БЕРЕКЕ – БІРЛІГІ БАРҒА КЕЛЕДІ

Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Иә, осы бір ауыз «Тәуелсіздік» деген сөз көңіліңді көкке жеткізеді, мерейіңді тасытады, шабытыңды шалқытады. Ынтымақты – ұран, татулықты – ту еткен осы уақыт аралығында толағай табыстарға қол жеткіздік. Тарихтан алар тәлім мол. Біз өткенімізге құрметпен, болашағымызға сеніммен қарайтын халықпыз. Тәуелсіздіктің арқасында қоғамдық-саяси өмірде де, экономикада түбегейлі реформалар жасалды. Ұлт көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген басшылығымен, Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың салиқалы саясатымен бүгінде Қазақстан қатардағы елден Орта Азия аймағындағы көшбасшы мемлекетке айналды. Зайырлы, құқықтық-демократиялық іргетасы берік мемлекеттер шоғырына қосылды.

 

 

Қазіргі таңда Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы өтпелі кезең қиыншылықтары артта қалып, жаңа буын кәсіпкерлер нарықтық экономиканың қыр-сырын жіті меңгеріп, кәсіптерін білгірлікпен өрге бастыруда. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар мен көмектерді мақсатты пайдаланып, алтын бесік – ауылдың гүлденуіне өз үлестерін қосуда. Бұған ауданда атқарылып жатқан ауқымды істер өмірге етене еніп,  ел игілігіне айналған мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерде жүзеге асырылуы толық дәлел бола алады.

 

 

Тәуелсіздік алған күннен бергі уақыт бедерінде қол жеткен жетістіктерімізді ой-елегінен өткізіп, зерделейтін болсақ, кеңбайтақ республикамыздағы секілді біздің ауданымызда жыл санап өркендеп, өрге басып келе жатқандығы тайға таңба басқандай көрініп тұр. Аудандағы тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі жетістік, ол – маң даланың қайта малға толып, өндірістік өңірге айналғаны. Әсіресе, үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының қабылданып, жедел нақты іс-жүзіне асырыла бастауы өңіріміздің дамуына соны серпін берді. Соның арқасында ауданымыз аумағында да бірқатар инвестициялық бірегей ірі жобалар қолға алынды. Шетелдерден көптен инвестиция тартудың нәтижесінде алтынға, малға бай Мойынқұм өндірісі өркендеген өңірге айнала бастады. Франциядағы әлемнің 11 елінде цемент өндіретін зауыттары жұмыс жасайтын «VICAT» тобы компаниясының таңдауы басқа емес, ауданымыздың аумағына түсуі жайдан жай емес. Аталған компания ауданды сенімді әріптес ретінде таныды. Мойынқұм тоғыз жолдың түйіскен торабы, шикізаттың қоры мол әрі инвестициялық ахуалы да қолайлы. Мыңарал ауылының іргесінде «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС-ның Мыңарал цемент зауыты бой көтерді. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылдың маусымында телекөпір арқылы салтанатты түрде ашып, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының өңірдегі алғашқы қарлығашы деп атап өткен болатын.

 

 

Жалпы құны 34,9 млрд. теңгені құрайтын, жылдық қуаты 1,2 млн. тонна цемент өндіруге есептелген бұл нысан бүгінде облыстағы ірі кәсіпорындардың біріне айналып отыр. Зауыт өнімінің көлемі жылдан-жылға өсу үстінде. Мұнда цемент өндіру ісіне 222 адам жұмылдырылып отыр. Кәсіпорынның басқа да жұмыстарына 36-дан астам адам тартылған. Жалпы ауданымызда 2010-2014 жылдары аймақтық индустрияландыру картасына жалпы құны 51,9 млрд. теңгені құрайтын 4 жоба енгізілген. Оның бірі – «Ақбақай алтын алу фабрикасын қайта жаңарту» жобасы. Оның кезіндегі «Ақбақай кен байыту комбинаты», қазіргі «Алтыналмас АҚ-ның» Ақбақай филиалы жүзеге асырды. Бұл кәсіпорын бастапқы кездері мемлекеттің алтын қорын жылына 200 килограмм алтынмен толтырған болса, енді жылына 1500 килограмға дейін алтын өндіру әлеуетіне ие. Бұл жобаның тұсауы 2011 жылдың маусым айында кесілді. Жалпы жоғарыда аталған кәсіпорындар жергілікті қазынаға қомақты көлемде салық төлемдерін аудару арқылы ауданның экономикалық-әлеуметтік жағдайы жақсаруына да өзіндік үлестерін қосуда. Мекемелер мен жеке азаматтарға қайырымдылық шаралары мен демеушілік көмектер де көрсетеді. Аудан халқын жұмыспен қамтып, жұмыссыздық деңгейі төмендетуіне де зор ықпал етуде. Мойынқұм өнірінің жер асты байлығы ұшан-теңіз. Менделеев кестесіндегі элементтердің бірталайы кездеседі. Ауданда гранит тасын өндіру мен өңдеумен 2010 жылы алғашқы өнімін шығарған «Альбасар» мен «Оргстрой» ЖШС-тері айналысады. Граниттен бордюр, брусчатка секілді құрылысқа қажетті алуан түрлі өнімдер өндіріліп, өнделеді. Осы гранит еліміздің өңірлерінде бой көтеріп жатқан зәуілім ғимараттар мен Нұр-Сұлтан қаласындағы ЭКСПО  қалашығының құрылысына пайдаланылды. Хантау цемент зауыты да тәуелсіздік жылдары іске қосылған. Онда жылына 500 мың тонна цемент өндіріледі. Зауыт 8,2 млрд. теңгенің заманауи технологияларымен жарақтандырылған. Мұнда негізінен құрылыста кеңінен пайдаланылатын жоғары сапалы М-400, Д-20, М-500, ДО цементтерін шығарды. 300 адамды жұмыспен қамтыған кәсіпорын қазіргі кезде жұмысты тоқтатып тұр.  2015-2016 жылдары аймақтың индустриаландыру  картасына 2,542 миллион теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба енгізілген болатын. Оның ішінде мырыш және қорғасын концентратын өңдеу, сульфат натрийі мен техникалық тұз, гранит өндіру жобаларының болашағы зор. Мыңарал ауылында ашылған балық өңдеу зауыты да бүгінде өз жұмысын жандандыру үстінде. Мұнда жылына 1,5 тонна балық өнімдері өндіріледі. Зауытта 62 адам жұмыс істейді.

 

 

Кеңестік дәуір кезінде мал өсірумен аты шыққан ауданымыз нарық заңының қатал қыспағына қарамастан өрісімізді қайтадан төрт түлік малға толтыру бағытында едәуір жұмыстар атқарылды. Ең бастысы – ата кәсіп мал шаруашылығын дамыту ісіне ден қойған кәсіпкерлеріміздің қатары көбейді. Оларға мемлекет тарапынан да қолдаулар аз көрсетіліп жатқан жоқ. Ауданда төрт түліктің барлық түрі бойынша   айтарлықтай өсім байқалуда. Бүгінде мүйізді ірі қара 51843, қой-ешкі 193 739, жылқы 9501, түйе 1574 басқа жетті. Мал санының өсуіне «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» мемлекеттік бағдарламаларының ықпалы айрықша елеулі болып тұр. Мұндай мүмкіндікті халықта мүлт жібермей пайдалануда. Ауданымызда ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту ісіде жандана түсті. «Агрофирма Түрікпен»  ЖШС «Құлан» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы қомақты несие алып, мал шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмысын ұтымды жүргізіп отыр. Бүгінде серіктестік иелігінде 6584 қалмақ тұқымды мүйізді ірі қара, 310 жылқы бар. Егін шаруашылығын дамытуда елеулі жұмыстар атқарылды. Жекеменшік иелегіндегі каналдар мемлекет меншігіне қайтарылып алынды. Сонын нәтижесінде оларды мемлекет есебінен ашу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Қазір Айдарлы, Бірлік, Биназар, А.Назарбеков, Көкжелек, Күшаман ауылдарының диқандары соңғы үш жыл көлемінде жүгері, арпа, жоңышқа, бақша дақылдарын егіп, одан мол өнім алуға қол жеткізіп келеді. Айдарлы, Бірлік, Күшаман ауылдарында жаңа қырман салынды. Айдарлы, Бірлік ауылдарында жаңадан өндірістік кооператив құрылып, пайызы төмен несиенің есебінен ауыл шаруашылығы техникалары алынды.

 

 

Ауданның білім саласында да атқарылған іс көп-ақ. Оқушылар оқулықпен жүз пайыз қамтылған. Оқушыларымыз республикалық, облыстық байқаулармен пән олимпиадаларында жүлделі орындардан көрініп жүр. Бұл олардың алаңсыз білім алуына толықтай жағдай жасалынып, мектептердің жылма-жыл жаңа модификациялық  кабинеттермен жабдықталуының да жемісі. 1991-2021 жылдары аралығында аудан бойынша 19 мектеп лингофонды мультимедиялық,  15 мектеп биология, 18 мектеп химия, 10 мектеп физика кабинеттермен жабдықталды. 1991-2021 жылдары аралығында аудан бойынша 4 мектеп 9 балабақша жаңадан салынды. Аудан бойынша 45 білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Оның ішінде 21 орта, 2 негізгі, 1 бастауыш мектеп, 15 балабақша, 15 мектептен тыс мекемелер, 1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті бар. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары өткір мәселеге айналған тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету жайы мемлекеттік «Ауыз су», «Ақбұлақ» бағдарламалары арқылы жыл өткен сайын оң шешімін тауып келеді. Отыз жылдың ішінде Мойынқұм, Бірлік, Айдарлы, Биназар, Күшаман, Жамбыл, Қылышбай, Ұланбел, Мирный, Шығанақ, Мыңарал ауылдары мен Мыңарал стансасына су құбыры жүргізілді. Аудан бойынша 24 ауылдың 17-сі ауыз сумен қамтамасыз етілген. Жобалық құны 1 млрд. 483,3 миллион теңге болатын «Ақсүйек ауылын сумен жабдықтау және тарату құрылысы» нысаны құрылысына жобалық сметалық құжаттамалары әзірленіп, жобаны қаржыландыру бойынша облыстық энергетика басқармасына бюджеттік өтінім өткізілді. Сонымен қатар Ақбақай, Көкжелек, Хантау ауылдарының магистралдық және сумен жабдықтау желілерінің құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге және мемлекеттік сараптамадан өткізуге 31,1 млн. теңге қаражат қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы тапсырыс берілді.

 

 

Биылғы жылы мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Қарабөгет-Сарыөзек» ауылдарын сумен жабдықтау және су тарату құрылысы» нысаны бойынша республикалық және облыстық бюджеттерден 742,9 млн. теңге қаражат бөлініп, жұмыстары басталды. Аудан бюджетінен Мойынқұм  ауылы ішіндегі ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына 100,0 млн. Айдарлы ауылында осы бағыттағы жұмыстарды жүргізуге 53,0 млн. теңге қаралып, жұмыстары жүргізілуде.

 

 

Ағымдағы жылы Қылышбай ауылындағы ауыз судың ащы болуына байланысты мембраналық қондырғы орнатуға аудандық бюджеттен 25,7 млн. теңге қаржы бөлінді.

Жол жөндеу бойынша да отыз жыл ішінде  талай іс атқарылды. Бірлік-Ұланбел, Бірлік-Бурылбайтал автожолдары күрделі жөндеуден өткізілді. Барлық ауылдарға кіретін кіреберіс жолдары асфальтталды.  Үстіміздегі жылы Бірлік ауылында 10 көше, Биназарда 3 көше, Мыңаралда 2 көше, Қылышбайда 3 көше, Қарабөгетте 2 көшеге, жалпы аудан бойынша 20 көшеге  орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

 

 

Кез келген мемлекетте басты байлық адам капиталы болып саналады. Сондықтан адам денсаулығының мықты болуы ел экономикасындағы негізгі мүдделердің бірі. Отыз жыл ішінде аудандағы барлық медициналық орындардың жедел-жәрдем көліктері жаңартылып, мойынқұмдықтардың өмір сүру сапасын арттырып, науқастарды емдеп, профилактикалық тексеруден өткізу үшін соңғы үлгідегі медициналық аппараттар алынды.

Мәдениет саласында да көңілге қонымды жұмыстар баршылық. Тоқырау жылдары қара құлып ілінген ауылдардағы мәдени ошақтардың есігі  бүгінде айқара ашық. Аудан бойынша 18 клуб мекемесі жұмыс істеуде.  Кітапханалар жүйесі де жыл өткен сайын жаңарып, кітап қоры көбеюде. Бүгінде  қорында 268 311 кітабы бар  20 кітапхана жұмыс істейді.

 

 

Мақалада келтірілген мәліметтер Тәуелсіздік алған отыз жыл аралығында ауданымыздың қол жеткен жетістіктерінің бір парасы  ғана. Әрине, ауданымыздың дамуы жолында атқарылатын шаруалар әлі де аз емес.

Тәуелсіздік – біздің ұрпақ үшін үлкен бақыт, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейін барлық жетістіктерімізге, Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Отыз жыл ішінде елдің әл-ауқаты көтеріліп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілімізді жаңғырту ісінде де қыруар жұмыстар жасалды. Елімізде білім, ғылым, денсаулық, спорт салалары айрықша даму үстінде. Мұны – Тәуелсіздіктің жеңісі деп толық сеніммен айта аламыз. Аудан халқы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын ең үлкен мереке деп санайды. Тәуелсіздік тарихы елеулі оқиғалармен, табысты жобалармен, жеңісті жолдармен толығып жатқан мейманасы тасыған киелі Мойынқұм өңірінің мемлекетке берер сыйы, Тәуелсіздікке тартуы әлі де мол екеніне сенімім мол.  Мемлекетіміз мығым, елдігіміз еңселі болсын.  Тәуелсіздігіміз тұғырлы мәңгі болғай.

Жолдыбай Дәметов- «Мойынқұм таңы» газетінің тілшісі