Хадиша театрында «Томирис» қойылымы сахналанды

 Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің  иегері Мұрат Ахмановтың 23-ші спектаклі сахналанды.

М.Ахманов – Орал театрының алғашқы ірге тасын қалаушылардың бірі. Ол бас режиссер болып тұрған сол уақытта жылына 9-10 жаңа қойылым көрерменге жол тартқан. Бұл дегеніңіз, бүгінгі шығармашылық жоспармен салыстырғанда қыруар еңбек, тамаша жетістік. Мұрат Ноянбайұлының режиссерлігімен сахналанған қойылымдар театр фестивальдерінде жүлделі орындарға ие болып отырды. Атап айтар болсақ, 1998 жылы Тараз қаласында өткен республикалық театр фестивалінде Желтоқсан оқиғасының он жылдығына орай сахналанған С.Асылбековтың «Бір түнгі оқиға» қойылымы  бас жүлдені жеңіп алған болатын. 2003 жылы ХІ республикалық театр фестивалінде театр ұжымы Иран-Ғайыптың «Махамбет» қойылымымен бірінші орынға ие болды. 2016 жылдың  22-27 қазан күндері Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халықаралық «Алаш» және тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының иегері, ақын-драматург Иранбек Әбітайұлының  «Мәңгілік елдің Алтын адамы» республикалық театрлар фестивалінде «Үздік қойылым» номинациясы бойынша «Мәңгілік елдің алтын адамы» қойылымымен Гран-При жүлдесіне ие болды. Сонымен қатар осы фестивальде Орал қаласының  әкімдігі  атынан  дайындалған «Арнайы сыйлық» «Үздік әйел адам бейнесі» актриса Н.Жұбатоваға, «Үздік режиссура» М.Ахмановқа табыс етілген. Театр жаңа ғимаратқа көшірілген тұста М.Ахмановтың режиссерлігімен сахналанған Х.Ерғалиевтің «Құрманғазы» спектаклі 9 күн қатарынан театр көрерменіне ұсынылған болатын.

 

 

Хадиша театрының жұмыс жоспарына сәйкес ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Ш.Құсайыновтың «Томирис» трагедиясын сахналау жоспарланған болатын. Тұмар патшайымның көрегендігі әлемдегі жүздеген қа­лам­герлердің, тарихшылардың шы­ғармаларында көркемдік әдіспен бейнеленді. Ал Ш.Құсайыновтың «Томирис» трагедиясының тілі нақты, қысқа және тұжырымды. Прозада кеңінен суреттелетін шындықты, көріністі драматург бір ауыз сөзбен жеткізеді. М.Ахмановтың режиссерлігімен сахналаған бұл қойылымда сақ патшайымы Томиристің  Тәуелсіздік үшін күресі, елі мен жерін сүйген, жауына қатал болған, ұлы парсы патшасы Кирге қарсы тұрып, күйеуі мен жалғыз ұлынан айырылған,  бүтіндей бір халықты басқарған Томирис патшайымның тағдыры сипатталады.

Ежелгі Сақ елінің жауынгерлері аттың қомында, желдің өтінде жүріп, елі мен жерін жаудан қорғаған. Сақ тайпасы – жалпы жауынгер, ержүрек халық. Бүкіл бір ұлттың бейнесін ашуда қойылымның қоюшы суретшісі М.Мамбетовтің режиссермен бірлесе отырып жасаған сахналық шешімдері орынды, әрі ұтымды жасаған. Сахнаның артқы жағындағы теректің тамыры арқылы түбі бір Тұран елінің тамырының тереңге жайылғанын, ұрпақ жалғастығының бар екенін көрсетті. Сахнадағы шаршыдан жасалған әйнек тақтың әр патшаның тұсында әртүрлі үлгідегі таққа айналып отыруы, әр тайпа сахнасында сол тайпаның өздеріне тән  таңбасының сахнаның жоғарғы жағынан түсірілуі, сақшылардың қолындағы қалқандарына дейін әртүрлі таңбалардың салынуы – суретшінің әр детальға мұқият мән беріп, бұл қойылымда да өзіндік қолтаңбасын қалдырғанының дәлелі.

Сақ елінің асқан ақылды, сұлу көркімен даңқы әлемге тараған Томирис патшайымының, яғни Тұмар ханымның бейнесін сомдаған Хорлан Шамелова қимылымен де, сөзімен де көрерменді тәнті етті.  Ол бірде жауына сұңқардай сұстанып, айбат шексе, енді бірде халқының азаттығын, елінің еркіндігін ойлап қамықты. Айналадағы алауыздықты жойып, ағайынды бірлікке шақырды. Образды сомдауда актрисаның әрбір қимылы, іс-әрекеті сан құбылып, дауыс ырғағы соған бейім өзгеріп отырды.

 

 

Қойылымдағы режиссердің ұтымды шешімдерінің бірі – пьеса кейіпкері Жәдігөй кемпір Елесті екі қырынан көрсетуі. Ол кейде Томиристің ішкі жан дүниесінің үндеушісі болса, басқа сахналарда әр кейіпкердің өлімін көз алдарына әкеліп отырушы /қаңқа/ кейпінде көрінеді. Осы тұста Елес рөліндегі актрисаларға /Э.Мақашева, Ж.Құрманғалиева/ артылар жүк ауыр, себебі бір адамның тым қысқа уақытта екі түрлі мінезге өзгеруі – үлкен актерлік шеберлікті талап ететін дүние.

Атмосфера – кейіпкердің тіршілік етер ортасы, жүрек лүпілі. Атмосферасыз қойылымның көркемдік шешіміне қол жеткізу мүмкін емес. Сол себепті «Томирис» қойылымы көркемдік тұтастығын жоғалтпау үшін актерлер құрамынан кәсіби шеберлікті қажет етті. Осы тұста тұтастықты сақтап қалуға, өзіне берілген кейіпкердің мінезін көременге шеберлікпен жеткізуге тырысқан актерлердің сахналары да жетерлік. Мысалы, тарихта Томириспен аты бірге аталатын Кир /Ж.Нуфтилин/ мен оның кеңесшісі Мардтың /Р.Ермек/ рөлдері арқылы  арамза билік үшін қандайда болсын лас әрекетке барудан тайынбайтын арам пиғылды адам бейнесін асқан шеберлікпен көрсете білді. Балқаш пен Томиристің ұлы Спаргапистің /А.Ихсан/ билік үшін жанталасқан, сол жолда басын тауға да, тасқа да ұрып, көсемдердің алдауына түскен аңғалдығы және Массақ көсемі, бай, билік үшін жолындағының барлығын көзсіз құртатын Ардашир /М.Бектенов/ ойындары көременнің көңілінен шықты. Балқаш /Қ.Амандықов/ пен Амага /Ж.Мамедова/ сахнасында қойылымның темпо-ритмі жоғары деңгейге көтерілді, нақты дауыс ырғағы, еркін қойылған мезансцена бұл көріністің сәтті шығуына септігін тигізді. Спектакльдің әр сахнасында тайпа көсемдері /А.Жарылғапов, Т.Матаев, Н.Сейтмаханбетов, Ж.Заев/ ел тізгіндеген жаңа патшайымды тақтан құлатуды армандап, Спаргаписті арандатып, түрлі қитұрқы істерді ойластыру екенін терең ұғынып, әр қимыл-әрекеттерімен, мысқыл, кекесін күлкілерімен білдіре отырып, қойылымның ырғағын жоғалтпай, әдемі актерлік ансамблін құра білді. Бұның барлығы, сайып келгенде, актерлердің тынымсыз еңбегі мен режиссердің қойылымды қазіргі күнмен үндестіре білуінің нәтижесі.

Ойымызды жинақтай келгенде, режиссер М.Ахманов бұл қойылымды қою арқылы Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының репертуарын тағы бір тарихи туындымен толықтырды.  Қойылым көрерменге «Отан үшін, жер үшін жарынан айырылған, жалғыз ұлын құрбандыққа қиған Тұмар патшайымның қай­сарлығы қазыргі адамдардың бойынан табыла ма?», «Таластық  пен бақталастық, байлыққа таласу деген Томиристің кезінен келе жатқан мәселелерге тоқтау бола ма?»  деген сұрақтармен ой салады. Ендеше, аталмыш тәуелсіздік жайлы тарихи қойылымның фестивальдерде жүлделі орын алуына тілекшіміз. «Томирис» қойылымының сахнадағы ғұмыры ұзақ боларына сенімдіміз.

 

Алия ШАКУОВА,

театртанушы, Х.Бөкеева атындағы облыстық

қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі