ІСТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН АНА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын» дегені есте.
Алайда кейінгі кездердегі қымбатшылық халқымызды жағадан алып тұрғаны шындық. Бұл туралы Мемлекет басшысы жақында ғана өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы, азық-түлік бірден 80 пайызға қымбаттады»,-деп айта келе бұл мәселені тез арада шешуді Үкіметке қадап тапсырды.
Міне мұндай қымбатшылық біздің аудан халқын да айналып өтпеді. Әсіресе аз қамтылған отбасылар, көп балалы аналар мен жалғызілікті жандар қиыншылыққа тап болуда. Бұл қиыншылықтан шығу үшін мемлекет тарапынан әртүрлі бағдарламалар бойынша еңбек етемін деген азаматтарға көмектің беріліп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Сондай көмектердің бірін алғандар арасында Сарыкемер ауылында тұратын, көпбалалы ана Ғалия Дәулетбаева да бар.
Ғалия 2021 жылы мамыр айында «Еңбек» бағдарламасы бойынша мемлекеттен 4 млн. 850 мың теңгені 4 пайызбен алған. Алған қаржысына  араға 2-3 ай салып, 10 жылқы сатып алады.
-”Біз ұрлық қылғанда, ай жарық болды”,- демекші, біз жеңілдетілген несие алып, оған мал сатып алғанымызда жем де, шөп те шамадан тыс қымбаттап кетті. Оның үстіне бұл маңайда жайылымдық жердің жоқтығы да көп кедергі келтірді,-дейді шаруақор ана Ғалия.
Ғалия жемшөп қымбатшылығына қарамастан алған малдарын бордақылап, қыста сатып одан табыс тапқан. Түскен қаржысына қайтадан 10 жабағы сатып алған. Бүгінде жабағыларын жолдасы Талғаттың інісі Жомарттың тау етегіндегі жайылымына бағып отыр.
-Бұл бағдарламаның тиімділігі тоқсан сайын барлық алған қаржының 4 пайызын, яғни 48500 теңгені төлеп отырамыз. Алған несиені уақытынан бұрын жабу ойымызда бар. Бүгінгі күнге төлейтін 3 млн. 880 мың теңгеміз қалды. Жалпы аталған несиенің пайдасын көріп отырмыз. Ерінбей еңбек етіп, істің көзін тапқан азаматтарға бұл үлкен көмек. Сондықтанда бізге осындай көмек қолын созған мемлекетке алғыс айтамыз,-дейді Ғалия.