ХАДИС ПЕН ҒЫЛЫМ САБАҚТАСТЫҒЫ

Белгілі дінтанушы ғалымдардың еңбектерінде, атеистік жүйе салтанат құрған кезеңдегі коммунистердің «Құдай жоқ, әлем заттан тұрады, зат өздігінен пайда болды» деген қағидасын бүгінгі таңда дүние жүзі халықтарының арасында мойындап, жақтаушылар аз да болса баршылық екенін қынжыла айтады. Сондай-ақ, кең арналы дарияның кішкене бұлақтан бастау алатыны сияқты, қазіргі таңда осындай азғындық түсінікке иланып, соңына ерушілерге уақытында пәрменді тойтарыс берілмесе, күн сайын өз қатарларын өсіріп, қоғамға кесірін тигізуі мүмкін екендігін атап көрсеткен болатын. Міне, осындай қауіпті көрсоқыр ағымды тоқтату үшін бар әлемді жаратушы бір Алланың бар екенін көпшілікке түсіндіру қажеттігіне баса назар аударады. ХХ ғасырға дейін пенделер, жер шарының қай түкпірінде өмір сүрсе де, Алланы қандай кейіпте танымасын, жалпы «Құдай жоқ» деген наным-сенімі болмағанын да осы еңбегінде сөз етеді.

Жалпы қазіргі таңда Алла-ны танығанмен, пайғамбары Мұхаммедке (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) толық бойұсы-нуды жоққа шығаратындардың да бары анық. Ондайлар: «Мұхаммед те біз сияқты пенде. Сондықтан оның хадистерін күнделікті өмірде басшылыққа алып, амал жасаудың қажеті жоқ. Хадиске қазіргі заманауи ғылыми жетістіктерге сәйкес өзгертулер енгізу керек», – деп, өздерімен қоймай өзгелерді де адастырып жүр. Адамды дінсіздіктен, рухани азғындықтан, надандықтан емдейтін Алланың аяты мен пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадис-шәріптері. Өйткені, Құран Кәрімде, пайғамбары-мыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде өмірде кездесетін барлық амалдар мен жағдайларға егжей-тегжейлі түсінік берілген. Тіпті кейбір жағдайда ол анық, ашық түрінде емес, меңзеу, жасырын жағдайда ұсынылған. Анығын Алла біледі. «Юнус» сүресінің 90-92-аяттарында: «Исраил ұрпақтарын теңізден өткіздік. Сонда Перғауын мен оның әскерлері жауыздық, дұшпандықпен оларды қуды. Ақыры ол (Перғауын) суға батар сәтте «Исраил ұрпақтары иман келтірген тәңірден басқа Тәңір жоқтығына иман келтірдім. Мен бой ұсынушыдан болдым», – деді. «Енді ғана сендің бе? Расында сен бұрын қарсы келген бұзақылардан болған едің… Сенің кейінгіге үлгі болу үшін денеңді (жансыз мүрде) құтқарамыз. Расында адамдардың көбі аяттарымыздан хабарсыз», – дейді. 1144 жылы осы аяттарды тәпсірлеген Әз-Замахшари (Оған Алла разы болсын) өзі өлгеннен кейін сегіз ғасыр өткеннен соң Қызыл теңізден табылған перғауынның денесін көзімен көріп тұрғандай суреттеп берген. Бұл мысал Құран Кәрімнің қысқа да нұсқа аяттарын, құдіреті күшті Алла өзінің құлдарына оқтын-оқтын білдіріп, түсіндіріп тұратынының дәлелі емес пе? Олай болмағанда, Әз-Замахшари көмулі жатқан мүрдені көрмек түгіл, қай жерде жатқанын білмей суреттеп жаза алар ма еді?! Құран аяттарымен қоса, пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде баяндалған көптеген жайттар да кейінгі жылдары ғылыми тұрғыда дәлелденіп жатса, әлі де бізге беймәлім жатқан тұстары қаншама?!

Ендеше, пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистері мен сол тақырыптағы қазіргі ғылыми жаңалықтарды салыстырып қарайық. Сахаба Саубан (Оған Алла разы болсын) баяндайды: «Мен Алла елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қасында едім, иаһуди раввині келіп: «Мұхаммед! Саған тыныштық болсын», – дегенінде, мен оны қатты итергендігім сонша, ол құлап қала жаздады. Ол айғайлап: «Неге мені итересің!», – деген сауалына: «Неге пайғамбарды «Алла елшісі» деген сөзбен атамасқа?», – дедім. Сол кезде иаһуди: «Біз отбасы оны қалай атаса, солай атаймыз», – деп уәж айтты. Осы кезде Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Менің атым Мұхаммед. Отбасым мені осылай атайды», – деді. Сонда иаһуди: «Мен сенен сұрайын деп келдім», – деп келген шаруасын айтты. Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шүбәланып: «Менің жауабым саған көмектесе ме?», – деді. Ол жай тыңдайтынын жеткізді. Осыдан кейін пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қолындағы таяғымен (жерге) ноқат қойып:

 

«Сұра», – деді. Иаһуди:
– Жер мен көк басқаша болған күні, адамдар қайда болады?
– Олар өткелсіз қапаста.
– Адамдардан кім бірінші болып (өткелден) өтеді?
– Жер ауғандар мен тіленшілер.
– Олар бақшаға кірген соң, кім оларды немен өңдендіреді (жайнатады)?
– «Нуна» китінің бауырынан жасалған (тағам) үстеме.
– Олар одан соң немен қоректенеді?
– Олар үшін бау-бақшаның (Сада) жиегінде жайылған бұқа сойылады.
– Немен шөлін басады?
– Сельсабил қайнарының сусынымен.
– Сен шындықты айттың. Мен сенен жер үстінде өмір сүргендердің ішінен пайғамбарлар мен бір-екі еркектен басқа ешкім білмейтін сұрақты сұрау үшін келдім.
– Менің жауабым сені қанағаттандыра қоя ма?
– Сенің тек жауабыңды естігім келеді. Сондай-ақ, сенен бала туралы сұрауға келдім, – деген өзге дін өкіліне пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):  «Ер адамнан бөлінетін сұйықтық ақ, әйелдердікі сары, олар қосылғанда ер адамның ұры-ғы әйелден бөлінген сұйықтықтан басымдық танытса, Алланың қалауымен ер бала болады. Ал егер әйелдің сұйықтығы басым болса, онда Алланың қалауымен қыз болады», – дейді. Сонда иаһуди: «Сен шындықты айттың және сен расында пайғамбарсың», – деді де бұрылып кетті. Ал Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Менен сұраған сұрақтарының ешбірінің жауабын білмейтінмін. Сол сәтте маған Алла білгізді», – деді».

Егер біз қазіргі заманның озық технологиясы мен оның тілін жетік меңгерген ғалымдарымыздың ашқан жаңалығын пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерімен салыстырып талдасақ, ол (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ешбір технологияны пайдаланбай-ақ, оқи, жаза білмей-ақ, сол заманның асқан ғалымдарының өзі жауабын білмеген сұрақтарға нақты, дұрыс жауабын білгенін байқаймыз. Мұның бәрі пайғамбар мұғжи-заларының бірі екені даусыз. Осыған қатысты Құран Кәрімде Алла Тағала: «Жолдастарың (Мұхаммед Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адаспады да, ауытқымады және ол өз ойынан сөйлемеді. Сөйлегені көкейіне салынған уақи ғана» («Нәжім» сүресі, 2-4-аяттар), – дейді. Сөзіміз жалаң болмас үшін, ғалымдардың он төрт ғасырдан кейін Алланың білгізген білімі себеп болып, ашқан ғылыми жаңалықтарына назар аударайық. Ғалымдардың пайымдауынша, эмбрионда екі жыныс та қатар болады. Кейіндеу еркек болып туатын балада әйелдік ұрық өліп, еркектік ұрық белсенді жетіледі. Ал қыз бала болса, керісінше еркектік ұрық өліп, әйелдік ұрық белсенділік танытады. Кей жағдайда эмбриондағы ұрықтардың екеуі-нің бірі басымдық таныта алмай бірдей дамиды. Бұндай жағдайда бала хунса (қызтеке) болып туады. Аталмыш құбылыстың себебін қазіргі ғылым әлі толық біле қойған жоқ.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде: «(Өзге) пайғамбарлардан алты нәрсе арқылы артық етілдім: маған қысқа сөйлеп, көп мағына беру қасиеті дарытылды, үрей арқылы жәрдем алдым, маған олжа алу халал етілді, жер беті мен үшін таза және мешіт болды, барша халыққа жіберілдім және менімен пайғамбарлық тоқтатылды», – дейді (Мүслім). Міне, осы хадисте айтылғандай, біз, пенделер, хадистің көрінген жерін ғана шала-шарпы түсініп, сол арқылы өзімізше байлам жасаймыз. Ал айсбергтің теңіздің бетіндегі көрінген сұлбасынан, су астындағы көзге көрінбейтін бөлігінің әлденеше есе үлкендігі іспеттес, хадистің біз түсінген мағынасынан әлі түсініп білмеген мағынасының қай мөлшерде артық екенін біз біле бермейміз. Құран Кәрімнің «Нәжім» сүресіндегі: «Сөйлегені көкейіне салынған уахи ғана», – деген аятты әр уақытта есте сақтап, хадиске өзгеріс енгізу мұсылманшылықпен қабыса қоймайтынын білуіміз қажет.

Ендеше құрметті бауырлар, «пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадис-теріне өзгеріс енгізу керек» дейтін ғалымсымақтардың бос әуресіне құлақ аспағанымыз абзал. Ол үшін ғасырлар сүзгісінен өтіп, бізге жеткен Алла елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті мен хадистеріне жаңалық еңгізу түгілі, олай ойлаудың өзі Ислам құндылықтарына жат амал екенін есімізден шығармасақ болғаны.

 Ауданбай қажы АХМЕТЖАНҰЛЫ