Исмаил Гаспринскийге құрмет

Біз, Тәуелсіздіктің елең-алаңында Алаш тақырыбына келген зерттеушілер, бұрын айтылмаған, жарияланбаған иен мұраны көріп: «Е, құдай енді берді. Азаттықты тұғырландыратын дүние жеткілікті» деп, ойлаушы едік… Расы солай-тын. Бірақ мұраны жариялау бар да, оны түсіну мен түсіндіру бар.
Осыдан жарты жыл бұрын елорда әкімдігі Қоғамдық кеңесінде ономастикалық бір талқылау болды. Сонда егемен жылдар мектеп (әрине, қазақ мектебі емес) есігін ашқан, «орда бұзар» жасында әжептәуір қызметке тартылған жас азаматтар ұлт зиялыларының ілуде біреуін ғана білетінін байқадық. Ең сорақысы, білмегеніне қысылмай, «құрмет көрсететіндей бұлар кім?!» деп, ашық қарсы шыққанын қайтерсіз… Иә, азаттықтың 30 жылдығында, елдің төрінде… Міне, осы таным, өкінішке қарай, ресми көп мекеменің аспанында, дәлізінде, кабинеттерінде қалықтап тұр. Олардың «аспаны» мен жаңа Қазақстанның аспаны бір болмағаны қандай өкінішті…
Бұл жерде Мөңке бидің болжауын да, Асан қайғының толғауын да айтып жатпайық. Сондықтан «толеранттылық» деп жүрегіміз жарылып жүрген кезеңде Қазақстанда бір аса ірі тарихи тұлғаға құрметтің кемдігі, тіпті жоқтығы шымбайға батады. Ол тұлға — түркі дүниесінің данасы, кемеңгер қаламгері, сойы қырым-татар Исмайыл Ғаспыралы яки жалпыға белгілі есімі — Исмаил Гаспринский. Әзірше ықылас-ниет — тек отандық ғалымдар тарапынан ғана. Оның өзінде саусақпен санарлық зерттеуші…
Алаш зиялылары Исмайыл Ғаспыралыны ақылшы аға, білікті ұстаз, көрнекті мәмілегер тұтқан. «Бізге жан бітіріп, рух берген — И.Гаспринский» деп, ағынан жарылғаны да болған. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында патшалық Ресейде 20 млн түркі-мұсылман мекен еткен екен. Соның көзі ашық бөлігі бұл қайраткерді не үшін әз тұтқаны байырғы газет-журналдарда сайрап тұр.
Мұстафа Шоқайдың «Бірлік туы» газетіндегі серігі, көрнекті қаламгер Хайретдин Болғанбай қайраткер қазасына орай: «Исмағил бектің атын ұмыттырмас үшін зор игілікті істер істеу – бүкіл Русия мұсылмандарының жалпы міндеті, түрік балаларының бәріне ортақ борыш» деп жазды.
Исмаил Гаспринскийден қалған мұра шашетектен. Бірақ соның сүбелісі – 35 жыл тұрақты шыққан «Терджиман-Переводчик» газеті (1884-1918). Яғни қайраткер қайтқаннан кейін де 4 жыл жарияланып тұрған. Одан кейінгі іргелісі (мұны шығысша «тарактат» десе де, өз заманына сай «монография» десе де лайықты) – 1881 жылғы «Русское мусульманство. Мысли, заметки и наблюдения мусульманина» және 1896 жылғы «Русско-Восточное соглашение. Мысли, заметки и пожелания» атты қос еңбегі. Екеуінің де түпнұсқа-оригиналы — орысша. Құдай сәтін салып, 2013 жылы И. Гаспринскийдің осы зерттеулерін тұңғыш рет қазақ тіліне толық аударған едік. Бір бөлігі «Әлем әдебиеті» және «Ақиқат» журналдарында жарық көрді. Енді осы мұра жақында шыққан «Түркі алқасы» атты кітабымызға енді. Игі ниетті қолдаған ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, «Алашорда» қоғамдық қорына тәңір жарылқасын айтамыз.
Мұны Алаш аманаты – Тәуелсіз Қазақстанның Исмаил Гаспринскийге құрметі деуге мүдделіміз. Алла жазса, таяу жылдары Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан қалаларындағы мектептер мен көшелерге Исмайыл Ғаспыралы есімі беріледі деп үміттенеміз.
Дархан Мыңбай парақшасынан