген ишарамен жетектеп әкеледі.
Бұл — сырттай қарағанда әдемі көрініс. Әсерге толы сәт. Бірақ түпкі мәнінде қызды әке меншігі ретінде қарау философиясы жатыр.
Қазақ ұғымында қыз – әкенің меншігі емес, бүтіндей бір әулеттің ар-намысы, болашаққа деген үміті. Сондықтан жаңа өмірге қадам жасағалы тұрған қалыңдықты ортаға ақылшысы әрі тәлімгері — жеңгелері ибалы- инабатты, әдепті, сыпайы қалпында, аялап алып шығады.
Бұлай ету арқылы жеңгелері қызға «бидайдың барар жері – диірмен» деген халық даналығын астарлы түрде түсіндіріп, сен де өз тағдырыңның шымылдығын аштың дегенді айтпай жеткізеді.
Бұл – үлкен мәні бар тәрбиелік ишара.
Әке әлпештеп өсірген аяулы қызын еш уақытта ешкімге өзі жетектеп апарып бермейді. Өйткені әке – ең асыл қамқоршы. Оның қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген бір шоқ гүлін өзі апарып күйеу жігітке тапсыруы қазақ ұғымында әрі әдепсіздік әрі аяусыздық болып есептеледі.
Қазақ дәстүріндегі осы нәзік иірім қыздың жеке болмысын, ар-намысын бәрінен биік қояды. Бұл жерде қалыңдық – қолдан-қолға өтетін зат емес, тағдырына қадам басқан тұлға.
Ал Батыс дәстүрінде қыздың жеке мәртебесі көлеңкеде қалып, ол бір қамқоршылықтан екінші қамқоршылыққа өткен объект іспетті қабылданады.
Екі дәстүрдің бұл
айырмашылығы бізге бір шындықты аңғартады:
ДӘСТҮРДІҢ СЫРТҚЫ КӨРІНІСІН ЕМЕС, ІШКІ МАЗМҰНЫ МЕН МӘНІН түсінген абзал. Әйтпесе өзгенің әдемі дәстүрін көшіріп аламыз деп, өз болмысымыздың құнды да нәзік иірімдерін жоғалтып алуымыз ғажап емес.
Гүлмария Барманбекованың фб парақшасынан

