Инвестиция игілігі: Инвесторлар өңірге көптеп ағылуда

Инвестиция ел игілігіне. Бүгінде бұл ұран дамудың даңғыл жолына түскен мемлекетіміздің басты ұранына айналды. Шынында, сырттан қаржы құю арқылы, көп тірлікті алшаң бастыруға болады. Осыны жіті түсінген мемлекетіміз инвестиция тартуды барлық өңірлерге мықтап тапсырған.

Т.Рысқұлов ауданы аумағында индустриялды-инновациялық дамыту бағдарламасы нәтижелі іске асырылуда.

2019 -2021 жылдары «Индустрияландыру картасына» немесе «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына» әлеуетті жобалар іске асыруға ұсынылатын жобалар: «Агропарк Құлан» интенсивті бақ жобасы, Құлан ауылында орналасқан 2017 жылы жұмысын бастады. Жер көлемі- 528 га. Жобаның жалпы құны 16,5 млрд. теңгені құрайды. Жылдық қуаттылығы орташа есеппен 1900 тоннаға дейін өнім беріледі деп жоспарланып, тұрақты 300 адам жұмыс жасауға арналған жоба 2020-2021 жылдары іске қосылады.

Құлан ауылында орналасқан «Шалқар» шаруа қожалығы 2017 жылдан бастап 1500 бас ірі қара малға арнап ұзындығы 100 метрлік, ені 20 метрлік 4 баздың құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Құрылыс жұмыстары 2019 жылдың екінші жартысында аяқталады. Жылдық қуаттылығы 900 тоннаға дейін ет өткізіп, 30-35 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

«BioEnergia» ЖШС биогаздық құрылымдағы 4,95 МВт электростанциясы 2020 жылы іске қосылады. Жоба құны 6 млрд. 4 млн. теңгені құрайды. Жоба іске асқан уақытта орташа есеппен 60 орындық жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Орналасқан жері-Құлан ауылы;

Ауданға әлеуетті инвесторлар тарту үшін ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін, қайта өндеп сақтайтын кешендер желісін дамыту үшін басқа да тиімді жобалар бойынша аудан әкімінің жеке сайты, басқа да ақпараттық желілер арқылы кәсіпкерлерге, инвесторларға ұсыныстар берілуде.

Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі мемлекеттік бағдарламалар бойынша аудан кәсіпкерлеріне толық мәліметтерді жеткізіп, ІІ-деңгейлі банктерге, әр түрлі қорларға сүйемелдеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

«БИЗНЕСТІҢ ЖОЛ КАРТАСЫ -2020» бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 13 сәуірдегі №301 қаулысымен бекітілген. Бағдарламаның мақсаты: Экономиканың шикізат емес секторларында өңірлік кәсіпкерліктің орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ қазіргі тұрақты жұмыс орындарын сақтап қалу және жаңаларын құру.

«БИЗНЕСТІҢ ЖОЛ КАРТАСЫ -2020» бағдарламасы бойынша 2017-2018 жылдары аудан аумағында несие алған 7 кәсіпкер 147,2 млн.теңгеге өз кәсіптерін дамытуда. Бұл жұмыс аудан аумағында өз жалғасын тауып, шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері өз қызметтері мен жұмыстарын жандандыруда.

Төлен Дедек