Көрші қос елге іріткі салған Душеновты соттау керек!

Біреулер болады, өзгенің елден ерек жақсылығын көрсе, қара тастай қатып, қайғы-мұңға батып, доңыздай дөңбекшіп, есі ауысқан жандай еліріп, күні біткендей жерініп, миы бұзылып күйреп, алас ұрады. Ақ көзденіп одырайған сорлы нені ұғады? Пенденің ұят сезімі жоғалса, оған ем қонбайды. Топастығын, зұлымдығын бүркемелеп, «жынды емеспін» деп сайрап, жауыздықтың көлеңкесінде өзгені еліктіруге тырысады. Нақұрыс адам да нақұрыс емеспін деп көсемсіп қалмай ма? Ондайлар жұртты қанша алаңдатқысы келсе де, залымдығымен өледі.

Санасы өшкенін білмейтін, өзгені іші күйіп күндейтін, қарғыс атқан қан сорғыш, жөніне қарап жүрмейтін, қақтығыс іздеп қағынатын, қатын өсектен табылатын, құнсызданып кеткен, ақиқатты танымай алжасып өткендер де босқа өмір сүрдім демейді. Қырқыстырушыға өзің залымсың деген ат тағылса да өкінбейді. Сөйте тұра атақ іздейді. Өз мазасын өзі кетіріп, бұлан-талан кейіп өкініп, меңзеңдікпен басы қатып, әзәзіл шайтани ойға батып «Русь православная» талдау агентінің директоры Константин Душенов өзінің жеке сайытында: «…Жалпы, Қазақстан тек қазақтардың елі емес», — дейді. Сонда деймін-ау, ондаған ұлыстарды ұйыстыратын, қадір халінше мұңсыз өмір сүретін Ресей, ресейліктердің елі болмаған ба? Өзінің артын өзі ашқан Душеновтыкы масқара екен. Саналы адамдар «үні өшкір, сөйлей білмей нені қоқытып жүр» деп сайқымазақ етпей ме? Қазақ жеріне қызығып тұрып, қызынып не айтқанын білмей, аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққандай болатын Душеновтың масқарасы: «Қазақстанды мемлекет деп атауға мүлдем болмайды» деп, пасық ойына шырмалып, дені сау адамша сөзін айтады. «Күншіл өтер біреудің бағын күндеп, ауырар: «Анау неге амансау жүр?» деп» дегендей, ежелгі тарихты білмегендік те сорлылық-ау. Әйтпесе, Ресей мемлекеті қай заманда құрылып еді? Соны есіне алмас па? Біздің дәуірімізге дейінгіні айтпағанда, Тоқтамыс ханның 400 мың әскері болса, әлемдегі ірі мемлекеттердің бірі емей, немене? Орск мұрағатында тұрған сақ, сармат дәуіріндегі қазақтардың тектік деректерін, бабаларымыздың алтын, күмістен жасалған түрлі бұйымдарын, қару-жарағын қарап, қоладан жасалған айнамен беті, жүзіңді көрсең, көзқарасың өзгерер ме еді? Әй, қайдам?! Тарихпен санасқысы келмейтін, жүз мың, екі жүз мың жыл өткен өмір тарихын кейбіреу түсінде де көрмес. Кесірлі сөзбен өзгенің жанын шабақтап сандырақтайтындардан мезі болады екенсің. Душеновтың миына кірген, жанын жегі құрттай кеміріп жеген қызғанышпен діңкесі құрып: «Ол (қазақ елін айтып отыр. — Т.Қ.) Ресейдің көмегімен хат таныған тайпалардың бірлестігі», — деп, бетаузы қисаймай тұлданады. Оу, жыл санауымыздың 352 жылдарынан бері қазақтар араб, парсы жазуын білгені қайда, құранды жатқа оқып жүргені қайда? Тасқа қашалып мың жарым жыл бұрын жазылған: «Мен — Білге Тоныкөк, Алтай асуын асып келдім, Ертіс өзенін кешіп келдік… Тәңірі жарылқады. Бүкіл Түркі халқына қарулы жау келтірмедім…» деген сөзін сен тасқа қашап жазып беріп пе едің, Душенов жолдас? Ежелгі қазақ жеріндегі қазбалардан табылған «Алтын адамды» әлем таныды, миы бар адам қазақ жерінде дамыған ұлттық өнерін, ғылымын, ерлігін, өндірістік жетістігін көзі жылтыраған албастыдан басқасы ұғынып, біліп отыр. Душенов жолдас, оған не айтасыз, бүкіл Ресейде ақылды екі адам болса, бірі өзім дейтіндей кеппеленіп қалма! Баяғыда бір айтқыш пілге де үретін қабаған иттерді көргенмін депті. Адам ит емес қой, өзің де талайды көрген шығарсың, жоқты-барды құйып, ізгі ниеттілерді қырылыстырып, қан шашылса айызы қанатын ит мінезді адамдар болатынын. Ғафу ет, Душенов жолдас, жазбаңда: «Сонда ғана Назарбаевтың орнына болашақта кім келсе де, 1991 жылы заңсыз алынған, орыстар қоныстанған Ресей территориясы Қазақстаннан қайтарылып, Ресей құрамына өтуі керек!» — деп не бетіңмен сайрайсың? Шекара сызығы сызылғанда көзіңе құм құйылғандай көрмей қалып, қазақ еліне жер бере салдың ба?

Заңсыз дегеннен шығады, Орынбор, Члябі, Саратов, Астрахан, Түмен, Омбы облыстары — ҚАЗАҚТЫҢ жері, оны Ресей патшалығы қандай заңға сүйеніп иеленіп алыпты, басқыншылық, қырылыспен иеленді. Оны айтпағанда, қызыл империя «сенімсіз ұлттар» деген желеумен Қиыр Шығыстан 100 мыңнан астам корейлер, Ресейдің Еділ өңірінен 361 мың немістер, Солтүстік Кавказдан 507 мың шешен-ұңғыш, қарашай-балқар, оны азсынсаң, тың игеру жылдарында мыңдаған орыс, украин, беларустарды қазақ еліне төгіп салып, жүз ұлттың зертханасына айналдырды. Сол қуғындалып келгендер ата қоныс жерін қазақ еліне арқалап келіп пе? Душенов жолдас, Қазақстанды мемлекет деп атауға болмайды деп едің, мемлекет болмаса, әлгі халықтарды бұлт үстіне қоныстандырдың ба? Есіңді жиып, қуғын-сүргін жылдарында қазақ жерінде қырылған халықтардың моласын зерделе. Сонда данышпансыған шылғи өтірік сөзіңмен кімді сендірер екенсің. Ұлылығы асқан орыс ойшылдары қырылыс аңсап, қиғылық салғың келген пиғылыңа қарап, бетіңе түкіріп жүрмесін. Өйткені, байтақ Ресейді айтпағанда, Мәскеудің өзінде 250 мың мұсылмандар тату-тәтті өмір сүргенін көпсініп, көкіп, «көсемсігенің» шовинистік жексұрын пиғыл емес пе? Басқыншылық арам пиғылың жұмыр жер алдында Ресейдің беделін түсіріп, орыстарға жаны суып, бөтенсіп қарап, «бұларға сенім жоқ» дегізбей ме? Осыны түсінбейтін түйсіксіз болғаның ба, Душенов жолдас?!

Халық даналығында «қаны қара жаман, залымның қаруы — жала» деген сөз бар. Өштік, өсекті қанжардай қайрап, көрші елдер арасында лаң салғысы келетін Душеновты халықаралық сотқа берсе артық болмас еді. Сонда жаны қалай ышқынар еді. Қазақтың мінез-құлқындағы «ит үреді, керуен көшеді» деп, зұлымдықты елеусіз қалдыра салатын әдеттен арылып, Душенов сықылдыларды кешіруге болмайды… Құзғындық пиғыл қандай жиіркенішті! Қош болыңыз, Душенов мырза, зауқың енді неге соғар екен?..

Табыл ҚҰЛИЯС