Ізі қалған өшпестей…

Қазақстан тарихында әрбір даталар мен әрбір болған оқиғалар, жайсаң тұлғалар өз дәуірінде, өз ғасырында тарихта қалатыны бәріне аян. Тарихты жасайтын тұлға, тұлғасыз тарих болуы мүмкін емес-ті. Небір жайсаңдар, хандар, батырлар, билер, сұлтандар т.б. әр лауазымдағы жандар өз тірліктерімен яки істеген істерімен тарихта есімдері жазылып қалады. 

Неше мың жандардың бәрі айшықты істерімен, ерлікті мінезімен, батылдай жүрегімен ел үшін, халық үшін, түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай елді қорғауда, пайдалы істер тындырып, есімдері алтын әріппен тарих парақшаларында қасқайып тұрған-ды. Жә, сонау байырғы ғасырларды былай қойғанда, өткен ХХ ғасырдың еншісіне тоқталайықшы. Осы ғасыр менің пайымдауымша, маңызды ғасырлардың бірі іспеттес. Атап айтсақ, патша үкіметінің құлауы, «Алашорда» үкіметінің құрылуы, елден білікті азаматтарының шығуы, олардың билікке келуі, т.б. маңызды оқиғалардың орын алуы сынды тарихи даталардың ғасыры бұл.

ХХ ғасырда қазақ ұлтының маңдайына біткен асылдары Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, С.Сәдуақасов, М.Жұмабаев, М.Тынышбаев, С.Сейфуллин, Н.Нұрмақов, Х.Досмұхаммедов, М.Шоқай, М.Әуезов т.б. қазақ ұлтының мүддесін қорғауда, қазақ ұлтының тілі мен тағдырына бей-жай қарамай елдік тұрғыда күресіп, бірігіп «Алашорда» үкіметін құруы бәрімізге тарихтан белгілі.

Арада қаншама жылдар, уақыттар өтсе де бүгінгі таңға дейін Алаштың ақтаңгер асылдарының есімдері сүйікті халқымен бірге жасап келеді. Жасай береді де. Тарих парақшаларында шетел асып, білім алып, ертеңгі елі үшін көп оқу арқылы, ізденіп, тынбай-қоймай «Қазақ, қазақ» — деп, өткен есіл ерлердің бәрі де Қазақ үшін, ұлт үшін, мүдде үшін күресіп, жандарын пида еткендер. «Алашорда» тарихына тоқталу кету әбестік болар, дегенмен «Алашорда» үкіметінде жүріп, зұлмат жылдары білдіртпей, үн шығармастан, жасырын қызмет еткендердің бәрінің тағдырларына балта шабылып, ату жазасына кесіліп, жер аударылып, неше түрлі қиындықтың иесі болумен қатар, қуғын-сүргіннен шейіт болды…

1991 жылы еліміз Егемендігін жариялаған тұста қаншама алаш арыстарының есімі ақтала бастады. 1937-38 жж. сталиндік репрессия қазақтың кемеңгер ойшылдарын күнәға батырып, жазықсыз жапа шектірді.

Орыстың аяусыз езгісінен 70 жылға жуық қол астында айтқанына көніп, жұмсағанына төзіп, сан мәрте қиындықтарды бастан кешіріп өтті-ау есіл ерлерім!

«Алашорда» үкіметінің Батыс Қазақстан бойынша Х.Досмұхамедов, С.Меңдешов, Ж.Досмұхамедов, Т.Әлниязов, Б.Әбдірахманов,А. Абылаев. А.Қалменов т.б. белсенділері аталған үкіметке барын салып, күш-жігерлерін танытты.

         Солардың қатарында есімі көп жерде белгісіз себептермен тасада қалып келген Бақтығали (Бақтыгерей, Бах, Бақыш, деген есімдері де бар) Бисеновтің еңбектерін атаған жөн.

     Ол – қазақтан шыққан тұңғыш яки алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі. «Батыс Алашорда» үкіметінің белсенді мүшесі. Бақтыгерей —  денсаулық сақтау саласында айтарлықтай тәжірибесі мол еңбек сіңірген қайраткер тұлға.

Батыстан шыққан қазақтың алғашқы білікті дәрігерлері Х.Досмұхамедов, Б.Әбдірахманов, Ғ.Бердиев, А.Досжанова, Ғ.Есенғұлов, Б.Жанқадамов, Д.Күсепқалиев сынды тұлғалардың сапында Бақтығали Бисеновтебар еді. Атап өткен тұлғалардың бәрі ержетіп, ес білген тұстарында шетел асып, білікті университеттерде медицина саласында оқып, тәжірибе жинақтап, елге келіп нәтижелі қызмет атқарып, бірнеше жандарға ота жасап, сәтті аяқтаған құдыретті дәрігерлер. Бүгінде біздерге тарихтан Батыстан шыққан алғашқы дәрігерлердің арасынан Х.Досмұхамедовтің есімі ғана етене таныс.

Біле білсеңіз, батыстан шыққан қазақ әйелдерінің арасынан алғашқы дәрігер Аққағаз Досжанова екенін біреу білсе, біреу білмес. Ол 1914 жылы Орынбор қаласындағы әйелдер гимназиясын аяқтап, сол жылы Мәскеу медицина курсына қабылданған. 1917 жылы ақпан айында қазақ зиялыларының ұйымдастыруымен Мәскеуде татар слободасының медресесінде өткен басқосуда мұсылман елдерінің азат болуы тақырыбында баяндама оқып, екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік жасаған болатын. Сол жылы 1-8 мамыр аралағында өткен Бүкілресейлік мұсылмандар сьезіне делегат болып қатысып, онда мұсылман әйелдерінің мұң-мұқтажын жоқтап, сөз сөйлеген қазақ әйелдерінің бірі еді. Аққағаз медицина тақырыбында көптеген еңбектер жазып, «Әйел теңдігі», «Абай», «Жас азамат» т.б. әлеуметтік, жалпыұлттық тақырыптарда мақалалар жариялап тұрған. Осы мақалаларынан оның саяси ұстанымын, ұлтшыл бағытын, адами тұлғасын тануға болады. Жастайынан ұлтының тағдырына күйініп, жаны шырқырап, жүрген аяулы қыздарын қазақтың сол кездегі ел ағалары қатты құрметтеген екен. Оның университетті бітіруі қарсаңында салтанатты түрде мемлекеттік аталып өтіліп, 1922 жылғы 14 желтоқсанында Түркістандағы Орталық Азия университетінде оқып жүрген жергілікті ұлт қыздарына Аққағаз Досжанова атындағы степендия тағайындағана екен.

Сәті түсіп ақталып, енді бірі өкінішке орай, есімдері тасада қалып келе жатырған қайраткер тұлғалардың бірі жоғарғы жақта біз атап өткен Бақтыгерей Бисенов хақында еді.

Осы мақаладағы жолдарды Қазақ ұлтынан шыққан алғашқы дәрігер Бақтығали Бисеновтың өмірі мен шығармашылығына арнасақ.

Бисенов Бақтығали Батыстың кең байтақ әсем жерлерінің бірі Орал облысы, Лбішін уезіне қарасты Қызылжар болысының № 5 ауылында 1889 (кей құжаттарда 1890) дүниеге келген. Сол жердегі жергілікті орыс-қазақ мектебін бітіріп, 1901 жылы осы училищенің жоғарғы оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін қосымша сыныбын аяқтайды. Көзі ашық, көкірегі ояу, білімге деген талаптылығымен 1910 жылы Ресей жеріне қарайтын Саратов қаласындағы императорлық университеттің медицина факультетінеоқуға түседі. Бұл сол кездегі қазақ балаларының қол жетпес үлкен шыңы іспеттес еді. Ол кездері «дәрігер» мамандығы шыны керек атымен жоқ мезгілдер болатын. 1911 жылы Орынбор қаласында 8 жылдық ерлер гимназиясында латын тілін үздік бағамен меңгеріп, арада үш жыл өткенде әскери қимылдардың басталуына байланысты тоғыз семестрді мерзімінен бұрын, арнайы куәлікке ие болып, аяқтап шығады. Сонымен қатар ол орыс, неміс, француз тілдерін еркін меңгереді.  Соңғы емтиханын 1917 жылы 30 сәуір айында ойдағыдай тапсырған ол Саратов императорлық университетінің дипломына ие болады. Сол жылы ХІІІ Қызылкүлгін ауылдық дәрігерлік учаскесінде алғаш қызметін бастап, білек сыбана кірісіп, бұл жерде айтарлықтай біраз жыл жемісті еңбек етіп, халықтың алғысына бөленеді. Өжеттік қайсарлығымен көзге түскен жігіт ағасы Бақтығали Калмыков уездік денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Бақтығали қызмет еткен жылдары Калмыков уезінде 120 мыңға жуық халық тұрған. Уездің өзінде бес дәрігерлік, он фельдшерлік пункт болған екен. Осы кезеңдерде медицина әлі дамымаған, әлсіз, иен далаға жетпеген заманда әр түрлі жұқпалы аурулардың өршіп тұрған сәті. 1913 жылғы жүргізілген есептерге назар аударсақ, қазақстанда 904 медицина қызметкері тіркеліп, 244-і ғана жоғарғы білімді болғанын аңғарамыз. Бір дәрігердің көмегімен шамамен 75-100 мың тұрғын зәрулік танытқан екен. Отар халықтың медициналық қажеттілігіне патша өкіметі қаражат бөлмей, ал мұқтаждарына жылына 26 тиынға дейін қаржы қарастырылып отырған.

Өкінішке орай, азамат соғысы басталған тұста уез халқына медициналық қызмет көрсетуге көп кедергілер туындаған. Бас дәрігерлік пункт бір ғана мектеп фельдшерінің басшылығымен жұмыс істеген. Ал фельдшерлік пунктерде рота фельдшері қызмет көрсеткен. Уездің орталығындағы қалалық 25 төсектік (жататын) аурухана дәрігерсіз жұмыс істеп тұрған екен. Осының бәріне төтеп бере білген Бақтыгерей баяғы қайраттылығы арқасында еш мойымай еңбегін жетілдіре беруге бар күш-жігерін танытады. Оның Базартөбе ауылында қызыл кірпіштен 10 орындық емхана тұрғызғаны да ерлікті істердің қатарында.Соры бес елі қазақ халқын оба індеті, шешек, сүзек аурулары оңбай тұралатып, сырқаттардың ем-дом қабылдайтын емханада тазалық гигиенасын өте қатаң сақталады. Емхана жанынан монша, дәріхана, секілді әлеуметтік нысандар бой көтеріп,  1 гектар аумаққа картоп, басқа да көкөніс түрлері егіледі. Медицина ғылымынан сауатсыз бұқара халықта жұқпалы аурулардан ересектермен бірге балаларда қатты зардап шегеді.

Бақтығали жеткіншектер аққа жарыса тез оңалатынын түсініп, сауын сиырлар бағуды қолға алады. Игі іс бірден көзге ілігіп, мал шаруашылығы көрмесіне қатысқан дарынды маманға 1928 жылы Тайпақ аудандық комитеті білікті дәрігер әрі тамаша ұйымдастырушы ретінде мақтау қағазын ұсынады. Бақтығали өз ісіне адал, жауапты әрі орнықты көзбен қарайтын білікті маман болғасын қай жерлерде қиын ахуал қалыптасады, дереу сол жерге бірден-бір білікті маман ретінде көмек қолын созуға аттанады. Сөйтіп, 1924 жылдың басында Орал облысындағы Байғұтты ауруханасына басшылық етеді. Келесі жылдың қаңтарында Орал қалалық совет-партия мектебінің дәрігері, бір жылдан соң Губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің емдеу-профилактика ісі жөніндегі инспекторы болып тағайындалады.

Арада біраз жыл өткен тұста яғни 1937 жылдары Кеңес үкіметінің Сталиндік репрессиясы бастау алып, елдің мықты деген қайраткерлерін, көзі қарақты, ойы анық азаматтарын жазықсыз ату жазасына кесіп, түрмеге отырғызып, жер аударып, қуғынның әбден қиындығын көрсете бастады. «Алашорда» үкіметінің аяулы ұлдары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды ерлері жазықсыз репрессия құрбаны болды. Сол кезеңде тағдырдың тәлкегіне ұшырап, есіл ер Бақтығали да  НКВД үштігі назарына ілігеді. Жүрген жерінің бәрінде «алашорда» үкіметінің мүшелерімен тығыз қарым-қатынаста болып, белді мүшесі болуы себеп болса керек, 1937 жылдың 16 қыркүйегінде 10 жылға еңбекпен түзеу лагеріне үкім шығып, айдалады. Бірақ, қанішер кеңес үкіметінің озбырлары алты ай азаптаудан соң, ату жазасына кеседі. Амал нешік, 1938 жылы 19 ақпан айында сағат 21.15-ке қараған тұста Бақтығали жазықсыз атылады…

… Қамшының сабындай қысқа ғұмырында ел үшін, туған жер үшін, туған халқының денсаулығының жақсы болуына бар күш-жігерін жұмсап, көптеген жұқпалы аурулардың бетін қайтару үшін жан тыныштығын көрмей шапқылап, ақыры бұ жалғаннан жазықсыз өте барды… Бірақ, оның артынан өшпестей ізі қалды.

Ардақты азамат кейін 1958 жылы ақталады…

Асылдың сынығы, әкесінің мінезіне тартқан қайсар мінезді кенже қызы Роза Бисенова әкесінің мұраларымен «Алашорда» үкіметі қайраткерлерінің есімдері өз ұрпақтарымен қауыша бастаған тұста 1992 жылы айналаса бастап, іздестіріп, көптеген мәліметтерді осы күнге жеткізуге барынша күш жұмсайды. Роза әжей әкесінің зиратын іздеумен, өкінішке орай, таба алмайды.

Есіл ердің артында бес ұл, екі қызы қалады. Тұңғышы ұлы Махмуд 1941-1945 жж. Ұлы отан соғысына қатысқан екен. Одан кейінгі ұлдары жастайынан ертеректе қайтыс болады. Үлкен қызы Зейнеп «Орал» өңірі газетінде көп жыл аға корректор болып еңбек етеді. Жоғары да атап өткен, кенже қызы Роза Бақтығалиқызы ардақты әкесінің жолын жалғастырып, Қазақстанның медицина саласында айтарлықтай еңбек сіңірген ардагері. Бүгінде зейнет демалысындағы «Октябрь революциясы», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, асылдың сынығы Роза әжей өзінің ұл-қыздарынан тараған немере-шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.Еуразия Ұлттық университетімізге жиі-жиі келіп, Алаш мұраты тақырыптарында студент жастарды отаншылдыққа, патроиоттыққа баулу, өзінің қызғылықты әңгімелерін айтып жүруден еш жалықпайды.

Кенжебек СЕРЖАНҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті.